Шымкенттік «Azala Cotton» фабрикасы өндіріс көлемін ұлғайтуда жаңа жобаны іске қосады. Осыған сәйкес онда 200 жаңа жұмыс орны ашылады. «Оңтүстік» АЭА аумағында орналасқан мақта иірімін шығаратын елдегі бірегей фабрика қазіргі таңда аралас иірім жіп шығаратын жобаның II кезеңін іске асыруда. Бұл жаңа өндірістік желіні іске қосу, өндіріс көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Жобаның II кезеңінің жалпы инвестиция құны 1 960 млн теңге, өндірістік қуаттылығы жылына – 2,5 мың тонна. Бұл жұмыстар 2019 жылдың соңында басталып, 2020 жылы компания «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1 578 млн теңге көлемінде қаржы алды.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аяқталды. Атап айтқанда, өндірістік ғимарат салынып, ішкі бөлігін безендіру және жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жоба жыл соңына дейін іске қосылады деп күтілуде.
Айта кетейік, зауыттағы инвестицияның жалпы көлемі 7,07 млрд.теңге. Бүгінде кәсіпорында 300-ге жуық адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. Фабриканың өндірістік қуаты жылына 6 мың тонна мақта-мата иірім жібін шығарады. Компания өнімінің 90 пайызы Ресей және Қытайға экспортталады.
Қала әкімі кәсіпорын басшысы мен ұжымға мегаполис экономикасының ілгерілеуі жолында атқарып жатқан жұмыстарына алғысын білдіріп, әкімдік тарапынан да барынша қолдау танытатынын жеткізді.
Биыл алғашқы жартыжылдықта өткен жылдың тиісті кезеңмен салыстырғанда өнеркәсіп өнімі 10,1 пайызға өскен. Нәтижесінде, биыл инвестиция көлемі 52,8 млрд теңгені құрайтын 16 өнеркәсіптік жоба жүзеге аспақ.
Шымкент қаласында 2020 жылы Бал текстиль кілем зауыты жанынан «Бал декор» принт кілемдері мен кілемшелерін өндіретін зауыт ашылған болатын.
Кілемшелер заманауи үлгіде тоқылуда. Еденде таймайды, кір жуатын машинада жууға болады.
Зауыт Түркиядан әкелінген технологиямен жабдықталған.
120 млн теңгені құрайтын жобаның өндіріс қуаттылығы жылына 400 мың шаршы метр кілемше. Мекеме 14 адамды жұмыспен қамтыған болса, өнімі ішкі нарықта саудаланумен бірге, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан елдеріне экспортталуда.
Шымкент қаласы «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан «Аlem luxury» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысы жуырда аяқталды. Жиһаз өндіруге бағытталған фабрика жылына 5 мың өнім өндіруге әлеуеті бар. Жобаны жүзеге асыруға 500 млн теңге тартылған. Қала әкімі Мұрат Әйтенов индустиалды аймақты аралау барысында кәсіпорынның жұмысымен танысқан болатын.
Шымкентте биыл шыныдан шыны конструкциялар өндіретін жаңадан «Авангард» зауыты ашылады. Қала әкімі аталмыш кәсіпорынға барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
5 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба жүзеге асқанда 50 жаңа жұмыс орны құрылады. Толығымен ішкі нарықты қамтиды. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталған. Құрал-жабдықтар орналастырылуда.
Қала әкімінің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында 15 жаңа жоба таныстырылды.
Кәсіпкер Абжанов қалада құрғақ құрылыс қоспаларын және лак-бояу материалдарын өндіретін зауыт ашуды көздейді. 500 млн теңгені құрайтын инвест жобаның қуаттылығы жылына 1200 дана өнім болмақ. 2022-2024 жылдары жүзеге асырылатын жоба нәтижесінде 200 адам жұмыспен қамтылады. «Жұлдыз» индустриалды аймағынан 5 гектар жер телімін беру туралы шешім қабылданды.