Ағымдағы екі жылда Қазақстанның солтүстігінен оңтүстігіне қоныс аударушылар үшін тұрғын үй сатып алуға 12 млрд теңгеден астам қаражат бөлінбек, деп хабарлайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жоспары бойынша 2021-2022 жылдары солтүстік Қазақстан облысына 12,2 млрд теңге бағытталады. Оның ішінде 2021 жылы – 4,2 млрд теңге, ал 2022 жылы – 8 млрд теңге. Бұл еңбек күші артық өңірлерден қоныс аударушылар үшін тұрғын үй сатып алуға арналған қаражат. 1,7 мың дайын бір пәтерлі үй сатып алу жоспарлануда. Биыл – 714, ал келесі жылы – 1 мың.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы қоныс аударушыларға төленетін төлемдерге 2,4 млрд теңге қарастырылған.
Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары, Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан жұмыс күші артық өңірлер деп аталды. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмысшылар жетіспейді.
Барлығы 7 мыңнан астам адамды немесе 2 мың отбасын қамту жоспарлануда.
Еңбек министрлігінің ақпаратына сәйкес, отбасының әрбір мүшесіне көшуге біржолғы төлем 35 АЕК (2021 жылы 102,1 мың теңге) құрайды.
Сондай-ақ, тұрғын үйді жалдап, оның коммуналдық қызметтеріне де ақы төлеу бойынша қаражат қарастырылған.Қазақстандағы Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) ақпаратына сәйкес, 2019 жылы көші-қон процестеріне 1 миллион 173,2 мың адам (сыртқы көші-қон процестеріне – 57,5 мың және ішкі көші-қонға – 1 миллион 115,7 мың) тартылған, бұл арада уақытша және еңбек миграциясы есепке алынбаған. шкі көші-қон ауқымының осылай күрт өсуі аймақтардың экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан жіктелуінің көрінісі. Аймақтарды бір-бірінен айыратын ең маңызды факторлар – табыс деңгейі мен жұмыссыздық.
Мемлекет осы маңызды процестің салдарынан орын алуы мүмкін қауіп-қатерлерді азайту үшін бірқатар қадамдарды жүзеге асыруда, дегенмен, бұл шаралардың тиімділігі сұрақтар туғызады. Бұл жерде айтылып отырған мәселелер, ең алдымен, халқы едәуір тығыз орналасқан, жер ресурстарының тапшылығы бар, Қазақстанның басқа облыстарына қарағанда еңбекке жарамды адам саны әлдеқайда көбірек оңтүстік аймаққа қатысты. Оңтүстік облыстардағы халық саны солтүстік аймақтардағы халық санынан екі есе көп.
Бір ғана Түркістан облысының халық саны Қазақстанның төрт солтүстік облысының халық санын қосқандағы көрсеткішке жақын.
Әйтсе де, ішкі мигранттар үшін өте тартымды болатын аймақтардың көбінесе ағымдағы мигранттарды қабылдауға әлеуеті жетпейді. Бірақ билік артық еңбек ресурстарын осы ресурстар жетіспейтін аймақтарға бағыттау дұрыс деп шешті. Яғни, оларды халық саны кеміп жатқан, «босаған жерлер» артып жатқан еліміздің солтүстік аймақтарына жіберілу көзделді.
Айта кетерлік жайт, ИИДМБ-ын іске асырудың негізгі бағыты саналатын Қазақстанның басты өнеркәсіп салалары осы солтүстік пен шығыс өңірлерде орналасқан. Аталмыш фактор ескеріле отырып, индустрияландыру міндеттерін орындау және осы салаларда қажетті жаңа жұмыс орындарын ашу үшін қоныстандыруды жүргізу туралы шешім қабылданды. Бүгінгі таңда елімізде жұмыс күші мол оңтүстік аймақтардан еңбекке жарамды адамдар тапшы солтүстік аймақтарға азаматтарды көшіру бағытында екі мемлекеттік бағдарлама жұмыс істеуде.
«Мәңгілік ел жастары – индустрияға» — «Серпін-2050» білім беру бағдарламаcы 2014-ші жылдан бастап жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама аясында оңтүстік аймақтардан келген жастардың: білім беру, техникалық немесе ауыл шаруашылығы ғылымдары саласында негізгі үш бағыттың бірі бойынша тегін оқытылып, қажетті білімді алған соң солтүстікте тұрғылықты қалуы көзделді. Оқу барысында грант иегерлеріне жатақхана берілді және шәкіртақы төленді.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы, аймақтардағы еңбек диспропорциясын жоюға, еңбек ресурстарының ұтқырлығын ынталандыруға бағытталған. Бұл бағдарлама қатысушыларына келесідей субсидиялар арқылы мемлекеттік қолдау көрсетіледі: қоныс аудару шығындарын, 12 ай бойы тұрғын үй жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерін төлеу.
Бағдарлама аясында жер учаскелерін тегін пайдалануға беру де қарастырылған. Бұдан бөлек тағы да басқа қолдау шаралары көзделеген: қоныс аударушылардың еңбекақысын субсидиялау, сондай-ақ оларды оқыту және қайта мамандандыру.
Мемлекет 2018 – 2022 жылдар аралығында 59 мың отбасының қоныс аударуына қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.
Жыл сайын үкімет аймақтар мен жұмыс берушілердің еңбек ресурстарына қажеттілігін ескере отырып, ішкі қоныс аудару квотасын анықтайды. Негізі бағдарлама шеңберінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандыққа сай азаматтарды көшіру қарастырылған. Бұл тұрғыда көбінесе жоғары білікті мамандарға деген сұраныс басымырақ.
Кесте 1. Еліміздің оңтүстік аймақтарындағы қазақстандықтардың солтүстікке қарай қоныс аударуын қолдау
Бөлінген қаражат, млн.теңге | Қоныс аудару квотасы, адам | |
2019 | 1,000 | 7,771 |
2018 | 2,400 | 6,363 |
2017 | 710 | м.ж. |
Облыс әкімдіктерінің арасында өзара іс-қимыл және үйлестіру мәселелерін шешу үшін осы бағытта меморандумдар жасалды. Жыл сайын оңтүстік аймақтарда солтүстік аймақтардың жұмыс берушілерінің қатысуымен аймақаралық бос жұмыс орын жәрмеңкелері өткізіледі, қоныс аудару квоталары арттырылады. Алайда, адамдардың бұл бағдарламаға деген қызығушылығы мол болғанымен, оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқандардың саны төмен болып тұр.
2018 жылғы деректер бойынша негізгі қоныс аудару орталықтары ірі қалалар, оның ішінде бірінші кезекте Нұр-Сұлтан, Алматы, сондай-ақ миллион тұрғыны бар үшінші қала – Шымкент болған. Мұның ең айқын көрінісі халқының басым бөлігі Алматы, Алматы облысы мен Маңғыстау облысына кетіп жатқан Түркістан облысы. 2018 жылдың қорытындысы бойынша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бекіткен төрт солтүстік аймақта көші – қон бойынша – 1 094 адамға теріс сальдо қалыптасты, яғни бұл мемлекет бекіткен квотадан бірнеше есе аз көрсеткіш.
Ал еліміздің жас азаматтары үшін негізгі тартылыс орталықтары бұрынғысынша жақын маңдағы ірі қалалар, бірінші кезекте Нұр-сұлтан мен Алматы болып табылады. Ал аймақаралық көші-қон, жасалып жатқан түрлі шараларға қарамастан, негізінен іргелес өңірлермен шектелуде.
Қоныc аудару бағдарламасы тиімділігінің төмен болуының себептері
Бұл бағдарламалардың тиісті деңгейде тартымды бола алмауына себепші болған кешенді проблемалар туралы айтқан жөн. Әрине, көші-қон саясатының тиімділігі жүзеге асырылатын шаралардың толық ойластырылғандығымен, өзара байланысты болуымен, объективті мән-жайларды ескерумен және бағдарламалардың орындалуын қадағалаумен айқындалады.
Тиімсіздіктің ең маңызды себептері:
- Тұрғын үй мәселесі.Білім алған көптеген студенттер тұрғын үйдің жоқтығынан өз аймақтарына кері қайтады. Бұл мәселені шешу үшін «Серпін» бағдарламасы мен «Дипломмен ауылға» бағдарламасын интеграциялау қарастырылуда. Бірақ бұны жүзеге асыру механизмдері әлі әзірленбеген. Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы тиімділігінің төмен болуының басты себебі тұрғын үйге бөлінетін қаражаттың жеткіліксіздігі, тұрғын үй сатып алуға бөлінген бюджеттік несие туралы шешімдердің ашық болмауы екенін ескеру қажет.
«Еңбек» бағдарламасы бойынша қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы айтар болсақ, бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс берушілердің қатысуымен көшіп келгендер үшін тұрғын үй салу және сатып алу механизмдері сынақтан өткізілуде. Нәтижесінде облыста алдағы үш жыл ішінде қоныс аударушылардың үш мыңға жуық отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.
- Жұмысқа орналасу мәселесі.Нарықтағы ұсыныстар көбінесе қоныс аударушылар үшін айтарлықтай тартымды емес. Оның үстіне солтүстік аймақтарда білім алған түлектерге маусымдық сипаттағы, аграрлық сектор кәсіпорындарында жұмыс ұсынылатын жағдайлар да жиі кездеседі.
Жалпы, оқу бітірушілерді жұмысқа орналастыру мәселесін шешу үшін салалық және аймақтық құрылымдардың іс-қимылын нақты үйлестіру, бизнес пен жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық орнату қажет. Алғашқы жұмыс орнын ұсыну бойынша кәсіпорындардан белгілі бір кепілдіктер алынғаны жөн. Бұл туралы 2018 жылдың соңында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі айтқан болатын. Бүгінгі таңда «Серпін» бағдарламасы аясында дуалды білім беру тек ішінара жүзеге асырылуда.
- Инфрақұрылымды дамыту, жергілікті жерлерде әлеуметтік-экономикалық жағдай жасау.Ескірген инфрақұрылым – көші-қонның төмен болуының ең маңызды себептерінің бірі. Оңтүстік аймақтардан көшіп келген мигранттар көбінесе жайлы өмір сүру және еңбек жағдайларына жасалмаған шалғай ауылдарға қоныстандырылды. Бәлкім келген отбасылардың біразы дәл осы себептен, яғни тұрмыс жағдайларына көңілі толмағандықтан өз аймақтарына кері қайтты.
- Жобалардың тиімді бола алмауына әлеуметтік-мәдени фактор да қатты әсер етеді.Оларға мыналар жатады: табиғи-климаттық жағдайлар, тіл мәселесі, халықтың менталитеті, сондай-ақ, оңтүстік және солтүстік аймақтардағы еңбекті ұйымдастыру және мәдениет айырмашылықтары. «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға түскен бірінші курс студенттерінің ЖОО өміріне бейімделу процесін зерделеуді қамтитын зерттеуде, қатаң маусымдық ауа-райының олардың бейімделуін қиындататынын анықтады. Оған қоса студенттер үшін қазақ тілінің диалектілік ерекшеліктерін меңгеру кедергі болды. Сонымен қатар, орыс тілін үйрену қажеттілігі де істі қиындатты.
Солтүстік және оңтүстік аймақ менталитетіндегі айырмашылық маңызды рөл атқарады. Осының салдарынан қоныс аударушылар менталитеті өздеріне жақын аймақтарды таңдайды. Айта кету керек, тіпті репатриация легі қазақтардың, елді мекендердегі қолайсыз жағдайларға қарамастан, туыстары тұратын аймақтарға қоныстануға тырысатындығы туралы тезистің дұрыстығын дәлелдеді. Яғни, мәдени фактор – негізгі анықтаушы факторлардың бірі. Шындығында, көшіп келген мигранттардың біразы туыстық байланыстарының үзілуінен жаңа жерге үйренісіп кете алмады. Зерттеушілердің айтуы бойынша, тек еңбек нарығы мен белгілі бір аймаққа деген мәдени байланыс сезімі көші-қонның іске асырылуын айқындайды.
- «Серпін» бағдарламасының тиімділігінің төмен болуына әсер ететін факторлардың қатарына келесілер де кіреді:жобаларды іске асыруға жауапты ресми операторлардың, басшылықтың жиі ауысуы, себебі осының салдарынан бөлінетін грант саны тұрақсыз болады.
- Жұмыс күші тапшы емес аймақтарда білім беру.Бүгінгі таңда студенттер жұмыс күшінің тапшылығы жоқ бірқатар аймақтарда оқытылуда. Нәтижесінде нағыз жұмыс күші тапшылығы бар облыстардың білім беру мекемелеріне қажетті гранттардың бір бөлігі ғана беріледі. Мысалы, 2017-2018 оқу жылында жұмыс күші тапшы негізгі төрт аймақтың үлесіне бөлінген гранттардың жалпы санының жартысы ғана тиесілі болды – 50,7 %.
Депопуляция және солтүстік аймақтардың «елсізденуі» себебінен елдегі еңбек ресурстарын ұтымды бөлістіру міндеті бүгінгі таңда стратегиялық маңызды міндеттердің бірі. Дегенмен, қоныстандыруға қатысты іске асырылып жатқан шаралардың жүйесіз, ретсіз сипатқа ие болуы, атап айтқанда, «Серпін» бағдарламасының түлектерін тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру мәселелері бұл бағдарламалардың тиімділігінің төмен болуына тікелей әсер етеді.
Қоныстандырылған аймақтардағы халықтың тұрмыстық жағдайы салыстырмалы түрде артықшылыққа ие болуы керек және ол ең алдымен экономикалық сипатта болуы керек, яғни көшіп келгендерге лайықты жағдай жасалуы тиіс. Өйткені жасалып жатқан әкімшілік шаралар тек мемлекет пен жеке азаматтың мүдделері бір-біріне сәйкес келгенде және олар экономикалық тұрғыдан нығайтылған жағдайда ғана сәтті бола алады.
Бұған қоса, азаматтардың аймақтағы жағдайды нақты бағалай алуы және көшуге байланысты мәселелерін шешуі үшін қоныстануға перспективалы немесе керісінше ұсынылмайтын аумақтар мен елді мекендерді анықтау механизмі болуы керек. 2019 жылы ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыруға, келешегі бар ауылдарды анықтауға және сол жердегі инфрақұрылымды дамытуға, өндірісті жүргізуге бағытталған қаражат бөлу туралы мәлімделді. Дегенмен, бұл жобалардың қалай іске асырылатыны, оларды іске асырудың тиімділігі қалай бағаланатыны әзірге белгісіз.
Мигранттарды бейімдеуге, атап айтқанда, әлеуметтік-мәдени сипаттағы шараларды жасауға, солтүстік аймақтарда тұратын мигранттар мен азаматтарды біріктіруге, аймақтағы ортақ мәдени сезімді қалыптастыруға бағытталған шараларды жүзеге асыру да маңызды болып табылады.
Жұмыс орындарына қатысты айтар болсақ, дамыған елдерде сәтті түрде жүзеге асырылған, депрессиялық аймақтарды дамыту және аймақта жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ететін негізгі жұмыс күшін тұтынатын өндірістерді дамыту үшін ынталандыру мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі оңтайлы болуы мүмкін.
Көші-қон саясатының тиімділігін арттыру мақсатындағы жасалатын зерттеу мен реттеудегі ең маңызды объекті халықтың бірнеше рет орын ауыстыруы және көшіп-қонушылардың жаңа қоныстану орындарына сіңісіп кете алуы болуы тиіс. Бүгінгі күні іске асырылып жатқан бағдарламалардың тиімділігін талдау бірінші кезекте бұрынғы тұрғылықты жеріне оралмаған, реципиент-аймақтарда тұрып жатқан қоныстанушылардың үлесі туралы деректердің болмауынан қиындап отыр.
«Серпін» әлеуметтік жобасы мен «Еңбек» бағдарламасын үйлестірген жөн және соңғы бір-екі жыл ішінде солтүстік аймақтарға көшкен отбасылардан шыққан жастардың «Серпін» білім беру бағдарламасына қатысу мүмкіндігін қарастыру өте маңызды.
Бағдарламаның экономикалық тұрғыдан тиімділігі және орындылығы туралы мәселе көтерген зерттеушілермен келіскен жөн.
Ағымдағы жағдай және белгілі нәтижеге қол жеткізу ескеріле отырып, міндетті түрде бағдарламалар айтарлықтай пысықталуы тиіс.
Еңбек ресурстарын ұтымды бөлістіруге бағытталған қолданыстағы бағдарламалардың тиімділігіне көп жағдайда олардың көші-қон ағындарын ескеріп-ескермеуі әсер етеді, ал бұл жайт қоныс аудару процесінің тиімділігіне тікелей әсер ете отырып мигранттардың жағдайын әлдеқайда жеңілдетеді.
Ресейдегі осыған ұқсас бағдарламаларды жүзеге асыру тәжірибесіне сүйенсек, зерттеушілердің байқауынша, ресейліктердің басқа аймақтарда жұмыс істеуге дайындығы іс жүзіндегі жұмыссыздыққа және адамдардың ағымдағы жұмысына қанағаттанбауына байланысты емес екен. Сондықтан ішкі көші-қон саясатын қалыптастыруда ішкі қоныстану ағыны факторын ескеру қажет деген қорытынды жасалған.
Сонымен, аймақаралық көші-қонның артуына әсер еткен басты себеп отбасылық және жеке себептер (58%), бұрынғы тұрғылықты жеріне оралуға ұмтылу (16%) болды.
Көші-қон үшін аса маңызды «тартымды» факторлар туыстық және достық байланыстардың болуы, «аймақтың астаналық мәртебесі».
Яғни, болашақта бағдарламаларды жетілдіру барысында мигранттардың қоныстану орындарына сәтті бейімделуі үшін, олардың шығу аудандарын таңдау тұжырымдамасын ескерген және қолданған жөн болар.
Осылайша, елімізде ішкі және сыртқы көші-қон, сондай-ақ еңбек және этникалық көші-қон салаларында белгілі бір үрдістер бар дегенді білдіреді. Қазақстанда жыл сайын миллионнан астам адам ішкі көші-қонға қатысады, 88% – облысішілік және 12% – аймақаралық көші-қон. Динамика ірі қалалар мен аймақтарда толып кетуге және басқа жерлерде халық санының теңгерімсіздігіне әкеледі. Ішкі көші-қонның негізгі векторы солтүстік облыстардан Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына көшу болып отыр. Бұл үш қаланың ел халқының жалпы санындағы үлесі 1992 жылғы 11,1%-дан 2021 жылы 22,6%-ға дейін өскен.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2012 жылдан кейін Қазақстанда халықтың эмиграциясының тұрақты өсуі байқалады, бұл көші-қон ағынының азаюымен бірге теріс көші-қон балансының айтарлықтай өсуіне әкелді. Сыртқы көші-қонның теріс сальдосының көрсеткіші 2013 жылғы -0,3 мың адамнан 2019 жылы -33 мың адамға дейін өсті.
Барлық осы көші-қон процестері көші-қонмен байланысты заманауи талаптарға жауап беретін интеграцияланған және инновациялық көзқарасты талап етеді. Тиімді көші-қон саясаты көші-қон мәселелерін реттеуге көмектесіп қана қоймай, мигранттарға да, қоғамға да пайдалы болады.
2021 жылдың 10 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстандағы ХКҰ-мен бірлесіп көші-қон саясаты тұжырымдамасының жобасы (2022–2026) талқыланды. Ұлттық дөңгелек үстелге жұмыс тобының мүшелері, оның ішінде мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми ортаның және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Орталық Азия бойынша үйлестіруші, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстандағы ХКҰ миссиясының басшысы Зейнал Гаджиев және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірінші вице-министрі Ақмади Сарбасов кіріспе сөз сөйледі. Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдеріндегі ХКҰ миссиясының басшысы Зейнал Гаджиев:
— Халықаралық көші-қон ұйымы Қазақстанда 20 жылдан астам жұмыс істейді және көші-қон саясаты тұжырымдамасының жобасын талқылау және оны кейіннен жүзеге асыру бастамасын құптайды. Тұжырымдамада қазақстандық еңбекші-мигранттар мен жастардың көші-қонын қорғау мәселелері, сондай-ақ көші-қон бағдарламаларын бағалау мен мониторингілеуге назар аудара отырып, мигранттармен жұмыс істейтін азаматтық қоғамды қолдау және институционалдық даму мәселелері көтерілді. Көші-қон саясаты тұжырымдамасының жобасы инновациялық құжат болып табылады, бір жағынан ол Қазақстандағы қазіргі көші-қон жағдайының шынайылығына сай келеді. Екінші жағынан, ол болашаққа бағытталған және оны орын алып отырған жаһандық көші-қон сын-қатерлері мен Қазақстан Республикасының стратегиялық даму мақсаттарына назар аудара отырып қарастырады, — деді.
Халықтың көшіп-қонуы қазіргі Қазақстанның шындығы. Ел аумағындағы көші-қонның әртүрлі нысандары оның заманауи жаһандық көші-қон ағындарына ашық болуының нәтижесі болып табылады. Халықтың көші-қоны мемлекет, қоғам және мигранттардың өздері үшін оң әлеуетке ие, десе де ол бірқатар тәуекелдермен байланысты.
Мигранттардың шыққан және баратын елдері де бірқатар жаһандық көші-қон проблемаларына тап болады. Бір мезгілде көшіп-қонушылардың шыққан, баратын жері және транзиттік елі болып табылатын Қазақстан жағдайында бұл сын-қатерлер мемлекеттік саясаттан бір мезгілде көп қырлы жауаптарды талап етеді. Осылайша, көші-қон саясаты көші-қонның «плюстерін» күшейтуге және оның «минустарын» жұмсартуға арналған. ХКҰ көші-қон мәселелерінде алты негізгі қағидатты басшылыққа алады: Бұл принциптер көші-қон мәртебесіне қарамастан және барлық уақытта барлық мигранттардың қауіпсіздігін, қадір-қасиетін, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғауға негізделген; босқындар мен мигранттардың көп санын құтқаратын, қабылдайтын және қабылдайтын елдерге қолдау көрсету;
мигранттарды интеграциялау – олардың қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін, сондай-ақ қабылдаушы елдердің қажеттіліктері мен мүмкіндіктері ескеріледі;
ксенофобиямен, нәсілшілдікпен және барлық мигранттарға қатысты кемсітушілікпен күресу;
осал мигранттармен жұмыс жасау бойынша нұсқаулықтарды әзірлеу;
және көші-қонды жаһандық басқаруды күшейту. Осылайша, Қазақстанның көші-қон саясаты тұжырымдамасының жобасы осы негізгі әлемдік қағидаттарды көрсетуге және оларға сәйкес келуге арналған. Қолданыстағы көші-қон жүйесін жетілдіру мақсатында өткен жылы заңнамаға елімізге келетін мигранттар мен этникалық оралмандар үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздейтін түзетулер енгізілді; шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілердің шетелдік білікті жұмысшыларды қазақстандық кадрлармен ауыстыру жөніндегі міндеттемелері қолға алынды. 2021 жылы көші-қон қатынастарын одан әрі дамыту аясында үш негізгі міндет белгіленді. Біріншісі – Қазақстан Республикасының 2022 – 2026 жылдарға арналған көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын қабылдау. Екіншісі – шетелдегі қазақстандық жұмысшыларды жұмыспен қамту және құқықтық қорғау тұрғысынан тиісті жүйені енгізу, үшіншісі – кадрлардағы қазақстандық қамтуды 97 пайыздан кем емес деңгейде қамтамасыз ету. Қазақстан бұл кезде әлі оралмандарды қабылдаудың заңды мүмкіндіктеріне ие емес еді. Содан кейін-ақ өзге елдерден қазақ оралмандарын қабылдаудың заңды негізін анықтау туралы мемлекетаралық келісімдер жүргізу үшін қажетті заңды құжаттар даярлауға байланысты шым-шытырық жұмыстар басталды. 1993 жылы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті «Иран Ислам Республикасынан және басқа мемлекеттерден отандастарымызды көшіріп алуды ұйымдастыру шаралары және иммиграция квотасы туралы» қаулыға қол қойды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 21 сәуірде қабылдаған қаулысына сәйкес, «Көші-қон туралы» Заңдарда көзделгендей оралмандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, тұрғын үй сатып алу үшін ұзақ мерзімге несие беру мәселелері көрсетілген. Алайда жылда үкімет тарапынан квотаға бөлінетін қаржының жетіспеуінен бұл мәселелер әлі де толық шешілген деп айту қиын. Қаржы тапшылығы мен тұрғын үй қорыны жеткіліксіздігінен, азаматтық алу тәртібі мен тіл мәселесіне байланысты кедергілер және жұмыссыздыққа байланысты қиындықтар кездеседі.
