Шымкентте Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Біртұтас тәрбие жүйесіндегі педагогтың рөлі» тақырыбында аймақтық оқыту семинары өтті.
Семинарды Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Нұргүл Шамшиева ашып, жүргізіп отырды. Қала мектептерінен жиналған ұстаздар және білім бөлімінің мамандары біртұтас тәрбие мен оның маңызы жайлы баяндамалар жасап, көпшілікпен талқылады.
Тұлғалық тәрбие берудегі педагогтың рөлі өте зор. «Баланы тек мектеп немесе мұғалім тәрбиелеу керек деген жаңсақ пікір» деген өз ойларын айтқан мұғалімдер мектепте жүргізілетін тәрбиеге байланысты іс-әрекеттерімен бөлісті.
-Биылдан бастап «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, барлық мектептерде жүзеге асырылуда. Қазіргі қоғамда оқушылардың арасында көптеген вейб, лудомания қатарлы мәселелер туындап жатыр. Сондай жат қылықтардың алдын алу мақсатында бағдарлама ұлттық құндылықтарға бағытталған. Жалпы, былтырғы бағдарламада үш құндылық болса, биыл алты құндылыққа негізделгенін айта кету керек. Тек қана мектеп емес ата-ана, білім ошағы үштік болып, болашақ ұрпақты тәрбиелейміз, — дейді қалаға арнайы келген ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова.
Айта кету керек, аймақтық семинар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында оқу-тәрбие процесінің сапасын жақсартуға ықпал етіп қана қоймай, педагогтер арасында білім мен тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаға көше отырып, білім сапасына оң өзгеріс әкелуді көздейтін мұндай тетіктердің қалыптасуы өте орынды. Ұлттық жобаны жүзеге асыруда Ұлытау облысының білім ошақтары да өз үлестерін қосуда.
Бұл жоба – педагогтардың өзіндік іс-әрекеттерін талдауға, жаңа идеяларды жүзеге асыруда сеніімділік пен алға ұмтылуға септігін тигізеді. Жалпы білім беретін ортада оқушыны табысқа жетелеу үшін мұғалім – уақытты ұтымды пайдалана алатын, міндеттерді нақты анықтай білетін, кез-келген мәселені шешудің оңтайлы жолдарын тез табатын, қоғамға қызмет ететін және осыған толық жауапкершілікпен қарайтын көшбасшы болуы керек.
Педагог – ең алдымен, бүкіл оқу процесінің мотиваторы, ол оқушыларға жаңа ақпаратты іздеуде бағыт-бағдар берумен қоса, оны қабылдау, өңдеу және игеру дағдыларын қалыптастыра білуі қажет. Сондықтан, білім беру сапасын арттырып, тәжірибесі озық елдердің деңгейімен теңестіру – біздің басты міндет.