Азаматтық болмысын, тұлғалық рөлін өскелең ұрпаққа көрсетіп, еліне өлшеусіз қызмет еткен біртуар перзенттің бірі – Төлеген Тәжібаевтың атын халық ешқашан ұмытпақ емес. Соның ішінде адал ұлының атқарған сара жолы жерлестері үшін үлгі-өнеге, зор мақтаныш. Бүгін Шымкент қаласында ел үшін еңбек етіп, оның дамуы мен гүлденуіне орасан зор үлес қосқан азаматтың өмірі мен ғылыми- ұйымдастырушылық қызметін зерттеу, оны өскелең ұрпақтарға насихаттау азаматтық парыз. Биыл қоғам қайраткерінің туғанына 115 жыл толып отыр. Осы бағытта биыл да көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, дипломат, ірі қоғам қайраткері, академик Төлеген Тәжібаевтың артта қалдырған мұрасын зерттеу, өзі өлсе де сөзі мен ісі мәңгілік жасайтын алып тұлғаға құрмет көрсету іс-шаралары жалғасын тауып келеді.
Былтыр Шымкент қаласында жерлестерінің қолдауының арқасында біртуар перзентіне арнап алып ескерткіш бой көтерген. Ал биыл алтын ұя есімін иеленген Т.Тәжібаев атындағы мектеп-гиназиясы мерейлі датаны мерекелеу шараларын өткізуді тау тұлғаның ескерткіші алдындағы жиыннан бастап отыр. Бұдан кейін мектеп ұжымы да ары қарай игілікті іс-шараны жалғастырып, ұрпақ бойындағы патриоттық сезімді арттыру мақсатында ғалымның өмір жолын таныстыру жұмыстарын жалғастыратын болады.
Осылайша бүгін қала жұртшылығы мен мектеп ұжымы, Ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері академиктің ескерткіші алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым қылды. Бұдан кейін жиналғандар алып тұлғаның атқарған қызметі мен өмір жолын, азаматтық әрі адамгершілік асыл қасиеті туралы жылы естеліктерімен бөлісті.
Бүгінде бұл ескерткіш қаланың қақ ортасында шырай беріп қана қоймай, өскелең ұрпақтың бойындағы ұлттық сезімді оятуға септігін тигізіп келеді. Расында да ендігі жерде бұл ескеркіш өскелең ұрпаққа ғалымды өнеге ретінде ұлықтау, ғылыми мұрасын дәріптеу әрі кейінгі буын алдындағы ұшан-теңіз парызын, борышын бір мысқыл болса да орындауға деген ұмтылыс пен ізгі ниетті оятарына шүбә жоқ.
ТҰЛҒАҒА ТАҒЗЫМ – ТАРИХҚА ҚҰРМЕТ
