Шілде айынан бастап Шымкентте OPEN AIR форматындағы концерттік шаралар қала тұрғындары мен қонақтары үшін үлкен мереке мен қуанышқа айналды. Бұл шара 8 түрлі мәдениет үйінде ұйымдастырылды.Оның ішінде Сайрам тұрғын алабындағы өнерпаздар ордасы да бар. Мұнда «Шымкент концерт» ұжымының өнерпаздары қалың жұртшылықты көтеріңкі көңіл-күймен қуантты.
Мегаполистің мәдени өмірін жандандыру және тұрғындардың өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткізіліп жатқан бұл жоба қаладағы шалғай аудандарды да қамтуды көздеген. Әр сенбі сайын өтетін мұндай кештер қала тұрғындарының сүйікті демалысына айналып, мәдениет пен өнерді бағалауға шақырады. «Шымқала кештері» жобасы арқылы заманауи өнер, музыка, спорт және шығармашылық бір алаңда тоғысып, қаланың мәдени өмірін байытуды мақсат етеді.
Жобаның тағы бір маңызды аспектісі – тұрғындардың әлеуметтік байланыстарын нығайту, сондай-ақ отбасылық және достық қарым-қатынасты арттыру. Кештер жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, адамдар арасындағы араласуды да дамытады. Мұндай шаралар тұрғындардың бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, қаланың мәдениетін жаңа деңгейге көтереді.
«Шымқала кештері» қаланың шалғай аудандарында өтіп, онда шымкенттік шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Олардың қатарында «Шымкент — Цирк», «Шымкент концерт» концерттік ұйымы, «Шымкент қалалық әзіл-ысқақ және сатира театры», «Шымкент қалалық орыс драма театры» және «Шымкент қалалық қуыршақ театры» өнерпаздары бар. Бұл мәдени шаралар шымкенттіктерге тек жақсы көңіл-күй сыйлап қана қоймай, қаланың мәдениетінің дамуына да зор үлес қосуда.
Қоса кететін, қазақ халқының әдет-ғұрпы пен салт-дәстүріне арналған бірегей орталық Шымшаһардың төрінде, 2014 жылдың желтоқсан айында «Мәңгілік ел» идеясы шеңберінде бой көтерген. Әрі мұндай орталық елімізде біреу ғана.
Мәдени оталықта жан-жақты ғылыми-зерттеу және әдістемелік жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Мұнда сан ғасырдан өтіп, біздің заманымызға дейін жеткен рухани байлық бен мәдени мұраны кеңінен насихаттап, терең зерттеуге маңыз беріледі.
Орталық ғимараты Достық және Салт-дәстүр деп екі үлкен залға бөлінген. Қалған бөліктері зерттеу жұмыстарына арналған. Салт-дәстүр залында қала тұрғындары мен қонақтарына қазақтың салт-жоралғылары таныстырылады.
Орталық қызметкерлері кіре берісте бірден көзге түсетіні — жеті қазына мүсіні туралы былай деп түсіндіреді: «Атам қазақ жеті санын қастер тұтқан. Жеті қарақшыға қарап жолын тапса, жеті атасын танып, тарихын білген деген сөз бар. Соның ішінде, жеті қазынаның жігіттің өмірімен тікелей байланысы бар. Жүйрік аты — қанаты, қыран бүркіт — қуаты, құмай тазысы — абыройын асырар сенімді серігі, берен мылтығы — қаһарлы оты, қақпаны — серті, ауы — әдіс-айласы, кездігі — сұсы. Астында 4 түліктің бейнесін көруге болады.