Бүгін қала әкімі Ғ. Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде электр жүйелерін жақсарту, жол — көлік инфрақұрылымын дамыту жоспарлары, цифрландыру шаралары талқыланды.
«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС бас директоры А.Махамбет мегаполис аумағындағы электр жүйелерінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Бүгінде қаладағы электр жүйелерінің техникалық жағдайы қанағаттанарлық, 2024 жылдың қорытындысы бойынша желілердің физикалық тозу дәрежесі 57% құрады.
Қала басшысы жауаптыларға әлеуметтік маңызы бар нысандарда баламалы энергия көздерін қолданысқа енгізуде, «Қызыл Су» қосалқы станциясының құрылысын бастауда нақты тапсырмалар берді.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р. Ибрагимов 2025 жылға арналған негізгі бағыттар мен жоспарлармен бөлісті. Қалада көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту бағытында ұзындығы 45,7 шақырымды құрайтын 15 ірі жоба іске асырылуда. Сонымен қатар 1 көпір және 6 көшені күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, жалпы ұзындығы 201 шақырым болатын 323 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жауаптыларға биыл қала көшелерін толық жарықтандыруды жүзеге асырып, барлық жұмыстарды сапалы, мерзімінде аяқтау бойынша тапсырма берілді.
Цифрландыру басқармасының басшысы М.А. Кемелов атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелерді баяндады. Сонымен қатар кейбір қызметтердің цифлық қолданбаларын енгізу бойынша ұсыныстарын жеткізді. Ғ. Әбдімәжитұлы қала аумағында бейнебақылау камераларын көбейтуде, халыққа пайдалы жаңа жобаларды тиімді жүзеге асыруда нақты тапсырмалар берді.