21 мамыр – еліміздің мәдениеті мен руханиятына сүбелі үлес қосып келе жатқан мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осы айтулы күнге орай Түркістан қаласында салтанатты шара ұйымдастырылып, мереке жоғары деңгейде аталып өтті.
Салтанатты жиынға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы, сала ардагерлері, мәдениет қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік кештің шымылдығы белгілі ақын, жазушы-драматург Елтай Бимаханбетұлының «Қырсық келін» атты драмалық қойылымымен ашылды. Түркістан қалалық мәдениет үйінің драма ұжымы сахналаған бұл туындыда отбасы құндылықтары, келін мен ене арасындағы қарым-қатынас және ұлттық дәстүр мәселелері көркем тілмен өріліп, көрермендердің ықыласына бөленді.
Кеш бағдарламасы одан әрі мерекелік концертпен жалғасты. Ән мен жыр, ұлттық би және көркемсөз оқу сынды өнер түрлері тоғысқан бұл концерт Түркістан қаласының мәдени тынысын айқындап, өнерпаздардың кәсіби шеберлігін паш етті.
Шара аясында мәдениет саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер мен ардагерлер Түркістан қаласы әкімінің және қалалық мәслихаттың арнайы алғыс хаттарымен марапатталды.
Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне арналған бұл кеш – шығармашылық еңбекті ұлықтаған тағылымы мол, мазмұны терең іс-шара болды. Ел руханиятының алтын арқауына айналған мәдениет саласы қызметкерлеріне көрсетілген құрмет – ұлттың болашағына жасалған зор қамқорлық.
Барша мәдениет және өнер саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз! Шығармашылық шабыттарыңыз шалқысын, ел алдындағы еңбектеріңіз әрдайым елене берсін!
МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ АТАП ӨТІЛДІ
