• Вт. Сен 9th, 2025
Популярные метки

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА «ТАЗА ҚАЛА» ЖАЛПЫ ҚАЛАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Автор:admin

Авг 18, 2025

Шымкент қаласында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында кезекті «Таза қала» жалпы қалалық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелері, аудан әкімдіктері, коммуналдық мекемелер қызметкерлері, қала тұрғындары мен еріктілер қатысты.
Әл-Фараби ауданында өткізілген шараға жалпы 335 адам мен 22 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 27 тонна қоқыс шығарылды. Жұмыстар барысында қураған ағаштар мен бұтақтар кесіліп, шөп шабу, қоқыс алаңшаларын жуу, жолдар мен аяқжолдарды тазалау жұмыстары жүргізілді.
Тұран ауданында тазалық жұмыстарына 426 адам мен 36 техника тартылып, 18,3 тонна қоқыс шығарылды. Іс-шарада жасыл желектерді күтіп-баптау, қураған ағаштар мен бұталарды кесу, сондай-ақ аумақтарды қоқыстан тазарту жұмыстары атқарылды.
Абай ауданында ұйымдастырылған жұмыстарға 400 адам мен 15 техника жұмылдырылып, 42 тонна қоқыс шығарылды. Акция барысында қураған ағаштар алынып, шөп шабу жұмыстары жүргізілді, аумақтарда санитарлық тазалық жұмыстары атқарылды.
Одан бөлектер, тазалық іс-шарасы барысында аудан аумақтарында жасыл желектерді күтіп-баптау, жолдар мен аяқжолдарды жуу, қоқыс алаңшаларын ретке келтіру секілді өзге де жұмыстар атқарылды.
«Таза қала» жалпы қалалық акциясы қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға, сондай-ақ қала келбетін көркейтуге бағытталған.
Аталған акция тұрғындар арасында қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға үлкен серпін беруде. Жыл өткен сайын мұндай сенбіліктерге қатысушылар саны артып келеді. Бұл қала тұрғындарының тазалық пен тәртіпке деген көзқарасының өзгеріп келе жатқанын, экологиялық сана-сезімнің күшейіп жатқанын көрсетеді.
Қала әкімдігі тарапынан бұл бастама алдағы уақытта да жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады. Себебі тұрақты экологиялық мәдениет тек бір реттік шаралармен емес, үздіксіз жұмыс пен қоғамдық қатысудың арқасында қалыптасады. Бұл тұрғыда барлық аудан әкімдіктері мен коммуналдық қызметтердің, сонымен қатар еріктілердің үлесі зор.
«Таза қала» акциясы — бұл тек тазалық жұмыстары ғана емес, бірлігі жарасқан қоғамның ортақ іске жұмылуының жарқын көрінісі. Көшелер мен аулаларды тазартумен қатар, бұл шара аға буын мен жастарды, мемлекеттік мекемелер мен тұрғындарды ортақ мүдде үшін біріктіреді. Осылайша, сенбіліктер экологиялық тәрбие құралына айналып отыр.
Болашақта бұл бастамаға жеке сектор мен кәсіпкерлерді кеңінен тарту да көзделіп отыр. Қоғамдық орындарды күтіп ұстау, абаттандыру жұмыстарына бизнес өкілдері де белсенді араласса, қаланың жалпы көрінісі жаңа деңгейге көтеріледі. Тұрғындардың өз аулаларына, көшелеріне, жалпы қоршаған ортаға деген ұқыпты көзқарасы қалыптасып, бұл күнделікті мәдениетке айналмақ.
Қала басшылығы тазалық мәдениеті — тек коммуналдық қызметтің ғана емес, әр тұрғынның жауапкершілігі екенін ерекше атап өтуде. Себебі таза қала — жайлы өмірдің, денсаулықтың, әрі жоғары өмір сапасының кепілі.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *