Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы іске асырылған жылдары репродуктивті денсаулық жағдайын жақсарту айтарлықтай алға ілгеріледі.
Қазақстан БҰҰ-ның мыңжылдықтың даму мақсаттарына мерзімінен бұрын қол жеткізді: елде аналардың өлім-жітім көрсеткіші 3,7 есеге (100 000 тірі туғандарға шаққанда 2006 жылы 45,6 болса, ал 2015 жылы 12,3 болды), балалар өлім-жітімі – 1,5 есеге (1000 туғандарға шаққанда 2006 жылы 13,9 болса, ал 2015 жылы 9,4 болды) азайды. Тегін медициналық қызметтің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне сүт безінің қатерлі ісігін ерте анықтау скринингі қызметі қосылды.
“Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы” 2009 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Заңы өмірлік қиын жағдайларға ұшыраған адамдар мен отбасыларға көрсетілетін қызметтер ауқымын айтарлықтай кеңейтті.
Тегін медициналық-әлеуметтік, құқықтық және әлеуметтік-психологиялық қызметтер мүгедектігі бар отбасы мүшелеріне, әлеуметтік мәні бар ауруға ұшырағандарға, бас бостандығын айыру орындарынан босап шыққан адамдарға, зорлық-зомбылық құрбандарына, жалғызбасты қарт адамдарға көрсетіледі.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасында белгілі бір прогреске қол жеткізілді. “Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы” 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.
Елде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер құрылды (247 аудандық ішкі істер бөлімінің ішінен 133-де әйелдер мен балалар істері жөніндегі инспектор лауазымы штатқа енгізілді). Үйдегі зорлық-зомбылық құрбандары пайдаланған қорғау ұйғарымдарының саны жылдан-жылға өсуде.
Қазақстанның барлық өңірінде зорлық-зомбылық құрбандарына тегін медициналық-әлеуметтік, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-психологиялық қызметтер, сондай-ақ уақытша баспана беру қызметтері көрсетілетін 28 дағдарыс орталығы жұмыс істеуде (17-сінде баспаналар бар), ал 2006 жылы 10 өңірде ғана 24 орталық жұмыс істеген болатын. Жыл сайын барлық өңірде “Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн” атты ақпараттық-сауаттандыру акциясы жүргізіледі.
Отбасыларды қолдаудың ресурстық орталықтарының қызметі ұйымдастырылды. Формальды білім беру жүйесінде оқушыларды адамгершілік және патриоттық сезімге тәрбиелеуге қатысатын әкелердің қоғамдық бірлестіктері дами бастады.
Отбасы күні белгіленіп, жыл сайын “Мерейлі отбасы” ұлттық сайысы өткізіледі, отбасылық қарым-қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту жөніндегі 2015-2020 жылдарға арналған жалпыұлттық жоспар бекітілді, ол отбасылық құндылықтарды нығайту, саламатты өмір салтын қалыптастыру, Жалпыға бірдей еңбек қоғамын құру сияқты үш бағыт бойынша іске асырылады, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды.