Шымкентте «SHYMKENT IT HUB – МҮМКІНДІКТЕР АЛАҢЫ» атты форум өтті. Форумға IT саласының мамандары, оқушылар және студенттер қатысты.
Цифрландыру басқармасы ұйымдастырған форумының мақсаты — IT саласын насихаттау және Shymkent Hub-тың мүмкіндіктерімен таныстыру. Өңірлік хаб аясында өз жобаларын дамытып жүрген бірқатар компания басшылары технопарктің әлеуеті туралы баяндап берді.
– Қазіргі таңда өздерінің болашағын IT саласымен байланыстырған жастар көп. Осы форумды өткізудегі негізгі мақсат – IT саласын дәріптеу, одан әрі дамыту, жас мамандарға, оның ішінде ақпараттық технологиялар факультетінде оқып жүрген студенттерге өңірлік хабтың мүмкіндіктерімен, қолдау тетіктерімен таныстыру. Цифрландыру – кеңінен дамып келе жатқан сала. Қазір барлық жүйелер автоматтандыруды талап етеді. Өз мүмкіндіктеріңізді одан әрі дамыту үшін осы хаб ашылып отыр. Коворкинг орталықтарының да сіздер үшін есігі әрдайым ашық, – деді Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов
Жиында Шымкент хабтың өңірлік менеджері Тимур Қозыкеев технопарктің басты мақсаты – IT экожүйесін дамыту мен жаңа жобаның жұмыс бағыттарына тоқталды. Сондай-ақ, IT компаниялардың өкілдері де өздерінің стартап және әлеуетті жобалары жөнінде айтып өтті.
Айта кетсек, биыл тамыз айында қалада «Shymkent Hub» ашылған еді. Еліміздегі технологиялық кәсіпкерлікті ілгерілетуді көздейтін сала мамандары үшін орталық үлкен мүмкіндік береді. Жаңа бастама өңірлердегі талантты мамандарды қолдап, олардың кәсіби өсуі мен дамуына жағдай жасайды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ел экономикасын дамыту үшін цифрлы технологияларды белсенді ендірудің маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Соңғы рет өткен жылы шетелдік инвесторлар кеңесінде Президент цифрландыру үрдісіне Қазақстан үшін ұлттық деңгейдегі басымдық деген баға берді. Президенттің айтуынша, алдағы бірнеше жылда еліміз Еуразия жүрегінде ең ірі және алдыңғы қатарлы цифрлы хабтың біріне айналуды мақсат тұтып отыр. Цифрлы технологияларды ендіруге жұмсалған күш-жігер халық санасына тікелей әсер ете отырып, қоғамның бет-бейнесін түбегейлі өзгертіп келді.
Дегенмен цифрландыру үдерісі – жоғарыда айтылғандай тоқтаусыз алға қарыштап дамып бара жатқан әлемдік тренд. Бұл әлемдік трендтен еліміз тыс қала алмайды. Сондықтан жаһандық трендке жылдам бейімделіп, еліміз экономикалық, инновациялық және технологиялық тұстарын жетік меңгеріп, пайдалы жақтарын барынша алуға тиіс. Ал жастардың ақпараттар ағымын сараптап, сыни ойлау қабілетін дамыту қажет. Жастар барлық мәселені рационалды және демократиялық тәсіл тұрғысынан қарастыруға тиіс. Мемлекет осы орайда әлемде цифрландыру үдерісінен туындаған трансформация жағдайында ақпараттық қауіпсіздік саласына қатысты заңнамалық негіздерді қайта қарап, оларды уақыт талабына сай үнемі жетілдіріп отыруы қажет.