• Вс. Июл 20th, 2025
Популярные метки

SHYMKENT HUB АЛҒАШ РЕТ IT САЛАСЫ БОЙЫНША ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬ ҰЙЫМДАСТЫРАДЫ

Автор:admin

Июл 20, 2025
Spread the love

Shymkent Hub инновациялық орталығы 2025 жылы алғаш рет IT бағытында жазғы лагерьді іске қосады. Shym Edu Academy: Summer Bootcamp бағдарламасы қатысушыларға бағдарламалау негіздерін меңгеруге, нақты жобаларға қатысуға және тәжірибелі мамандардың қолдауымен кәсіби дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама толықтай тегін түрде өтеді.
Бағдарламаның аясында қатысушылар Frontend және Backend бағдарламалау негіздерімен танысып, Git, API және дерекқорлармен жұмыс істеуді үйренеді. Сонымен қатар, топтық жұмыс пен нақты практикалық тапсырмалар арқылы алған білімдерін бекітіп, өз жобаларын жүзеге асырады. Барлық сабақтар тәжірибелі менторлар басшылығымен жүргізіледі.
Қатысуға IT саласында дамуға қызығушылық танытқан, мансабын бастаған, бірақ менторлық қолдау жетіспейтін оқушылар мен студенттер шақырылады. Міндетті талап – бағдарламалаудың бастапқы деңгейіндегі білім: айнымалылар, циклдер, функциялар ұғымдарын түсіну және HTML, CSS, JavaScript немесе басқа бағдарламалау тілдерінің негізін білу.
Оқу форматы апта ішінде екі рет, әрқайсысы екі сағаттан офлайн режимде Shymkent Hub-та өтеді. Жазғы лагерь 15 шілдеден 31 тамызға дейін жалғасады. Бағдарламаға барлығы 15 қатысушы қабылданады, бұл әрбір қатысушыға жеке көңіл бөлініп, сапалы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жазғы лагерь соңында Demo Day форматында жобаларды таныстыру күні ұйымдастырылып, қатысушылар сертификаттар, резюме және GitHub портфолиосымен қамтамасыз етіледі. Осылайша, бағдарлама аяқталған соң қатысушылар junior деңгейіндегі IT маманы ретінде еңбек нарығына дайын болады.
Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлерден «Мен шешкен ең қиын мәселе және оны қалай жеңдім» тақырыбында 2-5 минуттық қысқа видео талап етіледі. Видеоны YouTube платформасына жария емес режимде жүктеп, сілтемесін тіркеу формасына енгізу қажет. Тіркеу формасы жақын арада ашылады, алаңдағы жаңалықтарды бақылап отыру ұсынылады.
Shymkent Hub жазғы лагері қатысушыларды IT саласындағы нақты жобаларға дайын мамандарға айналдыруды мақсат етеді. Бұл бағдарлама – болашақ IT мамандарына өз әлеуетін көрсетуге және кәсіби өсу жолында алғашқы сенімді қадам жасауға тамаша мүмкіндік.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика