Шымкентте халықты табиғи газбен қамту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгін Қаратөбе тұрғын алабы көгілдір отынға қосылды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жергілікті тұрғындармен бірге газды іске қосу шарасына қатысты.
Мегаполис басшысы азаматтармен кездесу кезінде әрбір елдімекеннің газдандырылуы экологиялық тұрақты орта құру және қолайлы жағдай жасау жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Сондай-ақ, газды пайдалануда сақтық шараларын қатаң сақтау қажеттігін ескертті.
Бұған дейін халық тұрмыста сұйытылған газ, көмір және отын пайдаланып келді. Бұл халық үшін едәуір қиындық туғызған әрі адам өмірі үшін де қауіпті. Енді көгілдір отынға қол жеткізген тұрғындардың жылыту шығындары да азаяды.
Айта кетейік, газдандыру жұмысы 2024 жылдың мамыр айында басталған. Қазіргі таңда 62 абонент газға қосылды.