• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

ШЫМКЕНТТЕ АЛҒАШҚЫ ЯДРОЛЫҚ МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ(2)

Автор:admin

Ноя 10, 2022
Spread the love

Шымкентте «MIG QAZAQSTAN» ядролық медицина орталығы ашылды. Инвесторлардың қаржыландыруымен ашылған бұл орталық заманауи технологиялық аппараттардың көмегімен қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтап, науқастарға дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсетеді.
Жиынға Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, жоба инвесторы «Алмалы» холдингі бас директорының орынбасары Б.Сапаров қатысып, ядролық медицина орталығының мүмкіндіктерімен танысты.
«MIG QAZAQSTAN» ядролық медициналық орталығының директоры Дәулет Ержановтың айтуынша, орталық жылына ПЭТ/КТ аппаратында 5 мыңға жуық азаматқа диагностика жасап, қатерлі ісікке шалдыққан 5 мыңдай науқасқа Halcyon сәулелі емдеу жүйесі арқылы көмек көрсете алады.
— Ядролық медицина орталығының ашылуы — оңтүстік өңірдің ғана емес, еліміздің медицинасын дамытуға жасаған үлкен қадамы. Әрине, халықтың аман-сау болғанын тілейміз. Өмірде түрлі жағдай болады. Орталықтағы заманауи құрылғылар қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтап, оны өзге органдарды зақымдамай, ауыртпай емдеуге арналған. Бұл еліміздің өмір сүру жасын ұзартуға да септігін тигізетіні сөзсіз. Жобаға жалпы құны 6,5 млрд теңге қаржы жұмсалды. Біз ары қарай да орталықты дамытып, оңтүстіктегі ядролық медицинаның хабына айналдыруды көздеп отырмыз, — деді Бақыт Сапаров.
Орталықтың радиологы О.Ақжолдың айтуынша, ядролық орталықтағы диагностика белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады екен.
— Әуелі, науқас дәрігерден жолдама алып, ядролық медицина орталығының қабылдауына жазылады. Одан кейін қабылдаудан 36 сағат бұрын арнайы диеталық режимді сақтай отырып, зерттеуге дайындалады. Орталыққа келіп, радиофармпрепаратты қабылдаған соң 50 минуттай дәрігердің бақылауында болып, ПЭТ/КТ аппаратына кіреді. Радиолог науқасты 20 минуттай аппаратқа түсіріп, деректерді өңдейді. Ал, дәрігер 2 тәуліктен соң ұйғарым шығарады, -дейді ол.
Айта кетейік, орталықта медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін және қолжетімді зерттеулер жүргізілмек. Сондай-ақ, мамандар ерте анықталған қатерлі ісікке дер кезінде ем-дом жасаса, дерттен айығу мүмкіндігінің молая түсетінін алға тартып отыр. Яғни, орталықтағы құрылғының бірі дертті ерте анықтауға, екіншісі науқастың өзге ағзасына зиянын тигізбей, қатерлі ісікті сәуле арқылы емдеуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл еліміздегі өлім-жітімді азайтып, халықтың өмір сүру жасының ұлғаюына да септігін тигізбек.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика