ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тікелей қолдауымен биыл 23 сәуір – Ұлттық кітап күні елімізде тұңғыш рет мерекеленуде. ҚР Үкіметінің 29.06.2024 жылғы №522 Қаулысымен Қазақстанда жаңа мереке бекітілді. Қаулы 2024 жылғы 16 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.
Аталмыш мереке Мемлекет басшысының қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берілген тапсырмаға байланысты белгіленді. Мәдениет және ақпарат министрлігі республикамызда кеңінен аталып өту мақсатында мерекені апталық ретінде атап өтуді ұсынды. 16 – 23 сәуір аралығының әрбір күні бір тақырыппен айшықталды. Атап айтсақ, «Мәртебелі кітап», «Сөз өнеріндегі өлкетану», Өлкетану күні — Қаламгер күні, «Кітапхана түні» акциясы, «Weekend. Book. Vibes», /Демалыс күндерін кітап вайбын сезін/, «Кітап. Тарих. Шежіре» — Сирек және құнды, ерекше кітаптар күні, «Кітап — достық амбассадоры» — Халықаралық іс-шаралар — Әдеби параллель, «Үздіктер салтанаты».
Апталықтың мақсаты — ҚР Президенті Қ.Тоқаевтің «Ұлттық кітап күнін» жариялауына орай кітап оқуды насихаттау, кітап оқуға жастарды баулу, зияткер ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосу.
Арбат демалыс аймағында 16 сәуір — «Мәртебелі кітап күні» Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты
қалалық кітапханалардың ұйымдастыруымен апталықтың салтанатты ашылуы, қаламгерлермен сыр-сұхбаттар ұйымдастырылып, жаңа кітаптардың тұсауы кесіліп, әдеби талқылаулар өтті. Оқырман назарына кеңейтілген кітап көрмелері мен инсталляциялар ұсынылды. Баспа үйлері мен кітап дүкендерінің кітап жәрмеңкесі, көрме-сатылымы («Атамұра», «Жебе», «Отбасы хрестоматиясы», «Шың», «Қасиет», «Қасым», «Қызмет», «Кітап алу», «Шикула и К» баспалары мен «Төлеби», «Білім» кітап дүкендері) ұйымдастырылды. Ұлттық кітап күнінің алғашқы «Мәртебелі кітап күнінде» сахна төріндегі үлкен экраннан ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Ұлттық кітап күнін жариялау туралы бастамасы мен жалпы кітап туралы ой-пікірлері жайлы бейнесюжет берілді, сондай-ақ, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының директоры К.Қ.Сейітованың арнайы жолдаған бейнеқұттықтауы көрсетілді. Ары қарай Әл-Фараби атындағы кітапхананың ұйымдастыруымен қаламгер Нұрхан Сұлтанбайұлының қос бірдей жаңа кітаптары – «Үкікөз» және «Күн сәждесі» атты туындыларының тұсауы кесіліп, «Жүрекке жеткен жырлар» атты шығармашылық кешке ұласты.
Апталықтың ашылу салтанатына зиялы қауым, қаламгерлер, баспагерлер, жастар, оқырмандар, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Сондай-ақ, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында жастармен «Кітапхана түні» акциясы өтті. Оқырмандар топ-топқа бөлініп кітапханалық квестке қатысып, соңынан кітап оқу туралы өзара ой-пікірлерімен бөлісті.
Қала саябақтарында Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты қалалық кітапханалардың ұйымдастыруымен Ұлттық кітап күні аясында іс-шаралар жалғасын табуда. Апталық 23 сәуір күні
Арбат демалыс аймағында өз мәресіне жетеді. Бірақ, әрине, рухани құндылығымыз — кітапты оқу оны насихаттау мәселелері күн тәртібінен түспек емес.
Алпысбаева Гүлмира Батырбайқызы,
Әл-Фараби атындағы қалалық
ғылыми-әмбебап кітапханасы