2025 жылдың шілде айында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің базасында ерекше форматтағы зияткерлік конкурс өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына, Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына және Қазақстан халқы тілдері күніне орай ұйымдастырылды.
Байқауға Департаменттің әртүрлі құрылымдық бөлімшелерінен үздік қызметкерлер қатысты. Конкурстың негізгі мақсаты — азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің логикалық ойлау қабілетін, төтенше жағдайларда шұғыл шешім қабылдау дағдыларын, қимыл-қозғалыс үйлесімділігін, сондай-ақ мемлекеттік тілді кәсіби және тұрмыстық ортада дамытуын ынталандыру болды. Сонымен қатар, қатысушылардың стресстік жағдайда әрекет ету шеберлігі мен физикалық дайындығы да сынға алынды.
Зияткерлік жарыс үш күрделі кезеңнен тұрды:
— «Баспалдақ + дабыл баспалдағы + қазақ тілі» — бұл кезеңде қатысушылар өрт сөндірушілерге тән арнайы жаттығуларды орындаумен қатар, қазақ тілінде сұрақтарға жауап беріп, тілдік білімін көрсетті. Бұл тапсырма физикалық дайындық пен тілдік сауаттылықты қатар бағалады.
— «Логика және кедергілермен жүгіру» — логикалық тапсырмалар мен дене белсенділігі үйлестірілген бұл кезең қатысушылардан жылдам ойлау, сәтті жоспарлау және кедергілерден дұрыс өту қабілетін талап етті.
— «Үстел үсті-әткеншек» — стандартты емес жағдайлардағы қозғалыс үйлесімділігі мен тепе-теңдікті сақтай білуге бағытталған кезең, мұнда қатысушылардың физикалық төзімділігі мен зейіні бағаланды.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтижелер көрсеткен қызметкерлер:
1-орын – Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Рамазан Садықұлы Наурызбай. Ол барлық кезеңдерде жоғары нәтиже көрсетіп, үздік деп танылды.
2-орын – №3 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисі, азаматтық қорғау кіші сержанты Нұрболат Талғатұлы Қази. Тапқырлығы мен физикалық дайындығы оның жоғары орынға көтерілуіне ықпал етті.
3-орын – №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Абдрахман Абдібекұлы Жолтай. Ол өзінің жылдамдығы мен үйлесімді әрекеті арқылы жүлделі орынға ие болды.
Жеңімпаздар арнайы дипломдармен марапатталды. Конкурсқа қатысушылар да алғыс хаттармен, естелік сыйлықтармен көтермеленді.
Мұндай байқаулар құтқару саласындағы кәсіби машықтарды жетілдірумен қатар, ұжымдағы командалық рухты нығайтуға, қызметкерлердің белсенділігін арттыруға және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге зор үлес қосады.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті алдағы уақытта да осындай мазмұнды әрі мағыналы шараларды дәстүрлі түрде ұйымдастыра беретін болады. Бұл – кәсіби дайындықты арттырып қана қоймай, қызметкерлердің тұлғалық дамуына да оң әсер ететін маңызды алаң.
