Сарыағашта аудан әкімі Арман Абдуллаевтың бастамасымен ауданды көркейту, көгалдандыру, мақсатында Сарыағаш қаласының кіреберіс аумағына күзгі көшет егу жұмыстары жүргізілді.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді абаттандыру, көгалдандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес ауданымызда дәстүрлі түрде күз және көктем мезгілдерінде тұрақты түрде ағаштар егілуде. Осы тұста, бүгін отырғызылған ағаштар, оған қоса, алдыңғы мезгілдегі егілген ағаштар жасыл желек саябаққа айналып, болашақта біздің ұрпақтарымыз біздің еккен ағаштарымызды саялайтын болады, — деді аудан басшысы.
Игі шара барысында Сарыағаш қаласы арқылы өтетін А-15 республикалық маңызы бар автожол бойына 100 түп бозарша, 100 түп қарағаш, 100 түп сән ағаштары отырғызылды. Игі шараға аудан басшысымен бірге қызметкерлер, кәсіпкерлер, аудан тұрғындары мен еріктілер атсалысты.
Сенбілік жұмыстары аудан аумағында да жүргізілді. Шара барысында республикалық, облыстық маңызы бар автожолдың, ішкі көшелердің бойына тасталған күл-қоқыстарды, арық-атыздарды тазалау, шөптерді ору жұмыстары жүргізілді. Жалпы сенбілікке 1200 адам қатысып, 3,6 тонна қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарға 18 техника жұмылдырылды.
Айта кетейік, ауданда әр апта сайын сенбілік шарасы өткізіліп келеді. Аталған жұмыстар ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған.