Бүгін аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың төрағалығымен 2024–2025 оқу жылының аяқталуына орай кеңейтілген мәжіліс өтті.
Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, ауыл округі әкімдері, бөлім басшылары мен мектеп директорлары, жастар орталығының басшылығы, денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде оқу жылының аяқталуы, Соңғы қоңырау шараларын үйлестіру, ҰБТ өткізу, балалардың жазғы сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтуын ұйымдастыру, қауіпсіздікті күшейту мәселелері қаралды.
Аудандық білім бөлімінің басшысы м.а. Ерғали Есіркепов оқу жылының аяқталуына байланысты атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар жөнінде баяндама жасады. Биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша ауданымызда 1892 оқушы 11-сыныпты тәмамдайды. Оның ішінде 106 оқушы “Алтын белгіге”, 134 оқушы “Үздік аттестатқа” үміткер. “Соңғы қоңырау” салтанаты 23 мамыр күні барлық мектептерде бірыңғай форматта өтеді деп жоспарланған.
Аудан басшысы білім беру ұйымдары мен тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, “Соңғы қоңырау” және ҰБТ өткізу барысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, кәмелетке толмағандардың түнгі мезгілде қоғамдық орындарда болуын болдырмау бағытында полиция және жастар ұйымдарымен бірлескен рейдтерді күшейту қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар, жазғы демалыс кезінде балалардың тиімді тынығуын ұйымдастыру – маңызды міндеттердің бірі екеніне назар аударды. Осы орайда, жазғы сауықтыру лагерлерінің жұмысын жүйелі жоспарлап, балалардың бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізуіне жағдай жасау тапсырылды.
– Жазғы шомылу маусымының басталуына байланысты су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі де аса маңызды. Рұқсат етілмеген суға шомылу орындарын белгілеп, тұрғындарды дер кезінде ескерту, ТЖД қызметімен бірлесіп бақылауды күшейту қажет. Балаларымыздың амандығы – басты байлығымыз, – деді аудан әкімі Азизхан Исмаилов.
Жиын соңында аудан басшысы барлық жауапты тұлғаларға оқу жылын сәтті әрі қауіпсіз аяқтау бойынша нақты міндеттер жүктеп, орындалуын жеке бақылауға алатынын жеткізді.
