Шымкент қалалық перинаталды орталығында салмағы небәрі 1 келі, туғанына 45 күн болған нәрестенің жүрегіне күрделі операция сәтті жасалды.
25 аптасында туылған сәби орталықтың нәрестелер реанимация бөліміне шұғыл жеткізілген. Сәбидің салмағы небәрі 655 грамм, бойы 28 сантиметр болған. Оған “ашық артериалды өзек” (туа бітті жүрек ақауы) диагнозы қойылып, респираторлық дистресс-синдромы да анықталған.
Нәрестенің жағдайы өте ауыр болғандықтан, бірден жасанды желдету аппаратына қосылған. Күрделі диагноз болғандықтан перинаталды орталықтың дәрігерлері қаладағы тәжірибелі кардиохирург мамандармен кеңестер өткізіп, шешім қабылдаған.
Ашық артериалды өзекке жасалған күрделі отаны Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының кардиохирургы Асан Жұманов пен Шымкент қалалық перинаталды орталығының анестезиолог-реаниматологы Ақжол Абдраимов сәтті жасап шықты.
Қазір нәрестеде оң өзгерістер бар дейді дәрігерлер. Ол перинаталды орталық бас дәрігерінің неонаталды қызмет бойынша орынбасары Гүлмира Будукова мен неонатолог-реаниматолог Ерасыл Шабетов бастаған неонаталды реанимация бөлімі дәрігерлерінің тұрақты бақылауында.