• Ср. Авг 6th, 2025
Популярные метки

ШЫМКЕНТТЕ ҚҰТҚАРУШЫЛАРҒА АРНАЙЫ ТЕХНИКА МЕН ПӘТЕР КІЛТТЕРІ ТАБЫСТАЛДЫ

Автор:admin

Июл 15, 2025
Spread the love

Шымкент қаласында Төтенше жағдайлар қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған маңызды әрі тарихи оқиға өтті. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, құтқарушыларға заманауи техникалар мен жаңа пәтер кілттерін табыс етті.

Бұл игі шара – мемлекет пен жергілікті атқарушы билік органдарының азаматтық қорғау саласына деген ерекше назарын айқындайтын маңызды қадам. Іс-шара барысында министр мен қала әкімі төтенше жағдайлар саласы қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға беріп, олардың күнделікті тәуекелге толы қызметі ел қауіпсіздігі үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, жаңа техникалар Шымкент қаласы әкімдігінің тікелей қолдауымен сатып алынып отыр. Бұл – құтқарушылардың жұмыс тиімділігін арттырумен қатар, жедел әрекет ету мүмкіндіктерін кеңейтетін нақты қолдау. Жаңадан берілген техникалардың қатарында автоцистерналар, сорғы-жеңді автомобильдер, автокрандар, көбікті сөндіру техникалары мен авариялық-құтқару автомобильдері бар. Барлығы – 40 дана заманауи техника.
Мұндай техникалық қолдау апаттар мен төтенше жағдайлар кезінде шұғыл әрекет ету уақытын қысқартып, зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл құрал-жабдықтар құтқарушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де сеп болмақ.
Салтанатты жиын барысында қала әкімінің қолдауымен жүзеге асқан тағы бір маңызды әлеуметтік бастама жүзеге асты – жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама аясында бірнеше қызметкерге жаңа пәтер кілттері табысталды. Бұл бастама – әлеуметтік әділдік пен мемлекеттің құтқарушыларға деген қамқорлығын айқын көрсететін нақты әрекет.
— Біз алдағы уақытта да азаматтық қорғау жүйесін нығайтуды жалғастырамыз. Техникалық жарақтандыру да, азаматтарымыздың өмірі мен қауіпсіздігін күнделікті күзететін қызметкерлерді әлеуметтік қолдау мәселелері де үнемі басты назарда болады, — деді өз сөзінде қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Шара соңында құтқарушылар атынан алғыс сөздер айтылып, берілген техника мен жаңа баспаналар қызметкерлердің ынтасын арттырып, азаматтық борыштарын мүлтіксіз орындауға жаңа серпін беретіні айтылды.
Бұл бастамалар Шымкент қаласының азаматтық қорғаныс саласында жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізіп жатқанын көрсетеді. Мемлекет пен жергілікті биліктің тығыз өзара іс-қимылының нәтижесінде төтенше жағдайларға төтеп беру әлеуеті күшейіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейі жаңа белеске көтеріліп келеді.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика