Шымкентте Республика күніне орай қаладағы ең биік ту тұғырына мемлекеттік ту көтерілді. Биіктігі – 100 метр, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
Салтанатты рәсімге мегаполис әкімі, қалалық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, атақты спортшылар, БАҚ өкілдері және қаладағы жастар қауымы қатысты.
Қала тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтаған шаһар басшысы, “Tulip Hall” кешенінің жанында орналасқан жаңа мақтаныш пен бірлік нышаны қала тұрғындары мен қонақтары үшін тағы бір тартылыс орнына айналатынын атап өтті.
Көлемі 30×15 метрлік үлкен туды қаланың әр нүктесінен көруге болады. Салтанатты шараға жиналған тұрғындардың айтуынша, көкке көтерілген ту бірлік пен мақтаныш сезімін тудырып, баршаны бір ту астына жинайтындай әсер қалдырады.
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет басшысы оған «ұлттық мереке» мәртебесін беріп, Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту жайлы бастама көтерді.
Президенттің бастамасы халықтың қолдауына ие болып, дәл сол жылы заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сөйтіп 2022 жылы Қазақстан халқы ұзақ жылдар бойы атаусыз қалған Республика күнін алғаш рет дүркіретіп атап өтті.
Осыдан 34 жыл бұрын 1990 жылы 25 қазанда Советтік Социалистік Қазақстанның Егемендігі туралы Декларация қабылданды.
Бұл ұлы мереке мемлекетіміздің бірлігін, тәуелсіздігі мен егемендігін білдіреді. Ол бізге маңызды тарихи жетістіктерді және әрбір азаматтың туған жеріміздің дамуы мен өркендеуіне қосқан баға жетпес үлесін еске салады. Бұл күні біз Отанымызға деген махаббатымызды, оның ғасырлар бойғы мәдениетін, дәстүрлерін және тұрақты прогреске деген ұмтылысымызды мақтанышпен атап өтеміз.
Баршаңызға бейбітшілік, амандық пен жаңа жетістіктер тілейміз! Қазақстан Республикасы алдағы уақытта да мықты әрі гүлдене берсін!