Көші-қон барысында кеденнен оралмандар дүние-мүлкін алып өтуде қиындыққа кезігеді. Кеден салықтарының жоғарылығынан олар бүкіл мал-мүліктерін кеденнен өткізе алмайды. Сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалардың ішінде Түрікменстан мен Өзбекстанда үй-жайларды сатуға 10 жыл мерзімге дейін шектеу қойылған. Сондықтан олар жеке меншік үйлерін долларға немесе теңгеге сата алмай, тастап кетуіне тура келеді. Бұл мәселені мемлекет тарапынан бақылап отыру үшін Қазақстанда көші-қон мәселесімен 1997 жылы құрылған «Көші қон және демография агенттігі» айналысады. Көші-қон мәселесі тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-саяси өмірінде елеулі рөл атқарады. Көші-қон мәселесінің барлық құқықтык әрекетін 1992 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Көші-қон туралы» Заңы реттеп отырады. Осы Заң негізінде Республика үкіметі қабылдаған шаралар жүзеге асады. Заңда көшіп келушілерге жан-жақты көмек көрсету, қамқорлық жасау шаралары белгіленген. Мәселен, 2001 жылы 600 отбасына көшіп келушілердің квотасы белгіленді. Жобада әр жылға орта есеппен 20 мың отбасын көшіріп әкелу қарастырылған. XX ғасырдың 90-жылдарында Қазақстанда демографиялық жағдайдың нашарлауына, республика халқының құрамында жастар азайып, қариялар санының артуына байланысты халық санын арттыруға бағытталған белсенді демографиялық саясат жүргізуді қажет етеді. Бұл саясаттың бір бағыты шетелдердегі қазақ ұлтын Қазақстанға қайтару болып табылады.
1991 жылдан 2000 жылға дейінгі кезеңде Қазақстанға жалпы саны 176 мың адам болатын 41 мың отбасы оралды, оның ішінде 63,5 мың — Моңғолиядан, 4,8 мың — Ираннан, 2,4 мың — Түркиядан, ТМД елдерінен 103 мың адам болды. Қоныс аударып келушілерді шыққан елдеріне қарай екі топқа бөлуге болады: алыс шетелдерден және бұрынғы Кеңес Одағы республикаларынан келген қазақтар. Бұрынғы КСРО-дан шыққан оралмандардың әр түрлі республикада болғандарына қарамастан, ортақ кеңестік менталитеті байқалып тұрады, сондықтан оларға Қазақстанның тұрмыс жағдайына бейімделіп кету оңай.
Шетел қазақтары болса, өмір сүрген елдеріне байланысты іштей ерекшеленіп тұрады. Бұл әсіресе дін ұстауы, білім деңгейі, сыртқы жағдайға бейімделе білу дәрежесінен байқалады. Оралмандар неғұрлым аз елдер әлеуметтік—экономикалық және саяси жағынан анағұрлым дамыған қоғам.
XX ғасырдың 90-жылдары әлемдегі геосаяси өзгерістерге орай, жергілікті, аймақтық жанжалдар саны арта түсті. Осы отқа оранған елдердегі қазақтар босқын статусымен Қазақстанға келе бастады. 1998 жылгы желтоқсанда Қазақстан 1951 жылғы БҰҰ конвенциясына және оның 1967 жылғы босқындар статусы туралы хаттамасына қосылды.
Осы игілікті заң шараларына орай республикаға 15 мың босқын, негізінен, Ауғанстаннан оралды. Олардың көпшілігі Түркістан облысына орналастырылды. Халықаралық ұйымдардың қолдауымен босқын-оралмандарға гуманитарлық жәрдем беру бағдарламасы қолға алынды. Тарихи Отанына келген қоныс аударушыларды жұмыспен, баспанамен қамтамасыз ету, азаматтық алу мәселелері алаңдатуда. Осы қажетті жағдайларды жүзеге асырудың күрделілігінен қоныс аударушылар қазіргі Қазақстанның тәртібі мен жағдайына қиындықпен көндігуде. Мемлекет тарапынан оралмандарды жұмыспен қамту жөнінде бірқатар жұмыстар жүргізілді. Олардың көпшілігі ауылдық жерлерден шыққандықтан, оларға жер және фермер қожалығын құруға қажетті құрал-сайман бөлінді. Шағын несие беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Алайда оралмандардың бәрі бірдей алғашқы тоқтаған жеріне тұрақтап қалмады, Моңғолиядан келген оралмандар Көкшетау, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда облыстарын қолайлы көрсе, Ираннан келгендер — Алматыға, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарына орналасуға тілек білдірді. Соңғы кезде олардың республикаішілік көші-қоны байқалуда, бірсыпыра оралмандар Қазақстанның оңтүстік облыстарына көшсе, бірқатары елді мекеннен ірі қалаларға қарай жылжуда. Бұл оралмандардың әлеуметтік-экономикалық мүдделеріне байланысты. Оралмандардың көпшілігі азаматтық алу моселесінде күрделі кедергілерге кезігуде. Өзбекстандағы көптеген қазақтар «өзбек» болып жазылып, қалың өзбектердің арасында ғүмыр кешуде. Түбі қыпшақ, қоңырат руларынан шыққан құрамалардың арасында да қазақтар көптеп кездеседі. Сонымен қатар Өзбекстан Республикасының азаматтығынан шығу ісі де қазақтарға оңайға түсе қоймайды. Оралмандардың басым көпшілігі Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарында, Алматы қаласына, Қарағанды облысына қоныс тепті. Елімізге қайта оралғандар Қазақстанның азаматтығын алуда. Ауғанстаннан келген қандастарымызға да азаматтық іркіліссіз беріледі. Өйткені оларда ешбір елдің азаматтығы жоқ. Өзбекстанда бұл мәселе жылына бір немесе екі рет-ақ қаралады екен. Өзбекстаннан және Түрікменстаннан келген ағайындарымызда бұрынғы КСРО-ның Қызыл төлқұжаты болса, ол бірден біздің еліміздің азаматтығына қабылданады. 1995 жылы Қазақстан Республикасында туратын «шетел азаматтарының құқықтары туралы» Заң шықты. Сол заңда шетел азаматы Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын болса, оның құқығы Қазақстан азаматтарының кұқығымен бірдей болатыны тайға таңба басқандай етіп жазылған. Олар сайлауда дауыс беру құқығына ие емес. Қазақстанда қос азаматтыққа жол берілмейді, ол келген елінің азаматтығынан шығу да айтарлықтай заңды түрде күрделендірілген.
Әсіресе Моңғолия азаматтығынан шығу өте қиын, бұл осы елдегі қазақтардың отанына оралу үдерісін қиындата түсуде. Ал Қазақстан азаматтығының жоқтығы оралмандар жағдайына көлеңке түсіруде. Мемлекет оралмандардың бейімделу барысын жеңілдету мақсатында бірқатар шараларды жүзеге асыруда. Отанына көші-қон квотасымен оралған қазақ отбасына баспана беріледі. Квотасы келіп, баспананы өздері салғандарға миграция және демография басқармасы комиссиясы арқылы мүмкіндігінше қаржылай көмек көрсетеді. Мемлекет өзін және отбасын қамтамасыз ете алмайтын, бұл жөніндегі қажетті құжаттары түгел адамдарға қамқорлық жасауды мойнына алған. Көшіп келгендерге бірінші кезекте үй бөлу, қарыз ақша беру туралы «Тұрғын үй» Кодексінде де айтылған. Алайда мұндай шаралар қолға баяу алынуда. Жергілікті атқару органдары оралмандармен жұмысқа ерекше мән береді. Аймақтарда «Оралмандар күні» өткізіліп, мұнда олардың мәселелері қаралады және әкімдердің қатысуымен кез келген мәселеге байланысты нақты шешімдер қабылданды.
R ақпарат