• Вт. Июл 8th, 2025
Популярные метки

Бейбіт күннің батырлары

Автор:admin

Июл 8, 2025
Spread the love

Бүгінгі күннің батырлары кімдер дейсіз бе?
Олар – сын сағатта тайсалмай, бір жанның өмірі үшін өз өмірін тәуекелге тіккен қарапайым азаматтар.
Біз оларды мақтанышпен атаймыз. Себебі, батырлық – тек ұрыста емес, бейбіт өмірде де көрінеді.

2025 жылдың 4 шілдесі, сағат 18:30 шамасы.
Отырар ауданының тұрғыны Ф. есімді әйел Шымкент қаласынан Түркістанға оралып келе жатып, Түркістан-Балтакөл бағытындағы таксиден Балтакөл көпірінің тұсында түсіп қалып, өз-өзіне қол жұмсамақ ниетпен суға секіреді.

Сол сәтте дәл осы маңда балық аулап отырған Сауран ауданы, Шорнақ ауылдық округіне қарасты Аша елді мекенінің тұрғындары — 1984 жылы туған Нарбаев Самат Қозыбайұлы мен 1995 жылы туған Ибрайым Бақдәулет Асанғалиұлы суға кетіп бара жатқан адамның даусын естіп, бір сәтке де ойланбастан көмекке ұмтылады.
Олар өз бастарын қатерге тігіп, қатты ағыспен 2 шақырымға дейін алыстап кеткен әйелді жағаға аман-есен шығарып, өмірін сақтап қалды.

Дереу Сауран аудандық төтенше жағдайлар бөліміне хабар беріліп, оқиға орнына жедел-жәрдем мен полиция қызметкерлері келіп жетті. Азаматша аман-сау құтқарылып, отбасына табысталды. Қазіргі уақытта жағдайы жақсы.

Мұндай ерлік екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл – шынайы жүректілік, нағыз азаматтық!

Самат пен Бақдәулет, сіздерге шексіз алғыс!
Бір отбасының үмітін сөндірмей, өмірге қайтып әкелгендеріңіз үшін – бас иеміз.
Сіздердей азаматтар – елдің рухын көтеретін, сенімін бекемдейтін шынайы үлгі.

Аман болыңыздар!
Сіздер – бейбіт күннің нағыз батырлары!

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика