• Вс. Май 18th, 2025
Популярные метки

ШАРДАРАДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН «ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІНІҢ ЖҮЛДЕСІ ҮШІН 62-ШІ ДӘСТҮРЛІ ТУРНИР ӨТТІ

Автор:admin

Май 18, 2025
Spread the love
Шардара ауданында қазақ күресінен «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің жүлдесі үшін өткізілетін дәстүрлі 62-ші турнир өз мәресіне жетті.
Облыстық деңгейде ұйымдастырылған дүбірлі додаға аймақтың аудан-қалаларынан келген 9 команда 106 балуан қатысты. Әр салмақта жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, марапатталды.
Турнир аясында боз кілемде үздік балуандар белдесіп, қазақ күресінің беделі мен маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді. Атап айтқанда, түйе балуан бәсекесінде 18 үміткер бақ сынады. Жеңімпаз атанған шардаралық Қайсар Шамшидинов биылғы турнирдің «түйе балуаны» атағына ие болып, оған «Chevrolet Nexia» автокөлігінің кілті табысталды. Екінші орынды түркістандық Бибарыс Әбдуғани жеңіп алса, үшінші орын ордабасылық Мейірхан Бейсенәліге бұйырды.
Турнирдің жабылу салтанатына Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, сондай-ақ «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің директоры-бас редакторы Абай Балажан қатысты. Салтанатты жиында спикерлер жарыстың маңыздылығына тоқталып, қазақ күресін ұлттық және халықаралық деңгейде насихаттаудың, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің жолында осындай сайыстардың орны ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар Арман Қарсыбаев дәстүрлі турнирдің эстафетасын Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмахановқа ресми түрде табыстады.
Жарыс барысында ақсақалдар, спорт ардагерлері мен аудан тұрғындары, қала қонақтары боз кілемдегі бәсекені тамашалап, өз ризашылықтарын білдірді.
Айта кету керек, бұл турнирдің басты мақсаты – ұлттық спорт түрі ретінде қазақ күресін кеңінен дамыту, бапкерлер мен балуандар арасында тәжірибе алмасуға жағдай жасау, жастарды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу, бұқаралық спортты насихаттау және алдағы ірі жарыстарға облыс құрамасын іріктеу.
62 жылдық тарихы бар бұл жарыс — қазақ күресінің өңірлік деңгейдегі тұрақты дәстүрі мен ұлт рухын нығайтатын маңызды спорттық оқиға.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика