Биыл еліміздің барлық білім беру ордаларында соңғы қоңырау 23 мамыр күні соғылады. «2024-2025 оқу жылын аяқтау және орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу мерзімдерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығымен 2024–2025 оқу жылының аяқталу мерзімі 23 мамыр болып белгіленді.
Соңғы оқу күнінде барлық мектептерде — «Білімім – Отанымa» атты ұранмен бірыңғай сынып сағаттары өтетін болады. Сынып сағаттарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарына басымдық беріледі.
Атап айтқанда, балалар үшін жазғы демалыс кезеңінде оқуға арналған кітаптар тізімі ұсынылып, қауіпсіздік шаралары, алдын ала жоспарланып ұйымдастырылған демалыстың артықшылықтары, қосымша білім беру ұйымдарына қатысудың тиімділігі, еңбек етудің пайдасы мен маңыздылығы туралы айтылады.
Жалпы биыл Шымкент қаласы бойынша 290 мектепте — 271 316 оқушы білім алуда. Оның ішінде мемлекеттік 162 мектепте – 207 288 оқушы, жекеменшік 128 мектепте — 64 028 оқушы.
2024–2025 оқу жылында Шымкентте 11 сыныпты – 15 891 түлек аяқтаса, 9 сыныпты — 24 264 оқушы бітіреді. Оның ішінде 1 423 оқушы үздік аттестатқа үміткер болып табылады.
Айта кетейік, биыл 10 білім беру ұйымының (9 мектеп, 1 балабақша) ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу және жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылына дейін аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ, мемлекеттік білім беру ұйымдарының ғимаратын ағымдағы жөндеу жүмыстары жүргізілетін болады.