• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СӘБИЛЕР КҮНІНЕ ОРАЙ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Автор:admin

Ноя 30, 2022
Spread the love

Бүгін қаламыздағы «Арман алаңы» мүмкіндігі шектеулі балаларды түзету және оңалту инклюзивті орталығында дүниежүзілік сәбилер күніне орай Ашық есік күні өтті.
Оңалту орталығында аутизммен ауыратын балаларға кешенді ем-дом жүргізіледі. Орталықта 18 жастан асқан 22 ерекше күтімді қажет ететін балалар келіп, таңертеңнен кешке дейін қажетті емін алады. Онда логопед, психолог-дәрігерлер балаларға көмек берумен қатар, білімге баулып, қоғамнан алыстамауын қамтамасыз етеді.
Алмагүл Кенжетаева – «Рахмет саған, анашым!» қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Ол аутизм дертіне шалдыққан екі баланың анасы.
–Үкімет тарапынан 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға қамқорлық бар, оларға санаторий, курортқа жолдама беріледі. Ал 18 жастан асқандар қоғамнан тыс қалып жатады да, аса қолдауды қажет етеді. Қазір, міне, осындай балалармен айналысатын шағын орталықтар бірігіп, кешенді қызмет көрсететін үлкен орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Сонда олар өздері сияқты балалармен араласып, достасуына, түрлі спорттық ем-шараларды бір жерден алуына тиімді болмақ. Қазіргі күні шағын орталықтарда балалардың шығармашылықпен айналысуына жағдай жасалған. Қолөнерге баулып, сол арқылы баланың ой-өрісінің дамуына ықпал ету де – басты мақсатымыз. Осы арқылы екінші жағынан қоғамға да пайдасын тигізер еді, — деді орталық басшысы Фарида Полуанқызы.
Сонымен қатар, Шымкент қалалық перинаталдық орталығына нәрестелердің шетінеуін азайтып, мүгедектігінің алдын алуға арналған заманауи медицина жабдығы тапсырылды. Бұл кешенді жабдық босану кезінде ауыр және орташа асфиксияға ұшыраған сәбилердің өмірін сақтап, денсаулығын қалыпқа келтіруге арналған құрылғы. Әлеуметтік жоба аясында орнатылған кешенді құрылғының жалпы құны 132 миллион теңгені құраған.
Айта кететін жәйт, 2017 жылы «Ayala» қоры мен Денсаулық сақтау министрлігі «Басқарылатын гипотермия» жобасын қолдау туралы меморандумға қол қойған болатын Бүгінге дейін Қазақстанның 12 қаласында қор орнатқан жабдықтар арқылы 235 жаңа туған сәбидің өмірі мен денсаулығы құтқарылған. Ал, республика көлемінде орнатылған 12 кешеннің алтауы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» қорының демеушілік қолдауымен алынып отыр екен. Бұл туралы «Ayala» қорының өкілі Наталья Еськова мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, Шымкент — «Samruk-Kazyna Trust» қорының демеушілік қолдауымен мұндай заманауи жабдыққа қол жеткізіп отырған алтыншы өңір болып табылады.
Ал Бүгінге дейін перинаталдық орталық мамандары арнайы жабдық алынғанға дейін реанимацияда қолда бар құралдармен механикалық гипотермия әдісін қолданып келген.
— Асфиксияның (тұншығу) себебі өте көп. Асфиксия тудыратын жағдайдың бірі — ананың денсаулығындағы кінәраттың балаға берілуі болса, екіншісі – босану кезінде анықталатын жағдайлар. Биыл Шымкент қалалық перинаталдық орталығында 4560 сәби туылса, оның 500-ге жуығы реанимация бөлімінің көмегіне жүгінді. Ал, 5 сәби асфиксиямен туылды. Кешенді құрылғы орнатылғанға дейін төртеуіне механикалық гипотермия әдісімен қадағалап, ем-дом жасадық. Ал, бесінші сәби осы құрылғының көмегімен емделіп, отбасына оралды. Асфиксияны емдеудің басты хаттамасына сәйкес, жаңа туған нәрестенің ми жасушаларын зақымданудан сақтау үшін 72 сағат бойы +34 градуста ұстау керек. Яғни бұл кешенді құрылғы баланың дене температурасын бірқалыпты ұстауға және динамикасын жан-жақты қадағалауға көмектеседі. Үшінші тәуліктен соң баланың жағдайы жақсарған кезде келесі ем-дом тағайындалады, — дейді Шымкент қалалық перинаталдық орталығының реанимация бөлімінің меңгерушісі Миродил Миркурбанов.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика