Қазығұрт ауданында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай, «Қазығұрт – ынтымақтың мекені» атты мерекелік кеш өтті. Бұл айтулы шара аудан жұртшылығын бірлік пен татулыққа үндейтін, көпұлтты еліміздің ортақ мерекесін айшықтайтын маңызды кеш болды.
Мерекелік кешке Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов арнайы қатысып, аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады. Сонымен қатар еліміздің басты құндылығы – тұрақтылық пен қоғамдық келісім екенін атап өтіп, бұл мерекенің ел ішіндегі достық пен бірліктің, өзара құрметтің символы екендігін тілге тиек етті.
Кеш барысында аудандық мәденет сарайының және өзге ұлт өкілдері өнерпаздарының қатысуымен мерекелік әндер шырқалып, түрлі этнос өкілдерінің ұлттық киімінде өнер көрсеткен биші арулар көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.
Қазақстан халқының бірлігі күні – ортақ тағдыр тоғыстырған түрлі этнос өкілдерінің өзара түсіністігі мен сыйластығын айқындайтын маңызды мейрам. Қазығұрт жұрты бұл мерекені жыл сайын жоғары деңгейде атап өтіп, елдегі бірлік пен ынтымақтың шынайы үлгісін көрсетіп келеді.