Шымкент қаласында жаз мезгілі — күннің қатты ысуымен қатар, тағам өнімдерінің бұзылу қаупі артатын кезең. Осыған байланысты қаладағы қоғамдық тамақтану орындарында, азық-түлік өнімдерін өндіретін, сақтайтын және сататын кәсіпкерлік нысандарда тағамнан улану жағдайларының алдын алу — өзекті мәселе болып отыр.
Эпидемиологиялық маңызы жоғары мұндай нысандарға санитариялық талаптардың сақталуы ерекше бақылауға алынып, тексерулер күшейтілуде. Бұл талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолданыстағы санитариялық қағидаларына сәйкес белгіленген және орындау міндетті болып табылады.
Мысалы, нысандарда мынадай негізгі санитариялық шарттардың орындалуы қатаң бақыланады:
— Сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуі және орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған болуы;
— Желдету және табиғи/жасанды жарықтандырудың жеткілікті болуы;
— Қалдықтарды уақытылы жинау мен жоюға арналған арнайы алаңдардың жабдықталуы;
— Қызметкерлердің арнайы санитариялық киіммен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуі;
— Тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзімі мен шығу тегі көрсетілген ілеспе құжаттарының болуы;
— Медициналық тексеруден өту кестесінің сақталуы.
Тағам дайындау кезінде өнімдердің айқаспалы ластануына жол бермеу — басты қағидалардың бірі. Ол үшін шикізат пен дайын тағамдармен жұмыс істеу барысында жеке бөлшектеу мүкәммалдары (тақта, пышақ, ыдыс т.б.) қолданылады. Сонымен қатар, өндірістік орындарда бактерицидтік шамдармен жабдықталу, жұмысшылардың күнделікті медициналық бақылаудан өтіп отыруы, қол жууға арналған арнайы орындардың болуы — тағам қауіпсіздігінің кепілі.
Тағамнан улану — көп жағдайда санитариялық талаптардың сақталмауынан орын алады. Оның салдары өте ауыр болуы мүмкін — балалар мен қарттар арасында асқыну жағдайлары жиі кездеседі. Сондықтан тұрғындарға да сақтық шараларын ұстану, белгісіз орындардан дайын тағам алмау, жарамдылық мерзіміне назар аудару ұсынылады.
Қоғамдық денсаулықты сақтау — баршамыздың ортақ міндетіміз.
