Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес азаматтардың өтініш-тілектері мен әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған жүйелі жұмыстар тұрақты түрде жалғасын табуда. Бұл бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің тұрғындарды жеке қабылдауы.
Осы орайда бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков кезекті жеке қабылдауын өткізіп, өңір тұрғындарының ұсыныс-пікірлері мен өзекті мәселелерін тыңдады. Қабылдау облыс орталығындағы «Ашық әкімдік» кеңсесінде өтті.
ҚАБЫЛДАУДАҒЫ НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕР: ЖЕР, НЕСИЕ, ӘКІМШІЛІК ШЕШІМДЕР:
Азаматтардың көтерген мәселелері негізінен жер қатынастары, сот шешімдерінің орындалуы, инвестициялық жобалар, жеңілдетілген несиелерге қол жеткізу, кооператив қызметі, суармалы жерлердің мәртебесін өзгерту сияқты ауылдық өңірлердің тыныс-тіршілігіне тікелей қатысты бағыттарды қамтыды.
Мысалы, Сауран ауданы, Шорнақ ауыл округінен келген ардагер инвестициялық жоба аясында жеке кәсіпкерге берілген жер телімін әкімдік теңгеріміне қайтару туралы ұсыныс айтты. Нұрбол Тұрашбеков бұл мәселені аудан әкімдігімен бірлесе саралап, инвестиция тартудың маңыздылығын, сондай-ақ жерді қайтару тәртібі мен заңнамалық тетіктерін түсіндірді.
Ал Сайрам ауданынан келген тұрғын жер пайдалану құқығына қатысты сот шешімінің орындалмауына шағымданды. Бұл мәселе бойынша Сайрам ауданы әкімінің орынбасарына нақты тапсырма беріліп, заң аясында тиісті шаралар қабылдау міндеттелді.
Сонымен қатар, жалған ақпарат беру, өндірістік кооператив жұмысына кедергі келтіру жөніндегі шағым да қаралды. Бұл бағытта тұрғынның уәжі тыңдалып, құқықтық баға беріліп, жауап тиісті заң нормалары шеңберінде ұсынылатын болды.
ШАҒЫН НЕСИЕ, ЖАЙЫЛЫМ ЖӘНЕ СУАРМАЛЫ ЖЕР МӘСЕЛЕСІ:
Келес ауданынан келген азаматша жеңілдетілген несие алу жолындағы қиындықтарын айтып, нақты көмек сұрады. Қабылдау барысында шағын несие ұйымының өкілі тұрғынға тиісті кеңес беріп, қажетті кепілзат болған жағдайда құжат өткізу арқылы несие рәсімдеуге болатынын түсіндірді.
Ордабасылық азамат суармалы жердің мақсатын өзгерту және Жеңіс ауыл округіндегі жайылымдық жер үлесін ұлғайту қажеттігін атап өтіп, бұл мәселені жергілікті деңгейде шешуге ықпал етуді сұрады. Бұл бағытта жауапты органдарға топырақ құрамын, мақсатының сәйкестігін және жер балансын қайта қарау бойынша нақты тапсырмалар берілді.
ТІКЕЛЕЙ КЕЗДЕСУ – ЖҮЙЕЛІ ҚОЛДАУДЫҢ КЕПІЛІ:
Нұрбол Тұрашбеков тұрғындармен диалог барысында мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін, әрбір көтерілген сұрақтың сала мамандары мен жергілікті әкімдіктер арқылы зерделеніп, заң шеңберінде шешу жолдары қарастырылатынын атап өтті.
Кездесуде тек шағым ғана емес, ұсыныстар мен бастамалар да қаралды, атап айтқанда ауылдық округтердегі әлеуметтік нысандарды жетілдіру, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту, инфрақұрылымды жақсарту сынды бағыттар қозғалды.
Жеке қабылдаудың тиімділігі – тұрғындар тікелей уәкілетті тұлғалармен сөйлесіп, мәселесінің нақты иесін табуына мүмкіндік алатынында. Бұл – тұрғындар сенімін арттыруға, жергілікті биліктің ашықтығын нығайтуға бағытталған маңызды тетік.
ҚАБЫЛДАУҒА ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛУҒА БОЛАДЫ?
Айта кету керек, Түркістан облысы әкімінің орынбасарларының жеке қабылдауы бекітілген кесте бойынша жүйелі түрде өткізіледі. Азаматтар egov.kz электрондық үкімет порталы, е-otinish бірыңғай платформасы, сондай-ақ Түркістан қаласындағы «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш қалдыру арқылы кезекті қабылдауға жазыла алады.
Бұл үдеріс барынша ашық әрі қолжетімді етіліп отыр, сондықтан да өңір тұрғындарының белсенділігі мен азаматтық бастамашылдығы артып келеді.
ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МҰҢ-МҰҚТАЖЫ ЕЛ НАЗАРЫНДА:
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің қабылдауы – өңірде халықпен тиімді диалог орнатуға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Бұл – облыстық деңгейде шешілуі тиіс мәселелерді анықтап, оларды жүйелі бақылауға алуға мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Алдағы уақытта да мұндай жеке қабылдаулар мен тұрғындармен ашық кездесулер жоспарлы түрде жалғасын табатын болады. Әрбір азаматтың мәселесі – жергілікті биліктің басты назарында.
