Адамзат тарихындағы ең әділетсіз, адам құқығы тапталған, қанқұйлы және аяусыз мәселе – адам саудасы. Адамды құлдыққа жегу, миллиондап еркінен тыс мәжбүрлі ұстау, зат ретінде сату немесе өлтіру ХХІ ғасырдың ең дамыған мемлекеттерінің өзінде әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Бұл өкінішке орай, Қазақстанға да қатысты болып отыр.
Адам саудасы мәселесі қазіргі өркениетті қоғамда да әлемнің басты проблемаларының бірі. Бейресми деректерге сәйкес әлемдегі үшінші ірі заңсыз бизнес түріне адам саудасы жатады. Болжам бойынша оның жылдық тауар айналымы 10-15 млрд. АҚШ долларын құрайды. Бұл болжам ғана. Өйткені нақты мәліметке қол жеткізу әзірге мүмкін емес. БҰҰ мәліметінше жаһандық адам саудасының көпшілігі Балқан түбегінде, ТМД елдерінде, Оңтүстік Америка құрлығында, Орталық Еуропада, Африкада, Шығыс Азияда орын алады екен.
Ал әлемдегі адам саудасы құрбандарының 70 пайыздан астамын нәзік жандылар, яғни әйелдер мен қыздар құрайды. Ал жалпы құрбандардың үштен бірі балаларға қатысты болып отыр.
Жыл сайын 23 тамызда бүкіл әлемде құл саудасының құрбандарын еске алу және оны жою Халықаралық күні атап өтіледі. Бұл жобаны іске асыруды АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Елшілігі де қолдайды.
«Адам саудасының фактілеріне қарсы табысты іс-қимыл жасау үшін қазіргі проблемаларды шешу тәсілдерін сапалы өзгерту, уәкілетті органдардың тығыз өзара іс-қимылы мен жүйелі жұмысы, мемлекет пен азаматтық қоғамның күш-жігерін шоғырландыру қажет. Қазіргі дағдарыс барлық елдер мен қоғамға әсер етті. Жаңа жағдай халықтың осал топтарына, оның ішінде мыңдаған мигранттарға да теріс ықпал етеді. Бұған тек оларды жұмысқа мәжбүрлеу ғана емес, орындалған жұмыс үшін ақы төленбеуі де жатқызылады. Осыған ұқсас қылмыстардан зардап шеккендер мемлекет кепілдік берген бостандықтар мен адам құқықтарын талап ету мүмкіндігінен айырылады. Сондықтан адам саудасына байланысты қылмыстарды анықтауға және тергеуге мұқият назар аудару керек», деді баспасөз мәслихатында Эльмира Әзімова.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің хабарлауынша, жыл басынан бері ішкі істер органдары адам саудасына байланысты 87 қылмыстық іс қозғады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы маусымның басында адам құқықтарын кепілді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында қабылдануы қажет бірінші кезектегі шаралар туралы Жарлық қабылдады. ҚР Үкіметі бірінші кезектегі 26 шара жоспарын іске асыруға кірісті, оның ішінде 16 шара адам саудасының алдын алу тетігін заңнамалық күшейту және зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі шараларды қоса алғанда, 2021 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.