Шымкенттегі №1 клиникалық ауруханасындағы (Роща) Литотриптер «Compact Sigma» аппараты күрделі жөндеуден өтіп, толық қуаттылықта іске қосылды. Аталған медициналық құрылғының көмегімен дәрігерлер бүйректегі, зәр шығару жүйесіндегі кіші тастарды операциясыз алып тастайды.
Аппаратты іске қосуға қала әкімдігі тарапынан қолдау көрсетіліп, нәтижесінде медициналық техниканы жөндеу үшін «Қайырымды қала» қорынан қаржы бөлініп, құрылғының қосалқы бөлшектері сатып алынды.
Литотриптер «Compact Sigma» аппаратының көмегімен мамандар Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындарына бүгіннен бастап медициналық қызмет көрсетуді бастады.
Ем-шара тастарды жарықшақтарға бөлу үшін дыбыстық немесе соққылық толқындарды қолдануға негізделген. Бұл жарықшақтар ағзадан несеп арқылы шығарылады. Емдеу дистанциялық соққылық-толқындық әдіспен жүргізіледі.
Мұндай қажеттілікке шамамен жылына 880-920 науқас жүгінеді, босанған әйелдерге және мүмкіндігі шектеулі науқастарға да көмек беріледі.
Еске саларлық, Шымкентегі №1 қалалық клиникалық ауруханасына 60 жастағы ер кісі қабылдау бөліміне жедел жәрдем бригадасымен ауыр жағдайда түскен. Жағдайының ауырлығына байланысты науқасты дәрігерлер реанимациялық залға кіргізіп, шұғыл көмек көрсеткен. Пациентте пульс анықталмай, есінен танып, жүрек соғысы болмаған. Медицина қызметкерлері жедел түрде реанимациялық шараларды бастап, қатарласа анализ алынып, УДЗ түсірілген. Жүрек соғысы қалыпқа келген науқасқа хирургтар мен анестезиологтар шешіміммен жедел түрде ота жасалды. Ота кезінде іш қуысына 4000 мл дейін қан болған. Ота кезінде жүрек тағы бір рет тоқтап қалпына қайта келтірілді және қан құю процессі қатарынан жүргізілді. Операцияда бауыр мен асқазан аралық байлам жыртылғаны анықталып, хирургиялық жолмен байланды. Дәрігерлер отаның сәтті өткенін айтып, екі тәуліктен кейін науқасты жансақтау бөлімінен хирургия бөлімшесіне ауыстырған. Қуаныштысы сол, пациент алған клиникалық өлім және отасына қарамай тез айықты. Бір айға жуық медицина қызметкерлерінің бақылауында болған науқас сауығып, ауруханадан үйіне шықты.