«Айтпаса сөз атасы өледі». Әркім тек өзінде барды көреді. Түркістан облысына осы қашан жөн сөзді дұрыстап айтатын, ойын анық жеткізе алатын орынбасар келеді екен осы? Бейсен Тәжібаев анау, «жемқорлыққа қатысты сауалға «бұл елдің привичкасы» дей салды. Ертай Алтаев мынау, «жастар айтты» деген пікірінде жетектеліп жүр. Сол жастардың санасына өзгеріс, салиқалы ой салатын адам кітап пен газет журналдардың ортасында отырып алып, «Қазіргі жастар бізге шағым айтып келеді, неге газетке көп ақша бөлесіңдер, керек емес деді» дегені болды. Қайдағы көп ақша? Қанша жас, қашан осылай депті? Сол кезде бұл орынбасар, сарабдал да кемел ойдың иесі болса: «Жастар, сендердің пайымдарыңа керек дүние айтайын ба? Талай жиындарыңа қатысып жүрмін. Араларыңда сұрақты дұрыстап қоя алмайтындар өріп жүр. Сауал қою жанры басылымның «интервью» деп аталатын бөлігінде кездеседі. Сұрақты орағытып, ойнатып жіберетін, үйрететін нағыз мектеп сол. Бір ауық газет ақтарыстырып, журналистер мектебінің сауал қою шеберлігін меңгеріңдер»,-демей ме? Әй, бірақ, өзі жарытып ой қорытып, мандытып сөзін жеткізе алмай, «привичка» деп жүргендерден мұндайды күтудің өзі қиын ау…
Менің «Қайда сөйлейтініңді, қашан сөйлейтініңді, кімге сөйлейтініңді біл!» деп осы қақылдап жаза беретінім кімнің есінде? Сонда Ертай Алтаев айналасындағы тұрған кітап, газет журналдың «құшырынан» қорықпады ма? Қалам атаның «киесі» ұрады ау деп ойланбады ма? Сондағы сөзін естіп, селк ете қалған біздің, журналистердің обал сауабы кімге? Ана кәсіпкер әйелдерді жағалай бермей, Қалам атаның қасиеті қонған біздерді бір жинап алып, осындай өзіне ұнамды жастардың пікірін жеткізіп, ойымызды білуге де талпынбайды ғой бұлар. Кәсіби журналистер мен блогерлерді жіті ажырата алады дегенге де күмәнім бар. Бұлар сөйлей бермей, сөйлей білетіндердің деңгейін де ажырата алмауы мүмкін. Ажырата алса, өздері кемеліне келтіре ой айтар меді.
Бәленің барлығы «еттен сүйекті ажыратып тастағандай» қылып, дәстүрлі оқуды сырып тастап, әлеуметтік желінің жетегінде кеткенімізден болып отыр деп ойлаймын. Алдына шыққанды талғамай жұтқанның арқасында сөздік қорымыз, ой-пайымымыз жұтаң… қарапайым сұрақ қою мен оған жауап беру жұқалтаң. Бергі бетінен қарасаң, арғы бетінен күн көрінеді. Тым жұқа. Содан шығар, журналист көрсе, «жын қуғандай» қашатындары. Содан ба, көбісі өзі орашолақ сұрақ қойып, сол сұрағының ішіне келте пайымды жауабын тықпалай кететін баз бір былшылбай блогерлерге сұхбат бергенді жөн көретіні… Орашолақ сауалға келте ой үйлесімін тауып өздерінше болып-толып, дамып жататыны…
Сөздің салмағы, кесімді ойдың құны жоғалып бара жатқанда Ертай Алтаевтың айтқаны ақиқат болса, газеттеріміздің аты тым болмаса, ЮНЕСКО-ның «Қызыл кітабының» тізімінен табылсын да… Әкім орынбасарлары онда осыған күш салып берсін! Жаңа бір дәуірлерде, газет деп жаны күйзеліп күңіреніп жүрген Көсемәлі Сәттібайұлы, Абай Балажан, Нарымбетова Бейсенкүл сияқты аты аталып, аталмай жүрген еліміздің аудандарындағы «оқырманын жоқтаған ащы өксіктері тамағына тас болып тығылған» қаншама журналистер бар, солардың бірі қайта туылар бәлкім. Өлгенде өзім мен Ербол Молдабек сияқты газетті жан тәнімен сүйетін, түркістандық билік «шала.сауатты инфокиллер» санайтын біз бір дәуірде қайта туылар болсақ ше? бұл Ертай Алтаев сияқтылар дәл қазір ақордадағы биліктің қадамы мен айтқанын ұқпай, онсыз да шалажансар күйдегі газетімізді бүгінде»жерлеп» тастады. Бір дәуірлерде қайта туылар болсақ, бүгінгі жасай алмаған газеттіміздің атын сол қызыл кітаптан тауып алып, тарихын сол оқитын толқынның кезінде жалғастырайық та… Сондықтан біздің үміт шоғымызды Ертай Алтаев сияқты пайымдағылар табанына таптамай ақ қойсыншы…
Aqorda, Aida Balayeva, Берік Уәли, Karin Erlan, зиялылықта зияндылық жоқ екенін, «зам» әкімдерге түсіндіретін уақыт жеткен сияқты. Мен осы бір әкімнің орынбасарын білемін. Тым әмбебап. Сөйлегенде, ойын жеткізгенде шын жүйрікті сүріндірердей жетік. Ой кемеліне, сөз кемеріне риза болғаным соншалықты, «бетіңізге мақтасам, тоқырап қаласыз ба, тоқмейілсуіңізге себеп болғым келмейді» деп кеттім. Кешегі Үкімет отырысында президент әкімдер мектебін қалыптастыру турасында жақсы айтты. Бүгінгі «замәкім» ертеңгі әкім! Тапсырма орындағыш болып көрінетін баз бір «мақұлбайлардан» гөрі елдің ортасына түскен билік өкілдеріне «сөз сарасын қиыннан қиыстырар ер данасы» керек. «Бұл күндегі тұлғалық болмысы қалыптаспаған жергілікті жердің көшбасшысы таптаурын пайым, таяз пікірімен елді қалай ертеді?» деп Тоқаев та елеңдейтін сияқты ма деп қалдым, кешегі отырыстағы әкімдер мектебі туралы айтқанын оқып отырып… Тепкілеп жүріп, шенеуніктер мен шенді шекпенділерді, арысы Ақорданың зиялыларын елдің ішіне кіргізді. Бұқараның мұң мұқтажын құлақпен естіп, көзбен көруді әдетке айналдырды. Енді дарабоздықтың «көк дөненін» ерттеп мінетіндерді дайындау үшін електен өткізуді тамтұмдап бастап жатқан сияқты. Сондықтан бұл жауапкершілікті әкімдер ғана емес, әкім орынбасарлары да сезінсе ғой…
Алия Ортаева-журналист