• Пт. Июл 4th, 2025
Популярные метки

ТҮРКІСТАНДА «ОТБАСЫ LIFE» САЙЫСЫ ӨТТІ

Автор:admin

Май 16, 2025
Spread the love

15 мамыр – Халықаралық отбасы күні аясында Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жас отбасыларға арналған «Отбасы Life» мерекелік-танымдық сайысы табысты өтті. Бұл шараның негізгі мақсаты – жас отбасыларды қолдау, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді насихаттау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды дәріптеу арқылы жастар мен балалардың бойына адамгершілік, сыйластық, татулық сынды қасиеттерді дарыту болып табылады.
Отбасы – әрбір адамның өсіп-өнер алтын ұясы. Дәл осы ортада бала алғаш рет махаббат пен қамқорлықты, сенім мен жауапкершілікті сезінеді. Сондықтан отбасы – қоғамның негізі, ұлттың тірегі. Жас ұрпақты елжанды, еңбекқор, парасатты етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен, оның отбасындағы тәрбиесі дұрыс болуы тиіс. Ал осындай қоғамдық шаралар – отбасы институтын нығайтуға, жастардың өз отбасын құрғаннан кейінгі жауапкершілігін сезінуіне үлкен септігін тигізеді.
Іс-шараның ашылу салтанатына қатысқан Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев қатысушыларға сәттілік тілеп, қоғамдағы отбасының алар орны жайлы өз пікірін білдірді. Шара аясында көрермендер назарына ұлттық өнерге негізделген бағдарлама ұсынылып, «Айдай» би ансамблінің әсерлі би қойылымы мен жас әнші Данагүл Ынтықбайдың «Әкем, анам» әні қатысушылардың көңілінен шықты.
Сайысқа облыстың әр ауданынан келген 14 жас отбасы қатысты. Олар төрт кезеңнен тұратын жарыста өзара бақ сынасты: эстафеталық жарыс, зияткерлік сұрақтар, спорттық кезең және шығармашылық өнер байқауы. Әр кезең отбасылардың түрлі қырларын – бірлігі мен ынтымағын, білім деңгейін, шығармашылық қабілетін және физикалық дайындықтарын көрсетуге мүмкіндік берді.
Нәтижесінде, Төлеби ауданынан келген Абетаевтар отбасы 1 орынды жеңіп алса, Кентау қаласынан келген Набиевтар мен Түркістан қаласының Аитметовтар отбасы 2 орынға ие болды. Ал Сауран ауданынан келген Тойбековтар және Шардара ауданынан келген Истургановтар отбасылары 3 орынды еншіледі. Барлық жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.
Мұндай шаралар жастар мен жас отбасыларды ынталандырып қана қоймай, олардың бойына ұлттық құндылықтарымызды дарытуда үлкен рөл атқарады. Қазіргі таңда жаһандану дәуірінде отбасылық дәстүрлер мен ұрпақтар сабақтастығын сақтау аса маңызды. Қазақ халқында «Отан – отбасынан басталады» деген терең мағыналы сөз бар. Бұл ұғым – әр азаматтың отбасындағы тәрбиесі мен алған өнегесі кейін елінің болашағына, қоғамдағы орнын анықтайтынының дәлелі.
Жастарды отбасылық құндылықтарды құрметтеуге, өзара түсіністік пен махаббатты бағалауға тәрбиелеу – бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің бірі. Әсіресе, болашақ аналар мен әкелер болатын жас буынға ата-баба дәстүрі мен ұлттық болмысымызды сіңіру – халқымыздың мәңгілігінің кепілі.
Сайысқа қатысқан барлық отбасылар ұйымшылдық пен татулықтың, бірлік пен сыйластықтың жарқын үлгісін көрсетті. Бұл шара бір күндік көңіл көтеру ғана емес, жас отбасылар үшін тәжірибе алмасу, бір-бірінен үлгі алу, достықты нығайту алаңы болды. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдердің бойында «мен де осындай отбасын құрамын» деген оң көзқарас қалыптастыруға ықпал етті.
Қорыта айтқанда, отбасы – тәрбие мен руханияттың бастауы. Сол себепті отбасы құндылықтарын жастар мен балаларға насихаттау арқылы оларды имандылыққа, жауапкершілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу – ұлт болашағын кемел ету жолындағы ең маңызды міндеттердің бірі. Мұндай игі істердің дәстүрлі түрде жалғасып, кең көлемде ұйымдастырылуы ел ертеңі үшін маңызды екені сөзсіз.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика