Республика күні аясында Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы ассоциациямен бірге индустрия өкілдері өнімдерінің көрмесін өткізді. «Tulip Hall» концерт залында өткен іс-шараға 17 шебер қатысып, зергерлік, киіз, тоқыма, былғары өнімдерін ұсынды, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
Көрменің мақсаты — креативті индустрия кәсіпкерлеріне өз өнімдерін монетизациялауға қолдау көрсету, қаланың креативті өнімдерін қалыптастыру және қолөнерді насихаттау.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес. Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе» деген еді.
Бүгінгі таңда қалада 2430 креативті индустрия кәсіпкері тіркелген. Биыл Арбат жаяу жүргіншілер алаңында қаладағы қолөнершілердің қатысуымен 10 жәрмеңке ұйымдастырылып, 2 780 000 теңгеге 1450 қолөнер өнімі сатылды.
Мұндай іс-шаралар қолөнердің ежелгі түрлерін сақтауға, талантты жас шеберлерді қолдауға және мегаполисте креативті индустрияны дамытуға ықпалын тигізеді.