Ауа температурасы төмендеп, күн салқындауына байланысты тұрғындар тарапынан жылуға қатысты көптеген өтініш түскен, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
Осыны ескерген қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауапты орынбасарлары мен басқарма басшыларына жылу жүйелерін мерзімінен бұрын іске қосуды тапсырды. Кестеге сәйкес жылу қараша айының 1-іне қосылу керек болатын. Қала басшысының қаулысымен көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға бүгіннен, яғни қазанның 21-інен бастап жылу беріле бастады.
Қазір қаладағы 26 бөлек орналасқан жылу қазандықтары мен орталықтандырылған жылу жүйесіндегі 17 сорғы станциясы жылу маусымына дайын. Тұтынушыларды жылумен қамтамасыз ету төмендегідей кезектілікпен жүзеге асырылады:
— бала бақшалар, емханалар, мектептер, медициналық-әлеуметтік мекемелер;
— тұрғын үйлер, жатақханалар;
— әкімшілік ғимараттар, оқу орындары, театрлар;
— басқа да ғимараттар.
Төтенше жағдайлардың, адамдардың өлімі мен жарақаттануының алдын алу үшін өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажет. Біз барлық азаматтарды өз қауіпсіздігі мәселесіне мұқият және байыпты қарауды сұраймыз. Егер сіз белгілі бір ережелерді сақтасаңыз, кез келген бақытсыздықтың алдын алуға болады:
— сөндірілмеген темекі мен сіріңке қалдырмаңыз;
— тек жұмыс істейтін пештерді, газ және электр аспаптарын пайдалануға;
— мұржаларды уақтылы күйеден тазалау (үш айда бір рет);
— пешті қатты қыздырмаңыз;
— балалардың отпен ойнауына жол бермеу;
— балаларға пеш жағуға рұқсат бермеңіз және оларға сенбеңіз;
— жанып жатқан пештерді қараусыз қалдырмаңыз және оларға қарауды балаларға тапсырмаңыз;
— пеште немесе оның жанында заттарды кептірмеңіз!
— жарықшақтарды уақтылы бітеу.