• Чт. Ноя 28th, 2024
Популярные метки

Қазақстандағы көші-қон тұжырымдамасының басым бағыттарына қатысты

Автор:admin

Ноя 1, 2022
Spread the love

(Көлемді аналитикалық мақала)

Елімізде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қыркүйектегі № 602 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының тұжырымдамасы жүзеге асырылуда.   Тұжырымдама еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының мақсаттары мен міндеттеріне бағытталған қажетті жұмыс күшімен қамтамасыз етуге және республика аумағы бойынша халықты қоныстандыруға арналған оңтайлы жүйені қалыптастыруға, сондай-ақ көші-қон процестерін реттеуге мүмкіндік береді.  Қойылған мақсаттарға жету үшін Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар шеңберінде мемлекеттік органдардың тарапынан мынадай жұмыстар жүргізілуде: шетелдік және жергілікті жұмысшылардың еңбекақысы арасындағы диспропорцияны тұрақты бақылау (2019 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарда ҚР еңбек және көші-қон заңнамасының сақталуы бойынша 440 тексеру жүргізді).

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелдік және қазақстандық жұмыскерлер арасында кемсітушілік фактілеріне жол бермеу және талаптарды сақтамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікті күшейту бойынша заңнамалық өзгерістерді қарастырды. Сонымен қатар, жұмыскерлерге тең санитариялық-тұрмыстық жағдайлар жасау жөніндегі жұмыс берушілердің міндеттерін белгілеу мәселесі пысықталуда. Біліктілігі төмен шетелдік мамандарды азайту арқылы отандық жұмыскерлерді тарту үлесі артады (қазақстандық азаматтардың саны 1, 2-санат бойынша кемінде 70%, ал 3 және 4-санаттар бойынша кемінде 90% болуы шарт);  мүдделі мемлекеттік органдар, жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтар, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен көші-қон саясатын жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды.  Жұмыс тобының отырыстарында әзірленген ұсыныстарды ескере отырып, еңбек ұтқырлығын арттыру үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қосымша тетіктер енгізілді. Атап айтсақ, 2020 жылдан бастап халықтың шамадан тыс қоныстануына жол бермеу мақсатында Алматы қаласы шығу өңірлеріне, ал еңбек күші тапшы өңірлерді қажетті еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету мақсатында Ақмола және Қарағанды облыстары қабылдау өңірлеріне қосылды;  шетелде тұратын қандастарымыздың Қазақстан аумағында бизнесті дамытуына ықпал жасау үшін 2019 жыл бойы Отандастар қоры бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды. Атап айтқанда, Түркия, Ұлыбритания, Ресей, Швеция, Дания, Норвегия және Финляндия елдерінде орналасқан ҚР Елшіліктерінің қолдауымен қандастарымыз үшін бизнес форумдар өткізілді. Оның аясында қандастарымыз еліміздегі бизнес әлеуеттің дамуымен танысып, өз ісін жүргізу мүмкіндіктерін қарастырды.  Этникалық қазақтарды тарихи отанына қайтару мәселесі бойынша жаңа, жүйелі шараларға қатысты  2016 жылдан бастап 2020 жылғы ақпан аралығында Қазақстанда тұрғылықты тұруға 101 375 адам көшіп келді, оның ішінде этникалық қазақтар – 57 773 адамды құрайды. Олар көбінесе Ресейден, Өзбекстаннан, Қытайдан және Қырғызстаннан көшіп келген.  Шетелдегі этникалық қазақтарды тарихи отанына тарту және оларды еліміздің ішінде бейімдеу мақсатында мемлекеттік органдардың тарапынан мынадай жұмыстар жүргізілуде: 2019 жылғы 15 қарашада этникалық қазақтардың тарихи отанына келгенде қажетті мемлекеттік қызметтерді бір құжаттар тізбесімен электрондық форматта алуына мүмкіндік беретін «бір терезе» қағидаты бойынша бизнес-процестерді оңтайландыру жөніндегі жол картасы бекітілді. Оның аясында оралман мәртебесін, ел аумағында тұрақты тұруға рұқсат және ҚР азаматтығын алу сияқты мемлекеттік қызметтерді композиттік түрде ұсыну көзделді;

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қаралып жатыр.

Аталған Заң жобасы шеңберінде азаматтық алуға құжаттарды қарау мерзімі 6 айдан 3 айға дейін қысқарту қарастырылған. Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған этникалық қазақтарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға шектеусіз рұқсат беру көзделді.  Сонымен қатар, этникалық қазақтар оралман мәртебесін алған жағдайда Қазақстан Республикасы азаматтарына көзделген барлық әлеуметтік қолдауларға қол жеткізе алады. Бұл бағыттағы мақсат – қандастарымызды қоғамға бейімдеу, әлеуметтік қорғау және тең жағдай жасау болып табылады. Қазақстан азаматтығынан шыққан, ұлты қазақ азаматтар санының өсуіне қатысты  2000 жылдардың басында елдегі эмиграциялық процестер тұрақтанды, тіпті оң динамика байқалды (2007 жылы + 33 мың адам). Бірақ соңғы жылдары шет елдерге тұрақты тұруға кеткендердің саны қайтадан өсті және жыл сайын 29-42 мың адам шегінде өзгеріп отырады, бұл халықтың 0,2% құрайды.  Негізінен ел халқы ТМД елдеріне, оның ішінде 87,2% Ресей Федерациясына қоныс аударды.  Елден кеткендердің этникалық құрамы: орыстар – 132,7 мың адам (67,5%); немістер – 11,8 мың адам (5,9%); украиндар – 12,3 мың адам (6,2%); қазақтар – 7,8 мың адам (4%); татарлар – 4,5 мың адам (2,2%); басқалары – 27,8 мың адам (14,1%).  Халықтың көшіп кетуінің негізгі себептері: тарихи отанына оралу және туыстарымен қосылу (РФ, Германия, Израиль, Польша); білім алу және кейіннен жұмысқа орналасу (РФ, АҚШ, Канада, Польша, Германия); өмір мен табыстың жоғары деңгейіне ұмтылу (АҚШ пен Еуроодақ); шет елден отандастарды қайтару бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шараларының болуы (РФ, Польша, Израиль); көршілес мемлекеттердің азаматтары үшін білім гранттарын бөлу (РФ) болып табылады.  Сонымен қатар, Қазақстан түрлі интеграциялық үдерістерге белсенді қатысушы болғандықтан, көші-қонға Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында еңбек ресурстарының еркін қозғалысы, көптеген елдермен визасыз режимдердің орнатылуы, халықаралық деңгейде жоғары білікті кадрлар үшін бәсекелестіктің күшейтілуі әсер етеді.  Елімізден халықтың кетуін азайту мақсатында жастардың тегін жоғары білім алуына 54 мың грантқа қосымша 20 мың грант бөлінді, 11 мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыс орындарын құру индикаторлары енгізілді, жұмыспен қамту шаралары кеңейтілді.  Жалпы, елімізде табиғи өсім көрсеткіші тұрақты жағдайда.  Ақылы негізде шетелден жалақысы жоғары жұмыс ұсынатын агенттіктер мен компаниялардың қызметіне қатысты  Қазақстанда жұмыс ұсынатын агенттіктер мен компаниялардың қызметі «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес реттеледі. Қазақстан Республикасынан шет елге жұмыс күшiн әкету жұмысқа орналастыратын елдiң банктерiне қызметкердің атына кепілді жарна енгiзу арқылы шарт мерзiмi аяқталғаннан кейiн оның өз елiне оралуына жұмыспен қамтудың жекеше агенттiгі кепiлдiк берген кезде ғана жүзеге асырылады.  Бүгінгі таңда елімізде 92 жекеше агенттік аталған қызметтерді көрсетеді. Олардың қызметі жеке тұлғамен келісімшарт жасау арқылы жүзеге асырылады.  Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде ақылы негізде шетелден жалақысы жоғары жұмыс тауып беруді ұсынатын агенттіктер мен компаниялардың жарнамасы маркетингтік қадам болып табылады. Оларды тежеу үшін мемлекеттік органдар тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады.  Еліміздің жастарын шетелдерге кетуге үгіттейтін интернет ресурстарындағы ақпаратқа байланысты мемлекеттік органдар тарапынан шетке кетуге бейім аудиториямен жүргізілетін жұмыс жөнінде Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мемлекеттік бастамалар мен бағдарламаларды ақпараттық сүйемелдеуді 2020 жылға арналған «Жасампаздыққа толы жылдар» бірыңғай республикалық медиа-жоспар шеңберінде жүзеге асырады.  Ақпараттық-түсіндіру жұмысы әртүрлі алаңдарда түрлі форматтар – тақырыптық телебағдарламалар, спикерлердің сөз сөйлеулері, инфографикалар, бейнероликтер, әлеуметтік желілер арқылы жүргізіледі.  Халықтың шетелдерге кетуі, патриоттық сезімді тәрбиелеу, көші-қон мәселелері республикалық және өңірлік телеарналар эфирінде: «Анығын айтқанда», «Актуально», «Интервью», «Өзекті», «Сұхбат», «Online», «Prime time», «Qoǵamdyq talqylaý», «Masele», «Basty taqyryp», «Ақшам алаңы», «Вечерний прайм», «Время вашего вопроса», «Панорама недели және басқа да бағдарламаларда жарияланады. Ақпараттық ілгерілету үшін танымал informburo.kz, tengrinews.kz, nur.kz, zakon.kz, kapital.kz, total.kz, newtimes.kz және т. б. интернет-ресурстарда ақпараттар орналастырылады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүгінгі күнге дейін бұқаралық ақпарат құралдарында аталған мәселелер бойынша 2 636 материал жарияланды (оның ішінде республикалық БАҚ-та – 747, өңірлік БАҚ-та – 434, интернет-ресурстарда – 1 505).  Жалпы, көші-қон мәселесі Үкіметтің тұрақты бақылауында. Әлемдегі өзге де мемлекеттер үшін дамудың ең маңызды проблемаларының бірі – ішкі көші-қон мәселесі. Сырттан халық ағылған сайын, елдегі тұрақтылық пен дамуға қауіп-қатерлер туындайды. Соңғы жылдары Қазақстанда ішкі миграциялық мәселер жиі орын алды. Астанадағы «Абу Даби плазадағы» үндістандықтармен немесе Қарағандыдағы «Ежелгі Римде» армян өкілдерімен орын алған жағдайлар сөзімізге дәлел. Осы ретте әлемдік миграциялық жағдайлар мен Қазақстандағы мәселелерге тоқталып өткенді жөн көрдік. Заңсыз миграцияға байланысты шиеленісті жағдай 2005 жылы Францияда болған жанжалмен айқын суреттеледі. Көптеген елдер тәжірибесіне сәйкес, 1998ж Индонезияда антииммигранттық қайшылықтардан пайда болған Сухарто режимінің құлауы әлеуметтік қайшылықтар мемлекеттік билікке және халық қауіпсіздігіне айтарлықтай кері ықпал туғызғатынын дәлелдеді. Экономикалық даму процесінде заңсыз мигранттардың артуы жұмыспен қамтудың артта қалуына әкеп соқты. Соңғы үш, төрт жылда Қазақстаннан 376 мың адам шығып, 377 мың адам кірген. Халықтың ішкі ауысуының негізгі себебі бұрынғы тұрған орындарындағы қолайсыз әлеуметтік-экономикалық жағдай – жұмыстың болмауы, қалалардың алшақтығы, елді мекеннің тиісті инфрақұрылымының болмауы және т. б. Ал екі қолға бір күрек таба алмай отырған халқы бар мемлекет үшін сырттан келген жұмыс күші ішкі жағдайды одан ары шиеленістіреді. Көшіп-қонушылардың сауалнамасы көрсеткендей, елдегі мигранттардың шамамен жартысы тіркеусіз өмір сүреді. Соның салқыны экономикаға да, халық арасындағы тұрақсыздыққа да кері әсерін тигізді. Қазақстанда заңсыз миграция әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселе саналады. Әлеуметтік зерттеулерге сәйкес, Қазақстандағы реттелмеген ішкі көші-қон салдарынан криминалды жағдайлар артқан. Бейресми дерекке сүйенсек, заңсыз жүрген мигранттар мен құқық бұзушылардың саны 1 млн-нан астам. Мемлекет үшін қауіп болмаған күннің өзінде заңсыз мигранттардың артуы қылмыстың өсуіне, жергілікті халықпен қайшылық туғызуға және саяси тұрақтылықты бұзуға әкеп соғады. 2004 жылғы мемлекеттің арнайы қызметі арқылы Бангладештің 32 азаматы қолға түсті және олардың бангладештік туристік фирма қызметін бас пайдасына асыра пайдаланғаны анықталды. Бұл азаматтардың әрқайсысы 1,5 мың АҚШ долл-нан 2 мың АҚШ доллары көлемінде ақы төледі. 2011 жылдың өзінде миграциялық заңды бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған шетелдіктер саны – 146207. Құқық бұзу салдарынан ресми түрде 13 мыңы елден қуылған. Ал заңсыз босып жүргендері қаншама? Мәселен, 2017 жылы қыркүйекте Астананың ең биік ғимараты «Абу Даби Плаза» аумағында болған төбелеске екі жақтан 30-ға жуық адам қатысқан және бұл ешқандай ұлтаралық қақтығыс емес жай ғана «бұзақылық» деп аталды. Ал жақында ғана Қарағандыда армян этнос өкілдері мен қазақтар арасында кикілжің болып, 1 адам көз жұмды. Әлбетте, түптің түбінде шеттен келген өзге ұлт өкілдеріне басымдық беріліп, жай ғана «тұрмыстық жағдай» деген желеумен бұзақылықтың артын жылы жауып қояды. Осы жағдайдан соң Қарағандының өзінде 30 армян өкілінің заңсыз жүргендігі мәлім болды. 2018 жылдың ортасында Астанада жедел алдын алу шаралары жүргізіліп, көші-қон заңнамасын бұзған 1033 мигрант анықталды. Олардың 828-і Өзбекстан, 51-і Қырғызстан, 71-і Тәжікстан, 29-ы Әзірбайжан, 18-і Ресей, 9-ы ҚХР, 14-і Армения, 6-ы Грузия, 5-і Түркия азаматы. Алматыда осыған ұқсас іспен мыңдаған мигрант тіркелген. Қазірдің өзінде іздеу салынған азаматтар мен бізге беймәлім қылмыстық жайттар баршылық. Осы ретте шешімін таппаған мәселе ретінде тұрғылықты жер бойынша тіркеудің жеңілдетілген тәртібін енгізу маңызды. Бір ғана Алматы қаласының нақты халық санын тек халық санағы кезінде анықтауға болады. Ал халық санағы 10 жылда бір-ақ рет өткізіледі. Соңғы статистикалық мәліметтер бойынша соңғы 6 айда Алматы қаласына тұрақты тұруға 50 мың адам келген. Ал уақытша тіркеуге 188 882 адам тіркелген. Ал тіркелмей жүрген адамдар жайында, шет елдерден келген азаматтар жайында ешқандай нақты мәлімет жоқ. Дүниежүзілік Еңбек ұйымы жария еткен мәліметіне қарағанда, АҚШ бастаған батыс елдерінің миграцияға қарсы қатаң саясатынан кейін бай елдерге миграция ағымы біртіндеп тоқтаған. Алайда, мигранттардың беталысы орташа дәулетті елдерге қарай бұрылады. Бұл елдердің қатарында Қытай мен Бразилиядан тыс, Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь және Түркіменстан қатарлы елдер бар. Табысы жоғары елдерде көшіп-қонушыларға жұмыс күшінің 18,5%-ы келеді, ал басқа топтарда олардың үлесі 1,4% – 2,2% шегінде. Бұл ретте көшіп-қонушылардың жұмыс алуға мүмкіндігі көп: келушілердің 70%-дан астамы экономикалық белсенді, ал тұрғылықты халықтың арасында бұл көрсеткіш 60%-дан төмен. Соңғы төрт жыл ішінде әлемдегі еңбек мигранттарының саны 10%-ға дерлік өсті. Ал Қазақстанда 2017 жылғы қаңтар-мамырда Қазақстанға тұрақты тұруға келгендердің тіркелу саны 2016 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 36,3%-ға көбейіп, 7 204 адамды құрағанын хабарлаған.. Қазақстанда пайдаланылатын шетелдік жұмыс күшінің біраз бөлігін заңсыз мигранттар толықтырады. Олардың арасында маусымдық жұмыстарда істейтін, біліктілігі төмен адамдар басым. Іс жүзінде елімізде Түркия, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Үндістан, Ауғанстан азаматтарының құқық бұзу фактілері жиі тіркеледі. Сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшінің Қазақстандағы үлесінің артуы да криминалдың өршуіне негізгі себеп. Аталған мемлекеттердің үлесіне жұмыс күшінің 60%-70% тиесілі. 2016 жылы Ресейден Қазақстанға 63,7 мың, Өзбекстаннан 53,9 мың адам қоныс аударған. Біріншіден, шеттен ағылған жұмысшылар мемлекеттегі жұмыссыздық көрсеткішін арттырады. Екінші жағынан, технологиялық революция жұмыс күшіне деген қажеттілікті қысқартады. Нәтижесінде іштегі тұрақсыздық арта түседі. Егер заңсыз іс-әрекеттер мен тәртіп бұзушыларға тиесілі шаралар қолданылмаса, ұлттық қауіпсіздік құлдырайды. Ондай жағдайда Кеймада-Гранди мен Дешмоктағыдай аса «криминалды ортаның» пайда болмасына кім кепіл?!. | Материалды көшіріп бассаңыз https://qazaqtimes.com/article/55708 сайтының гиперсілтемесін міндетті түрде қойыңыз. Авторлық құқықты сақтаңыз. Соңғы он жылдықтағы жаһандық гео-саяси болмыстың картинасынан біз халықаралық қатынастардың күрделі жаңа кезеңге аяқ басқанын аңғардық. Бұдан он жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда бүгінгі әлемнің геосаяси бет-бейнесі әлде қайда күрделі қайшылықтарға, әлеуметтік-экономикалқы дағдарыстарға толы. Таяу бірнеше жыл ішінде тұтас әлем күрделі жаһандық жағдайларды бастан өткерді. Геосаяси қайшылықтардан тыс Covid-19 вирусының жаһандық пандемиясын, соның салдарынан болған экономикалық белсенділіктің әлсіреуі, жаһандық жеткізу тармақтарының бүлінуі қатарлы. Ал, қазір Ресей-Украина соғысына байланысты әлемде азық-түлік қауіпсіздігінің жаңа проблемалары туындап отыр. Демек, бұл үрдістер әлем елдері үшін қақтығыстар мен қайшылықтардың, дағдарыстардың дәстүрлі емес қалыптағы жаңа сынақтары пайда боғанын айқындай түседі. Тиісінше, әлем елдері халықаралық қатынастардың осы бір сын-қатерлерін шешу жолдарын іздеуіне тура келді. Бұның қатарында жаңа деңгейге көтерілген және бұрынғыдан әлде қайда ауқымды бола түскен миграция мәселесі де бар. Атап айтар болсақ, ББҰ Босқыдар ісі жөніндегі Жоғары Комиссиясының дерегіне сай, Ресей Украинаға ауқымды әскери күшпен кірген 24 ақпаннан тартып, мамыр айының бас шеніне дейін елден шыққан украиналық босқындар саны 5,7 миллион адамнан асқан. Босқындардың басым көбі Еуропа елдеріне қарай ағылған болса, аз бөлігі Қазақстанды қамтыған ТМД елдеріне кірген. Украина мен Сирия жағдайына сылыстырғанда украиналық босқындар санының қысқа мерзімде өсуі әлем елдерінің назарын аудартпай қоймайды. Біз украиналық азаматтардың ғана емес, соңғы бірнеше айда батыстық салмақты санкциялардың нәтижесінде жұмыс орындарының қысқаруы, шетелдік компаниялардың елден кетуі және экономиканың құлдырауына ілесе Ресейде эмигранттар санының көбейе түскеніне куә болып отырмыз. Бұдан тыс Украинадағы соғыстың сыртқы әсерлерінен азық-түлік импорты қысқарған Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен де миграцияның жаңа толқындары пайда болуы мүмкін деген болжамдар бар. Қазақстан тұрғысынан қарағанда, еліміздегі миграция үрдісінің өзіндік ерекшеліктері бар. Біз шетелдердегі қандастардың тарихи отанына оралуы сынды ұзақ мерзімдік көші-қон бағдарламасын жүзеге асырып келе жатқан ел ретінде, сондай-ақ, осыған дейін Орта Азияның өзге елдерінен және белгілі деңгейде Оңтүстік Азиядан, Орта-Шығыстан Ресейге және Шығыс Еуропаға бағытталған миграция ағынының транзиттік елі ретінде де саналамыз. Ал, қазіргідей жаңа жағдайда Қазақстанның көші-қон саясаты мен оны заңды жүзеге асыру бойынша дайындалған құқықтық нормативтік құжаттарды жаңартудың да кезек күттірмейтін міндетіне тап келеміз. Себебі, Орталық Азиядағы ең ірі ел ретінде біз аталған өңірдегі өзге елдермен салыстырғанда миграция ағынының жоғары жиілігіне тұс келіп отырамыз. Көші-қон фактілері құқықтық негіздері жағынан заңды және заңсыз болып бөлінетінін белгілі. Заңды көші-қон үрдістері белгілі дейгеңде мемлекеттің бақылау мүмкіндігінің аясында болатындықтан, оның қоғамға келтіретін зиян-зардаптары салыстырмалы түрде төмен болады. Ал, халықаралық миграцияның ішінде заңсыз иммиграция көптеген елдің бас қатыратын проблемасы саналады. Себебі, көптеген жағдайда заңсыз иммиграцияға криминалды іс-әрекеттер, көлеңкелі бизнес жүйесі ілесе жүреді. Келтірілген бірқатар атаулы проблемаларға қосымша, Қазақстандағы заңсыз иммиграцияға қарсы күрес бойынша өзге де көптеген мәселелердің бар екені даусыз. Заңсыз көші-қонға қарсы күрес Қазақстан үшін мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бір бөлігі саналады. Дегенмен біз қазір еліміздегі заңсыз көші-қонға қарсы күресте тап болып отырған мәселелердің бірі ретінде толық әрі дәйекті статистикалық мәліметтердің, болжамды нақты көрсеткіштердің болмай отыруын анық айта аламыз. Өкінішке орай елімізде миграция мен заңсыз иммиграция, халықаралық көші-қон мәселелері жөнінде қажетті ғылыми зерттеулер, ғылыми тәжірибелер өте аз жүргізіуде. Бұның өзі Қазақстанның миграция және заңсыз миграцияны реттеуде кешенді әрі өзіне тән бірегей статегия түзе алмай отыруының басты себебі. Ғылыми-практикалық тәжірибелердің өзіндік нұсқаларының болмауынан Қазақстан аталмыш мәселелерді шешуде көбіне көп Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымының ұсыныстарына ден қоюға мәжбүр. Бұлардан бөлек, жаңа жаһандық жағдай мен миграцияның ықтимал жаңа толқынына қарсы шараларда Орталық Азия елдерінің өзара ынтымақтасқан іс-қимылдары өңірдегі миграцияның, әсіресе заңсыз иммиграцияны реттеуге зор көмегін тигізеді. Әрине, айтып отырған жаңа сын-қатерлер еліміз тұрғысынан түбегейлі қауіпті құбылыс ретінде қарастырылмауы керек. Кез-келген күрделі сын-қатерлердің ала келетін зиянды салдарына қоса мемлекет пен қоғам өкілдеріне беретін жаңа мүмкіндіктері де қатар жүреді. Басқарушы құрылым мен азаматтардың бәсекеге қабілеттілігі жоғары жағдайда барлық күрделі жағдайлар жаратқан мерзімдік мүмкіндіктер дамуға жаңа инерциялық күш беріп отыратын жағдайлар да болады. Еліміз біршама мол табиғи ресурстарына ие бола отырып, ресурстардың игеруде кенжелеген елдердің қатарына жатады. Осы тұтса, әдетте қауіпті болып көрінетін иммиграцияның (заңды негіздегі) өзіндік оң ықпалдарынан пайдалануға болады. Айталық, Қазақстанның Еңбек көші-қонын реттеудегі мемлекеттік саясаты стратегиялық тұрғыдан мемлекет басымдық берген салаларға, айталық нанотехнология, биотехнология, ақпараттық жүйелер, көлік және коммуникациялар, басқа да индустриялық-иновациялық қызмет салаларына жоғары білікті шетелдік мамандарды тартуды көздейді. Яғни, біз заңсыз иммиграцияға қарсы күресе отырып, заңды жолмен жүзеге асырылған еңбек мигранттарының миграциялық үрдісіне де қатысушысы саналамыз. Қазақстан Республикасы жаһандық интеграцияның қатысушысы және халықаралық қауымдастықтың мүшесі бола отырып, миграция, заңсы иммиграцияның жаһандық процестерінен, проблемаларынан шет қала алмайды. Еліміз үшін алғанда ішкі және сыртқы көші-қон бағыттарында өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Біз ішке бағытталған иммиграция толқынына қоса, сыртқа бағытталған созылмалы эмиграцияның да ағынына дөп келген мемлекетпіз. Бұл қазақстандықтардың бәсекеге деген қабылеттілігінің төмендеуіне әсер ететін фактордың бірі қатарында мойындалуы, сол тұрғыда зерттеліп, сол тұрғыда кешенді шаралар қабылдануы тиіс тақырып.  Тәуелсіздікке ие болған сәттен бастап Қазақстан әлемдік қауымдастықтың  жаһандануы үрдістеріне сай келетін және көші-қон ағынын ұлттық қауіпсіздікті нығайту мүдделері, демографиялық  жағдайды  жақсарту және елдің  тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында пайдалануға бағытталған өзіндік көші-қон саясатын  жүзеге асыра бастады. Тәуелсіздік жылдары көші-қон ағыны қоғамдағы өзгерістердің стратегиялық бағыттарына және арнайы әзірленген бағдарламалық құжаттарға, атап айтқанда  Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 28 тамыздағы № 399 Жарлығымен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 5 қыркүйектегі № 1346 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының тұжырымдамаларына сәйкес іске асырылып келді. Өз кезегінде, халықтың көші-қоны саласындағы қазіргі таңда орын алып отырған және күтілетін сыртқы және ішкі сын-қатерлерді, соның ішінде Қазақстан Республикасының геосаяси жағдайын, біліктілігі төмен еңбек ресурстарының молдығын, білікті кадрлардың тапшылығы мен олардың сырт елдерге жаппай кетуін ескере отырып, осы Тұжырымдама  аясында  көші-қон саясатының  тұжырымдамалық  негіздерін  жаңарту  қажеттілігі туындап отыр. Осы Тұжырымдама Қазақстан Республикасының Конституциясына, халықаралық құқық пен Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы халықаралық міндеттемелерге, 2015 жылғы қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен қабылданған 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған тұрақты даму мақсаттарына, «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауына сәйкес  әзірленген. Тұжырымдама Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының  Қазақстан Республикасының экономикалық, әлеуметтік және демографиялық  дамуы перспективаларымен, сыртқы саясатымен, Еуразиялық  экономикалық одақ (бұдан әрі — ЕЭО) шеңберіндегі  интеграциялық процестерімен және жаһанданудың  жалпы әлемдік  үрдістерімен өзара байланыстырылған стратегиялық мақсаттарын, міндеттерін  және бағыттарын  белгілейді. АҒЫМДАҒЫ ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ Қазақстан Республикасы шетелдік қызметкерлерді тартуда уақытша көші-қон стратегиясын, ал Қазақстан Республикасына көшіп келетін  этникалық репатрианттарға қатысты тұрақты ұзақ мерзімді көші-қон стратегиясын ұстануда. Сонымен қатар, Қазақстанның дүниежүзілік отыз дамыған мемлекеттің қатарына енуі жолында қойылған мақсаттары, сондай-ақ орын алып отырған  және күтілетін ішкі және сыртқы сын-қатерлер көші-қон саясатының тұжырымдамалық негіздерін кеңейтуді талап етеді.

Ішкі сын-қатерлер:

— біліктілігі төмен жұмыс күшінің молдығы және білімінің деңгейі жоғары емес экономиканың жеке секторларындағы білікті кадрлардың тапшылығы.  Олар шектеулі инновациялық әлеуеттің себептерінің бірі болып табылады;

— қалалар мен жеке аумақтарда халықтың көп орналасуы. Бүгінде оңтүстік өңірлердегі туу деңгейі жоғарғы, халық көп қоныстанған өңірлерде жұмыс күшінің артуы және этникалық мигранттардың орналасуы әлеуметтік шиеленістің ошағына айналуда;

— шекаралас  аумақтардың босап қалуы және солтүстік аумақтарда  халық санының, әсіресе еңбекке қабілетті азаматтар санының қысқаруы  олардың экономикалық өсімін қамтамасыз етудегі қиыншылықтарға әкеп соғады  және жалпы  елдің  ұлттық қауіпсіздігіне әсер етеді;

— білімге, балалар мен қарттардың денсаулығына жұмсалатын шығындардың мол болуы мемлекеттік бюджетке түсетін жүкті арттыра түсіреді.

Сыртқы сын-қатерлерге мыналар:

 

— Орталық Азия, Қытай Халық Республикасы және Түрік Республикасынан ағылып келуі күтілетін біліктілігі төмен мигранттар санының өсу қауіпі;

— білікті кадрлардың және дарынды кадрлардың сырт елдерге жаппай кету  қауіпі. Бұл ретте, жақын келешекте негізгі реципиент Ресей Федерациясы болмақ. Қазіргі уақытта Ресей Федерациясында көші-қон саясатын ұзақ мерзімді тұрақты көші-қонға бағдарлау  және кадрлардың біліктілігін арттырудың қоғамдық бағдарламасын іске асыру  мәселелері қаралуда.

— экономикалық өсімді қамтамасыз ететін жаңа бастамалардың болмауы салдарынан сыртқы инвестициялар көлемінің төмендеуі.

Аталған сын-қатерлер төмендегі стратегияны сүйемелдейтін жаңа көші-қон саясатын қалыптастыруды талап етеді:

1) экономиканың жекелеген секторларына немесе нақты басымдықты жобаларға шетелдік қызметкерлерді тартуға арналған уақытша көші-қон. Ол ел экономикасының базалық салаларында  экомикалық тиімділікті  тез қамтамасыз етуге бағытталады;

2) жаңа инновацияларды енгізуге, іскерлікті жоғарылатуға және адами капиталды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді жобаларға білікті шетелдік қызметкерлерді тартуға арналған ұзақ мерзімді көші-қон. Ол экономиканың  мүлдем жаңа салаларының, өндіріс түрлерінің, өнімдердің пайда болуына жағдай жасай отырып, экономиканың әлемдік аренадағы  бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталады.

3) біліктілікті арттырудың жалпыұлттық бағдарламасын іске асыру. Ол еңбек нарығын кезең-кезеңмен ұлттық кадрлармен толықтыруды және экономиканың  білікті кадрларға деген сұранысын қамтамасыз етуі үшін кадрларды даярлау және қайта даярлауды көздейтін болады.

Стратегияның барлық үш бағыты бір-біріне тәуелді болып  келеді және көші-қон саясатының жүйелілігін қамтамасыз ете отырып, қатар іске  асырылатын болады.

Көрсетілген стратегиялар сыртқы, ішкі көші-қонды реттеудің мазмұндық негізін құрайтын болады.

Қазіргі уақытта еліміздің географиялық тұрғыдан қолайлы орналасуы мен әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы Қазақстанды транзитті көші-қон торабына айналдырды.

Мәселен, соңғы 5 жылдың өзінде елімізге шамамен 6,1 млн. шетелдік азамат келген. Олардың көбісі (5,3 млн. адам) жеке шаруасымен және шамамен 300 мыңға жуық адам қызмет бабымен келген.

Сыртқы көші-қонға келер болсақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көші-қон сальдосы теріс болды. 1991 және 2003 жылдар аралығында халықтың елден жылыстауы орта есеппен жыл сайын 225,5 мың адамды құрады. 2004 жылдан бастап 2011 жылға дейін көші-қон сальдосы тұрақты оң болды (өсім 11,7 мың адам жыл сайын). Еңбек көші-қоны арта түсті.

Соңғы бесжылдықта көші-қон сальдосы қайтадан теріс аймаққа өтті.

Этникалық көші-қон нәтижелері өнеге тұтарлық. 1991 жылдан бастап келген этникалық репатрианттар саны 1 млн. адамнан асты. Көшіп келген оралмандардың демографиялық үлесі нәтижесінде тәуелсіздік жылдары көші-қонның теріс сальдосының деңгейін 28% төмендетілуіне қол жеткізілді.

Ішкі көші-қон стихиялық түрде дамыды. Оның белсенді түрде  басқарылуы 2009 жылдан басталды.

Бүгінгі күнге елімізде келесідей көші-қон саясаты қалыптасып отыр.

Бірінші. Сыртқы көші-қон процесін басқару саласында.

Бұл сегментте еңбек көші-қонын реттеу ерекше орында. Қазақстанда бүгінде шетелдік жұмыс күшін тартудың кешенді жүйесі жұмыс істейді. Білікті шетелдік жұмыс күшін және еңбекші иммигранттарды квоталау жүйесі, жұмыс рұқсаттарын берудің көп сатылы жүйесі қолданылады. Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – ЕАЭО) шеңберінде еңбек ресурстарының мүше мемлекеттердің аумақтары бойынша еркін  режимі жұмыс істейді.

Бұл еліміздің инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларын дамыту үшін қажетті білікті шетелдік жұмыс күшінің жеткілікті санын тартуға мүмкіндік берді. Соңғы 5 жылда  жыл сайын жұмыс рұқсаты бойынша білікті шетелдіктердің санының 2012 жылғы 24 мыңнан 2017 жылдың басына 36,8 мың адамға артқаны байқалуда.

 

Жеке тұлғалардың шаруашылығындағы жұмысқа біліктілігі төмен еңбек миграттары тартылады. Жұмыс күшінің біліктіге жатпайтын бөлігінің орнын толтыру үшін қазіргі уақытта елге еңбекші иммигранттар тартылуда. Олар ішкі істер органдары беретін рұқсаттар бойынша тартылады. Практика көрсетіп отырғандай, мұндай тәртіптің енгізілуі арқасында жұмыспен бейресми түрде қамтылу деңгейі төмендеуде. 2017 жылдың тек 6 айының ішінде 147 мың еңбек  иммигранттары тіркелді.

Қазақстанда тұрақты негізде елімізге білікті шетелдік мамандарды тарту жағдайларын одан әрі жақсарту бағытында жүйелі шаралар әзірленеуде. Мәселен, 2015 жылғы мамырда бекітілген, 2015-2016 жылдары қолайлы көші-қон режимін құру көзделетін «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасына сәйкес:

— жұмыс беруші үшін жұмыс рұқсаттарын беру рәсімдерін жеңілдету шаралары қабылданды;

— шетелдік жұмыскерлердің корпорациялар ішінде басқа жұмысқа ауыстырылуы Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік  сауда ұйымына  кірген кезде өзіне алған міндеттемелерге сәйкес келтірілді;

— шетелдік мамандарды  олардың жұмысқа өздігімен жұмысқа орналасып тартылудың  жаңа жүйесі әзірленді.   2017 жылдан бастап Қазақстанға жұмыс іздеу үшін өз бетінше келетін шетелдіктерге аталған жоғары білімі мен біліктілік деңгейін растайтын анықтамалар беріледі, ізденушілер олар бойынша республика аумағында кедергісіз жұмыс істей алады. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Қолайлы инвестициялық климат жасау мақсатында шетелдік азаматтарға қатысты қолданылатын визалық режимді ырықтандыру шаралары жалғасуда. Экономикасы дамыған 48 елдің азаматтары үшін 1 айға бірмерзімдік виза беру процедурасы жеңілдетілді.

Бүгінгі күні, Қазақстан Республикасымен 20 елмен визасыз режим туралы екіжақты келісімге қол қойылды.

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап арасында Экономикалық ынтымақтастық пен даму Ұйымы және Еуропалық Кеңес мүшелері, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірлігі, Малайзия, Сингапур және Монако Княздігі  бар 45 мемлекеттің азаматтары  Қазақстан Республикасына кірген күннен бастап 30 күнге дейін Қазақстанға визасыз кіру құқығына ие болды.

Әлемде қалыптасып отырған халықаралық саяси жағдайды ескере отырып, еріксіз мигрант-босқындарды қабылдау мен бейімдеу мәселесі өзекті болғалы тұр.

Қазақстан Республикасы 1998 жылдың желтоқсанында 1951 жылғы босқын мәртебесі туралы Конвецияға және оның 1967 жылғы Хаттамасына ресми түрде қосылып, халықаралық қауымдастық алдында босқындарға қатысты жекелеген міндеттерді өзіне алды. Бірінші кезекте, бұл жер аудартпау, процедураға қол жетімділік, ақпараттандыру, шешімді қайта қарау мүмкіндігі және істің қаралу мерзіміне тіркеу мен апелляцияға беру қағидаттары.

2017 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында босқын болып танылғандардың саны 628 адамды құрайды, олардың 599 – Ауғаныстан азаматы.

Дегенмен, еңбек көші-қоны процестерін басқаруда бірқатар проблемалар сақталуда, соның ішінде:

Қазақстан Республикасына еңбек көші-қонын тарту жүйесі көші-қон ағынының өзге де бағыттарымен ұштаспаған.

Қазіргі уақытта ішкі көші-қон да (жұмыс қолы көп өңірлерден еңбек ресурстарына қажеттілік жоғары өңірлерге қоныстану бөлігінде), сыртқы еңбек көші-қоны да заң жүзінде өңірлік еңбек нарығын дамытуға, оларды жеткілікті дәрежеде жұмыс күшімен (жергілікті және шетелдік) қамтамасыз етуге бағдарланған. Алайда, іс жүзінде көші-қон саясатында жүйелілік жоқ және әр көші-қон саясатының әр бағыты бір-бірімен байланыссыз оңаша жұмыс істейді. Бұл шетелдік жұмыс күші мен жергілікті еңбек ресурстарының теңгерімсіз пайдаланылуына әкеп соғып, ұлттық еңбек нарығының теңгерімсіздігіне әсер етеді.

Өңірлік еңбек нарықтарында білікті шетелдік жұмыс күшіне сұранысты айқындаудың тетігі жоқ.

Қазіргі уақытта өңірлердің шетелдік жұмыс күшіне деген сұранысы квота белгілеу рәсімімен айқындалады. Көп жағдайда өңірлік квота  республиканың стратегиялық бағдарламалық құжаттарында көзделген өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларын орындауға бағдарланбайды.

 

Еңбекші мигранттардың қозғалысын есепке алу және оны қолданудың тиімділігін айқындау жүйесі жетілдірілмеген.

Қазіргі уақытта шетелдік жұмыс күшінің, оның ішінде ЕАЭО елдерінен келетіндердің (біліктілігі және біліктілігі жоқ) барлық ағындарын статистикалық есепке алу әдіснамасы жоқ.

Түрлі қызмет салаларынан білікті жұмысшы кадрлардың жылыстауы орын алуда және дарынды азаматтарды елде ұстап қалудың тетігі жоқ.

Соңғы үш жылда Қазақстаннан тұрақты тұру мақсатымен 93,9 мың адам көшіп кетті, оның 41,6%-ын  жасы 15 пен 34 аралығындағы жас адамдар құрайды. Ресей Федерациясына – 79,8 адам, оның ішінде шекара маңындағы өңірлерден көшіп кету аса көп.

Заңсыз еңбек миграциясы сақталуда.

Сарапшылардың  бағалауы бойынша заңсыз  еңбек көші-қоны заңды  еңбек мигранттардың санынан бірнеше мәрте асады. Негізінен бұл  Өзбекістан мен Тәжікстан Республикасының азаматтары.

Әдетте, заңсыз еңбек мигранттарына қатысты Қазақстан Республикасының  еңбек заңнамасының нормалары  қолданылмайды. Олар  еңбек шартынсыз еңбек етіп, төмен мөлшердегі жалақы алады. Бұл болса, Қазақстанның еңбек нарығында адал емес бәсекелестікті туғызып, әлеуметтік шиеленістің туындауына әсер етеді.

Яғни, сыртқы еңбек көші-қоны саласында оң үрдістермен қатар,  шешуді  талап ететін  елеулі  проблемалар да орын алуда.

Екінші. Тарихи отанына этникалық қазақтардың қайтуы.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік жылдары этникалық қазақтардың (бұдан әрі – этникалық репатриант) ерікті түрде елге оралуын ынталандыру саясатын жүргізуде.

Өзбекстан (61,6%), Қытай (12,1%), Моңғолия (11,7%), Түркменстан Республикалары (7,1%) этникалық қазақтардың кеткен негізгі елдері болып табылады.

Этникалық қазақтардың шыққан елдерін ескере отырып, олардың көпшілігі Оңтүстік Қазақстан (21,6%), Алматы – (16,8%), Маңғыстау – (13%), Жамбыл – (9,3%) облыстарында қоныстанды.

Этникалық репатрианттардың басым бөлігінің білім деңгейі бойынша жалпы орта білімі (61,1%) және арнайы орта білімі (20,5%) бар.

Этникалық репатрианттың 43,7% (439 430 адам) келген уақыты этникалық репатрианттардың қоныстануының неғұрлым жоғары белсенділігі 2004 жылдан 2008 жылға дейінгі кезеңге тұспа-тұс келеді. Бұл аталған кезең  әлеуметтік қолдаудың неғұрлым қолайлы шараларының көрсетілуімен байланысты (мемлекет есебінен тұрғын үй, көшуге субсидия және т.б. қаражат бөлу).

Сонымен қоса, осы кезде этникалық репатрианттарды мемлекеттік қолдау шараларын талдау оларды көрсетуде жүйеліліктің жоқтығын және пайдаланылатын құқықтық тетіктерді жеткілікті түрде келісілмегенін көрсетеді.

Қазіргі уақытта этникалық көші-қонның ағымдағы жағдайы мыналармен:

1) ел өңірлерінің еңбек ресурстарына қажеттілігін есепке алмай, оларда этникалық репатрианттардың біркелкі қоныстанбауы. Оралмандардың қолайлы табиғи климаттық жағдайлары бар халқы тығыз мекендерге жаппай қоныс тебуі немесе әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары деңгейімен салыстырмалы түрде тиісті аумақтағы әлеуметтік шиеленіске ықпал ететін фактор болып табылады;

2)  этникалық репатрианттардың әлеуметтік-мәдени ерекшеліктерді және тілдік кедергілердің себебінен, қазақстандық қоғамға әлеуметтік-мәдени ықпалдасуының төмен болуымен;

3) жұмысқа орналастыру мен бейімдеу проблемаларымен;

4) шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысының жеткіліксіздігімен сипатталады.

Осы және басқа да проблемалар этникалық көші-қонның мемлекеттік реттелуін одан әрі жетілдіруді қажет етеді.

Үшінші. Ішкі көші-қон процестерінің реттелуі.

Қазақстан Республикасында ел ішіндегі халықтың көші-қондық белсенділігі жыл өткен сайын қарқын алып келеді. Республикада соңғы 5 жылда ішкі мигранттардың саны 337,8 мың адамнан (2012) 2016 жылы 610,7 мың адамға дейін артып, оның ішінде, өңіраралық көші-қонда (бір өңірден басқа өңірге) – 294,0 мың адам; өңірлік көші-қонда (бір өңір ішінде) – 316,7 мың адам қатысқаны байқалады.

 

Көші-қон туралы шешім қабылдауға әсер ететін негізгі фактор экономикалық болып табылады. Адамдар жоғары жалақы мен өмірдің жақсырақ жағдайларын және т.б. іздеумен көшіп-қонады.

Халықтың көшіп кетуінің ең көп үлесінде елдің оңтүстік өңірлері орын алады. Халық келуінің негізгі өңірлері Алматы, Астана қалалары, Алматы, Маңғыстау және Қарағанды облыстары болып табылады.

Ішкі көші-қондағы басым нысан ауылдық өңірлерден қалаларға қоныс аудару болып отыр. Бір жағынан бұл елдің урбандалу процесіне ықпал етеді. Басқа жағынан қалаларға стихиялық көшіп қону жағымсыз әсерлермен    толығуда. Көшіп келген ауылдық тұрғындардың біліктілігі көп жағдайда өте төмен және жұмыссыздық пен заңсыз жұмыспен қамтылуға алып келетін еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмейді. Қалалар мен қалашықтардың жүйесіз өсуі экологиялық, көліктік, баспана және әлеуметтік проблемалардың асқынуына алып келеді.

Стратегиялық және бағдарламалық бастамалар шеңберінде ел азаматтарын қоныс аударуға ынталандыруға және оны реттеуге бағытталған шаралар қолданылды, алайда мұндай қоныс аудару үнемі тар шеңберлі сипатта болды.

Мәселен, «Дипломмен ауылға!» жобасының шеңберінде 2009 жылдан бері ауылдық елді мекендерге  жұмыс істеу және тұру үшін келген білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт, агроөнеркәсіп кешені мамандарына әлеуметтік қолдау шаралары көзделді.

Мұндай мамандар үшін:

— 70 АЕК мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы төлеу;

— тұрғын үй алуға және салуға 0,01% сыйақы мөлшерлемесімен мерзімі 15 жылға 1, 500 АЕК мөлшерінде бюджеттік кредит беру;

— орналасқан ауылдық елді мекендерде әлеуметтік сала мекемелері мамандарының лауазымдық жалақысын (тарифтік мөлшерлемесін) кемінде 25%-ға арттыру қарастырылды.

Сондай-ақ, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» атты әлеуметтік жоба шеңберінде «Серпін – 2050» білім беру бағдарламасы бастау алды. 2014 жылдан 2016 жылдары аралығында республикамыздың 8 облысында 22 жоғарғы оқу орнында және 54 колледжде 11 мың студент  еліміздің 5 өңірінен келіп білім алды.

2015 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңына түзетулермен алғаш рет азаматтардың қоныс аударуын реттеудің біртұтас жүйесі бекітілді. Халықтың қоныстануындағы диспропорцияны түзету мақсатында халықтың еңбек күші аз өңірлерден еңбек нарығының даму әлеуеті жоғары өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуын экономикалық ынталандыру көзделеді.

Үкімет қоныстандырудың нақты өңірлерін айқындап (Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар,  және Солтүстік Қазақстан облыстары) қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын белгіледі. Ол жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын жоғарыда көрсетілген өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін мемлекеттік қолдау және қамтамасыз ететін қоныс аударушылар отбасыларының шекті санын айқындайды.

2014-2015 жылдары ішкі көшіп-қонушыларды есеспке алуды жақсарту, тіркеу рәсімдерін жеңілдету мен жетілдіру бойынша шаралар қабылданды.

Халықтың ұтқырлығының артуымен қатар (көп жағдайда стихиялық сипаттағы) бірқатар кері үрдістер орын алды:

1) демографиялық теңсіздік пайда болды және ол күшеюде. Қазіргі уақытта елдің солтүстік өңірлерінде (Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары) халық саны (барлығы шамамен 2,2 млн. адам) және орналасу тығыздылығы 6,8 млн. адам тұратын оңтүстік өңірлермен салыстырғанда едәуір аз (Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстары).

Болжамды деректер бойынша 2050 жылға қарай солтүстік өңірлердің халқы 0,9 млн. адамға қысқаруы, ал оңтүстік өңірлердегі халықтың                 5,2 млн. адамға артуы мүмкін. Оңтүстік өңірлерде халықтың орналасу тығыздығы іс жүзінде солтүстік өңірлердің тиісті көрсеткішінен 4 есе асатын болады.

Бұдан басқа, солтүстік өңірлерде егде жастағы азаматтардың үлес салмағының жоғары екендігі байқалады. Қартаю индексі Солтүстік Қазақстанда – 53,1, Қостанай – 51,1 және Шығыс Қазақстан облыстарында – 46,2 жоғары, ал оңтүстікте керісінше егде жастағы адамдардың саны көп емес (Оңтүстік өңірде– 12,1, Қызылорда облысында – 14,9).

2) экономикалық теңсіздік байқалады. Қазіргі уақытта оңтүстік өңірлерде (Алматы қаласын есептемегенде) халықтың 38%-ы тұрады, сөйте тұра  олардың жалпы өңірлік өнімдегі (ЖӨӨ) үлесі 17%-ды ғана құрайды. Солтүстік өңірлерде (Астана қаласын есептемегенде) 17% халыққа                   ЖӨӨ-нің 13%-ы келеді. Бұл халықтың көп шоғырланған өңірлеріндегі озық экономикалық өсімнің әлемдік тәжірибесіне қайшы келеді.

3) ішкі көші-қон ағынының артуы халық санының кемуімен байланысты ауылдардың бос қалуымен, моноқалалардағы және шағын қалалардағы жұмыспен қамтылуыдың өнімдік проблемаларының асқынуымен сүйемелденеді. Қиын жағдай Қазақстан Республикасының жекелеген шекаралас аймақтарында қалыптасып отыр. Бар инфрақұрылымның жай-күйінің нашарлауы, қажет қызметтердің қашықтан алынуы экономикалық белсенділіктің төмендеуіне, халықтың елдің шалғайына кетуі мен едәуір аумақтың депопуляциясының күшеюіне алып келеді.

4) әлсіз басқарылатын көші-қон процестері жекелеген жағдайларда көшіп-қонушылар бөлігінің маргиналдығы мен криминалдығымен күшейтеді, жергілікті еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттіліктің асқынуын тудырады және тұрғын үй әлеуметтік шиеленіс ошақтарын туындатады.

Белгілі бір дәрежеде бұл ішкі көші-қонды басқару жүйесіндегі кемшіліктірмен байланысты:

1) ішкі көші-қон ағындарын өңірлік экономикалық өсу аймақтарына жіберудің мемлекет ынталандыратын нақты жүйесі құрылмаған.

2) Бұл ретте, көптеген азаматтар өзінің жеке меншік құқығында тұрғын үйі бола тұра тіркелмегенді жөн көреді. 2017 жылғы қаңтардан бастап адамдарға тіркелмегені үшін жауапкершілік енгізілуі жағдайды біршама жақсартты, алайда ішкі көші-қонды толыққанды есепке алу үшін бұл да жеткіліксіз болып қалды.

Ағымдағы жағдайдың талдануы жағымды өзгерістермен қатар Қазақстан Республикасының Бағдарламалық құжаттарын іске асыру жолындағы әлеуметтік қатерлерді күшейтіп, кедергілер тудыратын сыртқы және ішкі көші-қонда да белгілі бір проблемалардың болуы туралы куәландырады.

Аталған проблемаларды шешуге халықаралық тәжірибені зерттеуге көмектеседі.

 

R ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика