Бүгінде Арыс қаласында «Таза Қазақстан» шарасы қарқынды жүргізіліп жатыр. Оның ішінде, қала сәулетін бұзатын, иесіз қалған ескі ғимараттарды сүруден бастап, арық-атыздар мен каналдарды тазалау, жасыл екпе егу, оны күтіп ұстау секілді ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Арыс-Шымкент тас жолы бойына қаладағы тұңғыш ашылған тұқымбақта өскен жас көшеттер отырғызыла бастады. Арыс топырағына бейімделген ағаштардың дәнінен өсірілген көшеттердің жерсінуі мен өсуі жылдам екені анықталған.
Бұдан бөлек, егілген жасыл екпені шарбақпен қоршау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстарға «Жасыл Арыс» КММ-нің мамандары мен басқа да коммуналдық сала қызметкелері атсалысуда. Ондағы мақсат – қалаға кіреберіс көше бойындағы жасыл белдеуді қорғау әрі қаланың сәулеттік келбетін жақсарту болып табылады.