2025 жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтойға орай еліміздің әр аймағында түрлі іс-шаралар өткізіліп, сала мамандарының еңбегін құрметтеуге арналған бастамалар қолға алынуда. Соның бірі – Шымкент қаласында жүзеге асқан ерекше жоба.
Қаланың сәулеттік бейнесін жаңа реңмен толықтырған бұл арт-нысан – көпқабатты тұрғын үйдің қасбетіне салынған ауқымды мурал. Туынданың атауы – «Ар-намыс пен борыш – Отан қызметінде!» деп аталады. Бұл туынды төтенше жағдайлар қызметкерлерінің ерен еңбегін, олардың қайсар рухы мен Отан алдындағы адал борышын көркем тілмен бейнелейтін көрнекі символға айналды.
Муралда күнделікті қызметінде азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін күресіп жүрген құтқарушылар, өрт сөндірушілер мен азаматтық қорғау саласының басқа да мамандарының бейнесі көрініс тапқан. Әсерлі түстермен және заманауи көркемдік тәсілдермен салынған композиция көрерменге батылдық, ерлік және жанқиярлық рухын сезіндіреді.
Шығарманың жалпы аумағы 200 шаршы метрді құрайды. Бұл тек көлемімен емес, мағынасы мен мазмұнымен де ерекшеленетін туынды. Жобаны жүзеге асыру Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен, Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен қолға алынды. Қала басшылығы бұл идеяны қолдап, қоғам назарын маңызды әрі тәуекелге толы мамандық иелеріне аударуға септігін тигізді.
Қазіргі таңда мурал қала тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын тудырып, әлеуметтік желілерде кеңінен таралуда. Бұл тек көркем өнер нысаны ғана емес, сонымен қатар қоғамға берілетін маңызды ой мен өнегенің бейнесі. Төтенше жағдайлар қызметінің күрделі әрі қаупі мол жұмысы әрдайым назарда болуы тиіс, ал осындай жобалар арқылы олардың еңбегі кең жұртшылыққа жетіп, шынайы бағасын алады.
Мурал – бұл өткенді еске алу мен болашаққа бағдар беретін мәдени-рухани көпір. Ол төтенше жағдайлар қызметінің 30 жылдық тарихын ұлықтап қана қоймай, бүгінгі таңда ел тыныштығы мен азаматтардың амандығы үшін жанын шүберекке түйіп жүрген мамандарға деген ризашылықтың көрінісі. Сонымен қатар, бұл туынды жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің бірегей құралына айналады деп күтілуде.
Жобаны іске асыруға кәсіби суретшілер мен дизайнерлер атсалысып, шығармашылық топ бірнеше апта бойы тынымсыз еңбек етті. Олар тек көркем бейнелермен шектелмей, композиция арқылы қоғаммен үнсіз диалог орнатып, адамдардың жүрегіне жол табуға тырысты.
«Ар-намыс пен борыш – Отан қызметінде!» атты мурал – тек бейнелеу өнері емес, бұл – азаматтық қорғау саласы қызметкерлерінің абыройын арттырып, олардың ерлігін мәңгі есте қалдыруға бағытталған символдық құрмет. Бұл бастама басқа өңірлерге де үлгі болары сөзсіз.