2025 жылғы 16 тамыз күні Шымкент қаласының аумағында «Таза қала» атауымен жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Аталған іс-шара санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қаланы абаттандыру мақсатында өткізілді.
Сенбілікке қала әкімдігінің басқармалары мен құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері, аудан әкімдіктерінің мамандары, коммуналдық қызмет өкілдері, еріктілер мен қала тұрғындары қатысты. Шара барысында аулалар мен көшелер, саябақтар мен өзендер маңы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, қураған ағаштар мен бұтақтар кесілді, шөп шабу және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Қаратау ауданы аумағында 440 қызметкер мен 25 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 46,9 тонна қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарға 240 адам мен коммуналдық қызмет жұмысшылары тартылды.
Еңбекші ауданындағы тазалық жұмыстарына 400-ден астам адам мен 33 техника қатысып, кең көлемді санитарлық жұмыстар жүзеге асырылды. Ал Абай ауданында 500-ге жуық адам мен 15 техника жұмылдырылып, қураған бұтақтарды кесу, шөп шабу, көшелерді тазалау жұмыстары ұйымдастырылды.
Аталған шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл бастама қала тұрғындарының санитарлық-экологиялық мәдениетін арттыруға, сондай-ақ, Шымкент қаласының көркеюіне оң ықпал етуде.
Қаланың тазалығы – баршаға ортақ жауапкершілік. Сенбілікке қатысқан ардагерлер, жастар және белсенді азаматтар бұл бастамаға үнемі қолдау білдіріп келеді. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Сонымен қатар, сенбіліктер тек тазалықпен шектелмей, тұрғындар арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың да тиімді жолы саналады. Бірлесіп еңбек ету арқылы адамдар өз ортасына деген жанашырлығын танытып, туған қаласына деген сүйіспеншілігін нақты әрекетпен білдіреді. Бұл — ұрпаққа өнеге, үлгі болатын игі бастама.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру – ұзақ мерзімді мақсат. Ол тек билік органдарының емес, әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Қала аумағын таза ұстау, қоқысты белгіленген орындарға тастау, жасыл аймақтарды сақтау – осының бәрі қарапайым әрі қолжетімді әрекеттер. Сол себепті, әр тұрғын өз әрекетімен өзгелерге үлгі көрсетіп, қоршаған ортаға ұқыптылықпен қараса, Шымкент қаласы экологиялық тұрғыда таза әрі жайлы ортаға айналмақ.
Алдағы уақытта да «Таза қала» сияқты сенбіліктердің жиі өткізіліп тұруы, әсіресе жастардың белсенді қатысуымен жалғасуы – бұл экологиялық тұрақтылыққа бастайтын сенімді жол. Себебі таза орта – дені сау ұрпақтың, жайлы өмір сүрудің кепілі. Қаламыздың әрбір көшесі, ауласы, саябағы таза әрі көрікті болуы үшін әрбір шымкенттік өзінің үлесін қосуы қажет.
