Шымкент қаласында мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік қолдау шаралары жыл сайын кеңейіп, жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қала әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды цифрландыру арқылы тиімді әрі қолжетімді етуге ерекше көңіл бөліп отыр.
2025 жылдың мәліметтері бойынша қалада 42 479 мүгедек азамат тіркелген. Оның ішінде 8 275 адам 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды құрайды. Олардың барлығы үшін мемлекеттік қолдау маңызды әрі қажетті.
Әлеуметтік қолдаудың жаңа форматы – «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы жүзеге асуда. Бұл портал – цифрлық платформа, онда мүгедектігі бар азаматтар электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге онлайн тапсырыс бере алады. Портал азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан қызмет алуын жеңілдетіп, уақыт пен күш үнемдеуге мүмкіндік береді.
Жүйенің тиімді жұмыс істеуі үшін Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ғимаратында өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған. Бұл жерде арнайы мамандар азаматтарға портал арқылы қызмет алу бойынша жан-жақты кеңес беріп, техникалық көмек көрсетеді. Сонымен қатар, қала тұрғындары кез келген сұрақ бойынша тікелей байланыс орната алады.
2025 жылдың басынан бері оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес қалада 41 788 өтініш қабылданған. Оның 72,2 пайызы, яғни 30 167 өтініш толықтай қанағаттандырылып, мүгедектерге қажетті көмектер көрсетілген. Бұл көрсеткіш әлеуметтік қолдаудың сапасы мен тиімділігінің айқын дәлелі болып табылады.
Цифрландыру азаматтарға жедел әрі ыңғайлы қызмет алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, қоғамдағы әділеттілік пен инклюзивтілікті нығайтуға үлкен септігін тигізеді. Мұндай инновациялық тәсіл мүгедек жандардың өмір сапасын арттырып, олардың қоғамдық өмірге толыққанды араласуына жол ашады.