Шымкент қалалық қоғамдық кеңес мүшелері мегаполистегі кәсіпорындарды аралады. Қоғам қайраткерлері «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы «Әлем-БТ» кәсіпорнында еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы басым бағыттар туралы пікір алмасты.
– Қазақ халқында «Сананы тұрмыс билейді» деген сөз бар. Мемлекет басшысы Жолдауында осы мәселені көтеріп, экономикаға баса назар аударды. Ел экономикасын дамытуға Жолдаудың тұтас бір тарауы арналды. Сөздің тоқетеріне келсек, шағын және орта бизнеске қолдаудың маңызды екенін, оның ішінде банктер секілді қаржы институттары да жұмыс істеп, қолдау көрсетулері тиіс. Қазақстандағы кәсіпорындар елді өз өнімдерімен қамтамасыз ететіндей жағдай жасалуы керек. Біздің де ойымызша, банктер қаржыны төмен пайызбен кәсіпкерлерге берсе, бизнеске де, тиісінше, елге де пайда болар еді. Президент Жолдауының едәуір бір бөлігі саяси өзгерістерге, оның ішінде Президент және парламент сайлауына арналды. Ал парламент дегеніміз – елге қажет заң шығаратын орган. Сол парламент сайлауы келесі жылы өтеді деп күтілуде, – деді қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметұлы.
Қоғамдық кеңес мүшелері кәсіпорын басшыларымен де сөйлесіп, жұмысшыларға жасалған жағдай, компанияның экономикалық саясаты туралы әңгімелесті.
Айта кетейік, «Әлем-БТ» шұлық фабрикасы Шымкенттегі ғана емес, еліміздегі ең ірі кәсіпорындардың біріне жатады.
Жетекшілерінің мәліметінше, өнімнің 95 пайызы экспортқа шығарылады.
–Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы Жаңа Қазақстанды дамытуға, оның ішіндегі әлеуметтік-экономикалық салаларды нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыратын және саяси трансформацияны жүзеге асыруға жаңаша бағыт болды. Президентіміз шикізаттық мемлекеттен өндірістік деңгейге өту қажет екенін айтты. Сарапшылар тауарды шикізат күйінде нарыққа шығарғаннан, қайта өңдеп дайын өнімді саудалағанда келтіретін пайдасы 70 пайыздан жоғары екенін айтуда. Оған мысал ретінде Белоруссия елін алып қарасақ. Орман алқаптарынан шығатын ағашты шикізат күйінде емес, жиһаз жасап, экспорттады. Нәтижесінде, Белоруссия жиһаздың отанына айналып қана қоймай, елдің экономикасына орасан пайда келтірді. Қазақстанның да өндірістік елге айналуға әлеуеті өте жоғары.
Маусым айында елімізде конституцияға бірқатар өзгерістер енгізу мақсатында жалпыхалықтық референдум өтті. Икрамжан Хашимжановтың сөзінше, референдумның игілігі Президент Жолдауында айқын көрініс тапты.