• Чт. Авг 28th, 2025
Популярные метки

ШЫМКЕНТТЕ АЛАЯҚТЫҚ ПЕН ҰРЛЫҚ ҚЫЛМЫСТАРЫ: ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫ ЕСКЕРТУ ЖАСАДЫ

Автор:admin

Авг 27, 2025
Өткен аптада Шымкентте тергеу органдары 181 қылмыстық істі тіркеді, оның 11-і сотқа жолданды. Ең көп кездесетін қылмыстар қатарында алаяқтық (43 іс), ұрлық (28 іс), есірткінің заңсыз айналымы (12 іс), тонау (10 іс) және жол-көлік оқиғаларына қатысты істер (9 іс) бар.
Алаяқтықтың басым бөлігі — интернет-алаяқтық (29 іс). Оның негізгі тәсілдері: тауарларды желіде жарнамалау (14), инвестиция арқылы ақша көбейту туралы жалған ұсыныстар (2), банк, байланыс операторы және мемлекеттік қызметкерлер атынан жасалған жалған қоңыраулар (11), сондай-ақ несие рәсімдеу (2). Мысалы, өткен аптада «С» есімді азаматшаға банк қауіпсіздік қызметкері ретінде өзін таныстырған алаяқ 2,7 млн теңгені заңсыз иемденді. Қазіргі кезде бұл іс бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Қала тұрғындары мен қонақтарына алаяқтардың арбауынан сақ болуды, күмәнді қоңыраулар түскен жағдайда өз банктерінің сенім телефондарына қайта хабарласуды ескертеміз.
Сонымен қатар, қалта ұрлықтары мен ұялы телефон ұрлықтарының саны артқан. Мысалы, 1 маусымда орталық парк аумағында белгісіз адам бала арбасынан ұялы телефонды ұрлап кеткен. Қалта ұрлықтары көбіне базарлар мен қоғамдық көліктерде, сондай-ақ көпшілік жиналатын мерекелік іс-шараларда орын алады. Сондықтан құнды заттарды көпшілік орындарда сақтықпен ұстау қажеттігі туралы ескерту жасалады.
Есірткі заңсыз айналымына қатысты да жағдай ушығып тұр. Өткен аптада ұсталған 11 адамның басым бөлігі – жұмыссыз жастар (18-60 жас аралығы). Көбіне есірткі тасымалдаушылар ретінде курьерлер анықталуда. Жастарды әлеуметтік желілердегі күмәнді жарнамаларға сеніп, есірткі тасымалдауға араласпауға шақырамыз.
Қалада жол-көлік оқиғалары да көбейіп, жәбірленушілер саны өсуде. Бұл көбінесе жүргізушілердің жылдамдықты арттыруы, ұялы телефонға алаңдауы салдарынан болады. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерлерден өтуі, кәмелетке толмағандардың жол ережесін сақтамай скутер мен самокат басқаруы, алкогольдік масаң күйдегі жүргізушілердің әрекеті жол апаттарының себебі болып отыр.
Осыған байланысты қала тұрғындарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Ата-аналарға балалардың қауіпсіздігі үшін жылдамдықты жоғары самокаттар мен скутерлерді пайдалануға тыйым салуды ескертеміз. Бұл шаралар қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *