Қазақстан ЕЭО аясында жұмыссыздық бойынша жылдық өсімі күрт өскен елдердің қатарында тұр. Ресми мәліметтерге жүгінсек, осы жылдың қыркүйек айында Қазақстанның жұмыспен қамту мекемелерінде 227,9 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген, бұл экономикалық белсенді халықтың 2,5%-на сай көрсеткіш. Сәйкес мерзімімен салыстырғанда, биыл қыркүйекте елімізде жұмыссыздар деңгейі 34% жоғары болған. Негізгі себеп, әрине – коронавирус пандемиясы. ЕЭО деректерінде тамыз айында одақ аясындағы елдерде тіркелген жұмыссыздардың жалпы саны салыстырғанда 3,8 есе жоғары болғаны айтылады. Оның ішінде, әсіресе, Қазақстан мен Ресейде жұмыссыздар саны күрт өскен. Дегенмен, сарапшы мамандар бұл – уақытша жағдай деген басу айтады. Экономист Мақсат Халық пандемия кезінде жұмыссыздықтың белең алуы уақытша көрініс, бірақ одақ аясында экономикалық белсенділікті қалыпқа келтіруге бәрібір уақыт керек деген пікірде. «Егер мемлекеттер дағдарысқа қарсы тиімді бағдарлама қабылдап, жұмыспен қамту жобалары нәтиже берсе, жұмыссыздық деңгейі кем дегенде 1–2 жылда қалыпқа келеді», – деген сенімде сарапшы. Ол, сондай-ақ, Қазақстандағы бүгінгі жағдайды, Еуропаның бірқатар елдерімен салыстырған болсақ, «біздің экономика айтарлықтай зардап шеккен жоқ» деп отыр. ҚР Еңбек және жұмыспен қамту министрлігі биыл қарашада, елімізде жұмыспен қамтудың арналған жол картасы жоспарын жүзеге асыру шаралары басталды деп мәлім етті. жағдай бойынша, Жол картасындағы 6,7 мыңнан астам жоба аясында 207 мың адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы 112 мың адам жұмысқа орналасқан. Министрлік өз ақпаратында аталған жобалар бойынша орташа жалақы 130 мың теңгені құрайды деп көрсетеді. Сол сияқты, министрлік мәліметтерінше, аталған бағдарламаға қатысушылардың жартысы ауыл тұрғындары, 40%-ы – жастар, 7%-ы – табысы аз азаматтар. Ал Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) биыл маусымда жария еткен есебінде, екінші жарты жылдығында әлем бойынша жұмыс сағатының көрсеткіші 14%-ға қысқарғаны туралы айтылады. ХЕҰ мамандары, бұл – 400 млн жұмыс орны жабылумен тең көрсеткіш деп ескертті өз есебінде. Айтқандай, Халықаралық еңбек ұйымының «COVID-19 және дүниежүзі еңбегі» атты зерттеуіне сай, еңбек нарықтарында жұмыссыздықтың қарқындап өсуінен көптеген елдерде ең алдымен жас мамандар зардап шегуде. Пандемия басталғалы алты жас маманның біреуі жұмысынан айырылған. «Бұл әзірше үрейлі көрсеткіш емес, бірақ жағдай тұрақталғанда жұмыссыз жастар санының артуы еңбек нарығының қалыпқа келуіне кедергі келтіруі ықтимал», – дейді ХЕҰ мамандары. ХЕҰ зерттеуінде, сондай-ақ жұмыссыздар саны, әсіресе, әйелдер арасында белең алғаны мысал етіледі. Бүгінде жаһандық жұмыспен қамту нарығында әйелдердің үлесі 39% шамасында. Оның ішінде тұрғын үй және тамақтану саласындағы жастардың 51%-ын, көтерме және бөлшек сауда қызметкерлерінің 41,7%-ын, жылжымайтын мүлік және басқа да қызметтер саласындағы мамандардың 43,8%-ын жас әйелдер құрайды екен. Әлем бойынша пандемияға қарсы күрестің алдыңғы қатарында денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау саласында жұмыс істейтін 11,8 млн жас жүрсе, олардың 74%-ға жуығы әйелдер көрінеді. Дүниежүзілік банк болжамынша, COVID-19 пандемиясы салдарында әлемдік экономика 5,2%-ға дейін құлдырауы мүмкін. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең терең құлдырау көрсеткіші деуге тұрарлық. Халықаралық ұйым дамыған елдердегі экономикалық белсенділік 7%-ға төмендейді деген де болжам айтады. Бизнесті құтқару маңызды Қазақстанның 60-тан астам шағын, орта және ірі бизнес басшылары мен бірқатар банктердің, даму институттары мен бизнес-қауымдастық өкілдерінің арасында сауалнама жүргізген KPMG Kazakhstan аудиторлық компаниясы елімізде төтенше жағдай режимі мен карантин шаралары аясында 300 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі өз қызметін тоқтатты деген қорытындыға келген. Пандемия салдарында 1 млн кәсіпкерлік субъектісі зардап шеккен. Олардың дені қызмет көрсету және сауда саласының өкілдері. Отандық бизнес саласы 1,6 млн шамасындағы адамды ақысыз демалысқа жіберген. 14–15 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі екінші деңгейдегі банктердегі борыштарын өтеу мерзімін ұзартуға мәжбүр болған. Сауалнамаға қатысқандардың 86%-ға жуығы дағдарыс салдары 2021 жылы да сейіле қоймайды деген пікірде. KPMG сауалнамасына қатысқан отандық бизнес өкілдерінің бірқатары, мемлекеттің пандемияға қатысты бизнесті қолдау шаралары аясында үкіметтен салық жеңілдігін (оның ішінде экспортқа бағдарланған кәсіпорындар мен авиация секторындағы компанияларға ҚҚС қайтару бойынша), шығысының бір бөлігін өтеуін және жеңілдетілген несие беруін күтетінін жасырмаған. Сарапшылардың айтуынша, биылдан бастап еліміздегі барлық сала кәсіпорындарының екінші деңгейдегі банктерден жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі бар, бірақ банктердің талабы қатты. Банктер кәсіпкерлік субъектісінің төлем қабілетіне, белгілі бір уақыт кезеңіндегі табыс көрсеткішіне, кепілдікке қоятын мүлкінің болуына мән береді. Ал пандемиядан зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілерінің біразы бұл талаптарға әзірше сәйкес емес. Отандық сарапшылар, шағын және орта бизнеске жеңілдетілген несие беруде мемлекеттің өзі кепіл болғаны жөн деп отыр. «Дағдарыс кезінде мемлекет, ең алдымен, жеке тұлғалардың емес, заңды тұлғалардың жағдайын ойлауы керек. Бизнесті құтқарсақ, мемлекет бюджетіне салық уақытында түсіп, жұмыс орындары сақталады. Жұмыс орындары – халықтың табыс көзі. Салық уақытында түссе, бюджетте ақша болады, тиісінше, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады. Жеке тұлғалардың жағдайы маңызды, әрине, бірақ стратегиялық тұрғыда дәл қазір бизнесті сақтап қалу біздің ел үшін өте маңызды», – дейді сарапшы-экономист Жалғасбек Ақболат. Тәжірибең болса, қам болма Еліміздің еңбек нарығына тән тағы бір өзіндік жаңалық: бүгінде қазақстандық жұмыс берушілер әлеуетті қызметкердің мамандығына не кәсіби біліміне емес, оның жұмыс тәжірибесіне, қабілет-дағдысына барынша мән беруде. Жұмысқа қабылдауда жұмыс берушілер үшін маңызды көрсеткіштер қатарында: қызметкердің шешім қабылдау, талдау жасау, клиентпен жұмыс істеу, мәселені жан-жақты шеше білу қабілеттерімен қатар, процесті автоматтандыру, экологиялық негізде ойлау, эмоциялы интеллект сынды дағдылық талаптар да жоқ емес. «Пандемия кезінде компаниялар жаңа онлайн-өнімдерді белсенді түрде дамыта бастады, педагогтар қашықтан оқыту бағдарламаларын игеруге кірісті, мейрамхана бизнесі байланыссыз тағам жеткізу қызметіне көшті, фитнес-жаттықтырушылар бейне-жаттығулар ұсына бастады. Пандемия салдарында еңбек нарығында кез келген өзгерістерге оңай әрі тез бейімделе алатын «икем дағдысы» бар, жаңа технологияларды меңгерген мамандарға деген сұраныс өсіп отыр», – дейді HeadHunter компаниясының маманы Дана Қасымова. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының зерттеуінше, қазақстандық жұмыс берушілердің жартысына жуығы білікті қызметкерлерді іздеген болса, ІІІ тоқсанда кәсіби жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс артқан. Әсіресе, өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да ұқсас салаларда. Бұл мамандықтарға электронды еңбек биржасында I тоқсанда 19,5 мың бос жұмыс орны жарияланса, II тоқсанда сұраныс көрсеткіші 50 мыңға дейін артқан. Электронды еңбек биржасындағы деректер бойынша, ІІІ тоқсандағы сұранысқа ие мамандықтар қатарында: жол қызметкерлері, күзетшілер, жүк тиеушілер, елді мекенді абаттандырушы жұмысшылар, бастауыш сынып мұғалімдері, әлеуметтік қызметкерлер мен аула сыпырушылар бар. Орталық мамандарының айтуынша, пандемияға дейін отандық еңбек нарығында: есепші, күзетші, инкассатор, дүкен сатушысы және олардың көмекшісі, автокөлік жүргізушісі, кеңсе қызметкері (жалпы профиль) сынды қызмет түрлеріне сұраныс басым болған. Ал пандемия аясында оффлайн негізде жұмыс істейтін сатушылар мен кеңсе қызметкеріне сұраныс азайған. HR сарапшысы Аида Егембердиеваның айтуынша, қазіргі таңда онлайн негізде жұмыс істеуге тәжірибелік қабілеті мол қызметкерлерге сұраныс жоғары, бірақ пандемиядан кейін онлайн тапсырыс беру қызметіне сұраныс ептеп басылады. Дегенмен, ел азаматтары уақытын, энергиясын, қаражатын үнемдеуге үйреніп қалғанын ескерсек, онлайн қызмет заман талабына сай маңызды сала ретінде қала бермек. Қазақстанда жұмысбасты халық шоғырланған салаларға сауда, ауыл шаруашылығы, білім беру, өнеркәсіп, құрылыс және көлік тасымалы жатады. Бұл салалардағы мамандар жалпы жұмыс істейтін 8 миллион 700 мыңнан астам адамның 70%-ын құрайды. 2020 жылы әсіресе, сауда, қызмет көрсету, тасымал саласының қызметкерлерінің саны біршама кеміді. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,9% деңгейінде ғана. Яғни, жұмыспен қамту орталықтарына тіркелген жұмыссыздар саны 448,8 мың. Бұл пандемияға дейінгі кезеңнен 0,1%-ға ғана артық. Шынтуайтында, жұмыссыздар саны бұдан көп екендігі анық. Сонымен қатар, пандемия кезінде біліктілігі төмен және тұрақсыз жұмыстағы адамдар: даяшылар, жүк түсірушілер, тазалаушылар, сатушылар, ас үй жұмысшылары жұмыссыз қалғандығын да айта кеткен жөн. Электронды еңбек биржасында түйіндеме мен бос жұмыс орындарының саны биыл өткен жылмен қарағанда екі есе артқан. Пандемия жағдайында жалпы жоғары білікті кәсіби мамандарға, электронды сату, бухгалтерлік қызметтер, ақпараттық технология, Интернет, байланыс, банк саласы мамандарына, жүргізуші, интернет-маркетологтар, әлеуметтік медиа маркетологтарға тапшылық бар. Ең көп бос жұмыс орындары медициналық сала қызметкерлері мен білім беру саласының еншісінде. Еңбек нарығындағы осындай фонда жоғары білікті мамандардың басқа мемлекеттерге қоныс аудару тенденциясы байқалуда. Мәселен, 2022 жылы жалпы көшіп кетушілер мен келушілер саны карантинге байланысты алдыңғы жылмен салыстырғанда аз болғанымен, 15 599 адам қоныс аударып үлгерген. Оның ішінде техникалық білімі барлар – 4471, экономистер – 2332, педагогтар – 1454, медицина салаларының қызметкерлері – 759 адам. Жалпы салалар бойынша сальдо – минус 1119. Жалпы бұл тенденция 2014 жылдан бері тұрақты өсіп отыр. Осы орайда Қазақстан үшін экономиканының нақты секторларында көбірек жаңа жұмыс орындарын ашып, білікті мамандарды жұмысқа тартып, біліктілігі төмендерді қайта оқыту маңызды бола бермек. Әсіресе, нақты бір өнім шығаруға бағытталған, өңдеуші өнеркәсіп саласында тұрақты жұмыс орындарын ашу, халықтың кірісінің көлемін арттыру – әсіресе жұмыссыздық жоғары аймақтар үшін аса өзекті. Ал еңбек нарығы ары қарай мына бағыттар бойынша трансформацияланады: икемді жұмыс кестесі сақталады, жұмыс барысындағы жиналыстар мен келіссөздерді онлайн өткізу жалғасып, үйден жұмыс жасаушылар үлесі артады. Әсіресе, үй жағдайында жұмыс істеушілер үлесі артып, кеңселерге деген сұраныс азаяды; жаңа жағдайға бейімделмеген немесе тұрақты табысын сақтап қала алмаған шағын кәсіпкерлік өкілдері бірігуі немесе ары қарай жұмысын да тоқтатуы мүмкін; тұтынушылардың талабы артып, қызмет көрсету саласында тұтынушы үшін бәсеке күшейе береді, осыған орай ұйымдар одан ары қарай да барынша тұтынушыларға бағытталған сервис ұйымдастыруға тырысады; жұмыс берушілер ұқсас қызметтер көрсетуге бір ғана маманды жұмысқа алуға ұмтылады: еңбек нарығында «бес аспап», кез келген жағдайға, өзгеріске икемді, soft skills қабілеттерге ие мамандарға сұраныс артады; әлеуметтік медиа мамандары, мәліметтер сарапшысы (дата-аналитик), IT-мамандарға және онлайн білім, бизнес-кеңестер беруге, тауар жеткізушілерге деген маман тапшылғы жалғаса береді. Осылайша пандемия жекеленген адамдардың мамандығын ауыстыруына, басқа салаға бейімделуіне ықпал етуде. Осы орайда оқу орындары білім сапасын күшейтіп, мамандық түрлерін қайта қарауы тиіс. Жоғары білім дипломдары емес, қысқа мерзімді курстар оқыған, нақты бір сала бойынша кәсіби дағдылары бар мамандарға сұраныс арта бермек. Қазір еңбек нарығында географиялық, ұлттық шектеулер жоқ. Бұл мүмкіндікті жұмыс берушілер мен іздеушілер де барынша қолдануда. Онлайн-қызметтердің өсуімен бұл тенденция ары қарай да күшейе береді.
R ақпарат