• Пн. Фев 24th, 2025
Популярные метки

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ БОЛАШАҚ ҰРПАҚТЫ БОЛАШАҚ ҰРПАҚ ДЕП КӨРМЕЙДІ МЕ?

Автор:admin

Янв 29, 2025
Spread the love
Әлде Ертай Алтаев мырза, сізді еліміздің бүгіні мен Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бүгінде жүргізген саясаты, жасаған жұмысы, жолдауларда, басқа саяси науқанда айтқандары салынған сайт пен әлеуметтік желі аккаунттары жойылып кетсе, болашаққа аз ақпар қалатыны туралы ой мазаламайды ма? Мәселен, отыз жылда Нұрсұлтан Назарбаев пен оның еңбегі туралы қажет кезінде аудандық, қалалық, республикалық деп бөлмей, мақалаларын басылымдарға жариялау кең етек алды. Олар архивтерде қалды. Мен үшін мәңгілікке мұра болу жолы толыққанды қалыптаса қоймағандай көрінетін әлеужелі мен сайт өшіп кетсе, сонда Сіз елу, яки жүз жылда Тоқаев туралы санаулы басылымнан басқасынан болашақ газет оқитын толқын ешқандай мәлімет таппай қалсын деп тұрсыз ба? Түсінбедім… СІЗГЕ БАСЫЛЫМ ҚАЖЕТ БОЛМАСА, бұл БАСҚА ТОЛҚЫН ОҚЫМАЙДЫ, БАСҚА ТОЛҚЫН МАҚАЛА ЖАЗА АЛМАЙТЫН БОЛАДЫ деген сөз емес қой.
Әлқисса… «Билік сенімен емес, сен билікпен сыналасың, атқамінерлер!»,-десем, «мынау «инфокиллер» қоймайды екен»,- деп кінәлап шығасыңдар ма, Түркістанның ат төбеліндей креслодағы «төрелері?» Менің бұлай деуіме себеп бар. Қалам ұстаған қауым жиналған алқалы жиында сөз алған Түркістан облысының орынбасары Ертай Алтаев «қазір ешкім газет оқымайды, барлығы әлеуметтік желіден оқып жатыр. Біз басылымды жаздыртып бере алмаймыз, шулап кетеді. Менің жазыл дегенім «қылмыс» болады. Оның үстіне көбісі пресс-релизді көшіріп басады.»,-деген сарында сөз айтты. Әлеуметтік желіні желпінтіп, дәстүрлі БАҚ-ты «жерге тыққандай» еткен ойға отырыстағы газетті идеология құралы санайтын, оның да «бір күні таңы атарына» сенімді орта, аға буын өкілдерінің біразы кәдімгідей іш тартып қалды.
Бұл не ой, қандай сөз? Газет оқитын ат төбеліндей оқырманды елемеу ме, әлде менсінбеу ме? Оқитын ұрпақтың өсіп келе жатқанын ескермеу ме? Айналайын ау, «қоғамдағы дәстүрлі БАҚ-тың рөлін қалай арттырамыз?» деп, Aqorda жанталасып жатқанда, оның осы жартыкеш пайымына жол болсын… Мен тілге тиек еткен басылымды оқитын шоғыр топтың арасында президент те бар. Жылда «Ана тілі», «Егемен Қазақстан» газеттеріне сұхбат беріп, басылымды «масыл баладай» көретіндер мен «мұрын шүйіре» қарайтын талай шенеуніктің дәл осы ақпарат құралына шұқшиюына жол ашып отыр емес пе? Сайып келгенде, Астанада жағдай мүлдем басқа. БАҚ атасы саналған «үнпараққа» құрмет жоғары. Оны заман көшінен қалмауы үшін әжептеуір қаржы бөлдіртіп, өшірмей, өлтірмеуіне күш салып отыр. Нақтылап айтайын, өздерінің «хайпы» үшін емес, өскелең ұрпаққа аманаттап жеткізу үшін. Оқитын толқынның өсіп келе жатқанына олар сенеді. Жергілікті атқамінерлер ұқсап берген «бес теңгесін» «міндет қылып», әкімнің аты аталмаса, мемлекеттік тапсырыспен жазылған мақалаларын қабылдамай, «иттен ары», «шошқадан бері» қылып жатқан жоқ. Яғни, жоғары билік басылымға бірталай ақша бөлсе, өздерінің «пияры» үшін емес, қоғам игілігі жолында бөлдіртіп жатыр.
О, Құдіретті АП! Жергілікті атқарушы биліктің осындай «жабайы» пайымын жөндеп бермесеңіздер бізде өркениетті елдердегідей бір ауық газет ақтарыстырып, таным көкжиегін кеңейтетін толқын қалай қалыптасады? Басқасы басқа, әкім немесе оның орынбасарларының бұл салаға көзқарасы тураланбаса, туырлықтай тоз-тозы шығып бара жатқан жергілікті басылымдарды қалай ұстап қаламыз? «Айтпаса сөз атасы өледі»,-деген атам қазақ… Сайып келгенде, жазылымды «құбыжық», газет журналистерін пайымы төмен » жексұрын» қылуға өзіміздің өңірлердің «самы» мен «замы» себепкер болған жоқ па екен осы? Бір жақты күстаналай бермей, екінші тараптың «астыртын қадамын» да бағамдап көрейікші… Қоғамның ғана емес, биліктің де «құлақкесті құлдарының» ішінде өшер шамның білтесіндей өлуге айналған газетті сүйер журналистердің қазақ басылымына баласындай қарайтын іңкәрлігі «жоғалып бара жатқан» оқырманына сыңсу айтып, қан жылап жатыр. Олардың ішіндегі «ботасынан айырылған інгендей» боздаған жоқтауы «қайдан пайда болды?» дейтін, іздеушілері Астанада отырғанда, бізде «ДАТЫМЫЗДЫ» айтпасақ, болмай кетті, Берік Уәли , Karin Erlan мырзалар…
Мен жоғарыда, Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлының дәстүрлі БАҚ-ты сақтап қалу да, ел игілігіне жарап жатқан саяси ұстанымының бірі екенін жазып өттім. Ал еліміздің жер-жеріндегі ахуал қалай болып жатыр? Олар президенттің айтқанын естиді ау, бірақ басқа нәрсені істейтінін дәл қазір өмірдің өзі дәлелдеп жатқан жоқ па? Қаржы жүрген жерде, «аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесіннің» кері келіп, өтірікпен кебінделген талай шындықтың осы бүгін беті ашылып, талай былықтың жария болып жатқанын теріске шығармайтын боларсыздар.
Назарбаев сайлаған атқарушы биліктің баз-бірі басылымды «қолжаулыққа» айналдырып жіберді ғой. Ия, ия, өзінің мүддесі үшін «итке сүйек лақтырғандай» қылып, тиын-тебен бөлдірді де, «уақытша отырған сарайларының бұлбұлдарына» айналдырып алғысы келді. Оларды жазары бар журналистің қарымы мен оқырман талғамы қызықтырған жоқ. Газет сынынан кейін Астана оқып қойып, жегізетін «тоқпағы» мен «пияры» қызықтырды. Сол кездегі салмағы бар дәстүрлі БАҚ-тың атасы саналған құралдың мақтаулысына айналғысы келген «маңғаздық» тұрды. Ия, ия, олар оқырман талғамымен санаспады. Қауқары қаша бастаған басылым басшылары дәрменсіздіктен сауатты корректордан бастап, пайым-парасаты кең кадрларынан айырылу былай тұрсын, қайтсек, газетімізді сақтап қаламыз деп жанаталасып кеткен жоқ па? Күні кәдімгідей әкім-қараларға қарап қалған жоқ па еді?
Мәселен, аудан қалалардағы мемлекеттік тапсырыстың орындалуын насихаттайтын басылым менде де болды. Сондай бір заман келді. Қазір сол кезде отырған билік кетті, Құдайға шүкір. Сол кезде, типография шығынын жабуға жететін қаржыны мен жылап, олар жылатып әзер беретін. Мақаланы қабылдату үшін тексеруге апарасың, әкімі аралаған обьект, әкімінің фотосы мен аты жөні болмайды екен, қосшылары туралы жазбайды екенсің, жазғаның қабылданбайды. Сының шын болса да, өтпейді. Сен олардың президент тапсырмасына атүсті қараған тұстары туралы айтып көрші, кінәлісің. Ақордаға басылым туралы, сол газеттің басшысы туралы бұрмаланған ақпараттардың жетіп жатқаны өтірік пе? «Саясатты айт» деп конкурс жариялайды. Астарында әкімді мақтамады деген кінә тұрды. Содан құрыдық па деген ой ғой бұл. Бәрін қойшы, кеткен біреуді күстаналаудан, кінәлаудан аулақпын. Жай ғана әркімнің өз шындығы бар екенін жеткізгім келді.
Хош делік… Мен былтыр «басылымдарға қоғам назарын аударту, дәстүрлі БАҚ-ты дамыту, қоғамдағы рөлін қалыптастыру туралы» бір шараға Астанаға барып қайттым. Сол жиында жоғары жақтың газетке деген құрметін көрдім. Ауыл-аудандардағы журналистердің осы ішіндегі шеменде болып қатқан шерді тыңдап қана қоймай, ақпарат министрлігіндегілердің уақыт шектеулігіне қарамай, әрбірінің сауалына ыждаһаттылықпен жауап беріп жатқанын көрдім. Әкімияттағыларға мүлдем кереғар көрініс. Оларға «хайп» керек емес, нәтижеге жұмыс жасап жатқанын түсіндім. Астанада мемлекеттік тапсырысқа берген ақшасына ешкім «президентті мақта, үкіметті жақта» деп жатқан жоқ. «Жасап жатқан саясатымызды елге жеткіз!», — деп отыр. Бес теңгесін беріп алып, бұлдаған жергілікті билік өкілдеріне әлеуметтік желі заман ағымына сай жасалған жүйе ғана емес, өздерінің тегін жарнамасы іспетті. Арзанқол «хайпы» мен «пияры» үшін таптырмас құрал. Содан соң болар, Түркістан облысының орынбасары әлеуметтік желіні былайша айтқанда «қатты жақсы көреді». Содан соң шығар, аудандарының фейсбуктағы ресми парақшаларында облыстың әкімі, соның барған келген жерлері мен көрген обьектілері жаппай жарияланып жатыр…
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Ертай Алтаевқа дәстүрлі БАҚ-ты ұрпаққа аманаттап қалдыру, Президенттің газет саясаты, журналистер туралы ойы, қала берді өсіп келе жатқан оқитын толқын қызық емес сияқты. Яғни бұл мырза болашақ ұрпақты «шопақ» құрлы көрмейтіндей ме, қалай өзі? Олардың газет оқуға құлшынысын зерттемек тұрмақ, құштарлығын оятуды былай қойғанда, қалам ұстаған қауымның бірнешеуінің үкілеген үмітін «өлгеннің үстінен тепкендей» қылғаны қалай кетті? Астанадағы билік «газетке қоғамдық көзқарастың оң имиджін қалай қалыптастырамыз, өңірдегі осы ахуалды қалай жандандырамыз» деп бас қатырып жатыр. Ал жергілікті биліктің біреуі, Түркі әлемінің астанасы-Түркістанда отырған орынбасар, Президенттің сенімді өкілінің орнын басады деп сеніп отырған Ертай мырза болса, қазіргі «шопақтан» ертең үлкен тал өсіп шығатынына» сенбейтін сияқты ма?
ЕРТАЙ МЫРЗА, СОЛ БЫЛТЫР БАРҒАН «MEDIA WEEK» ЖОБАСЫНАН МЕНІҢ КӨРІП, КӨКЕЙГЕ ТҮЙІП ҚАЙТҚАНЫМ, АСТАНА ГАЗЕТТІҢ БАСШЫЛАРЫНАН «ҚАЗАҚ БАСЫЛЫМДАРЫН САУЫҚТЫРУ» ТУРАЛЫ КЕШЕНДІ ЖОБА КҮТІП ОТЫР. СІЗДІҢ АЙТҚАНЫҢЫЗ МЫНАУ. Біздің «елді мемлекеттік мекемелерге иек артпай-ақ, жазылымға тарту жобамызға қаржы қайдан табамыз» деп шақшадай басымыз шарадай болып жүргенде, Сіздің ана ойыңыз, президенттің айтқанын ұқпай отырғандай әсер қалдырып қана қойған жоқ, өлеусіреген үмітіміздің шоғын сөндіріп жіберді. Адам жанына тимей, абайлап сөйлесеңіз қайтер еді а? ӘЛДЕ, ҚАЗАҚҚА ҚАЗАҚ БАСЫЛЫМЫ ТЫМ БОЛМАСА БОЛАШАҚ ҮШІН ҚАЖЕТ» ДЕП ЕСЕПТЕМЕЙСІЗ БЕ?
Алия Ортаева.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика