Бүгін «Жұлдыз» индустриалды аймағында ірі инвестициялық жобаның бірінші кезеңі – керамикалық плиталар шығаратын зауыт іске қосылды. Ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «WAN SHENG CERAMIC» шетелдік компаниясының құрылтайшылары қатысты.
Қала әкімі өз сөзінде ауқымды зауыт Орталық Азиядағы құрылыс индустриясындағы ең ірі жобалардың біріне айналатынын атап өтті. Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында бұл жоба барлық кезеңдерде жан-жақты қолдауға ие болды. Зауыттың ашылуы ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен, яғни керамикалық плиталармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте «WAN SHENG CERAMIC» ЖШС құрылтайшысы Ху Цзяньго жобаны жүзеге асыруда көрсеткен көмегі мен белсенді қолдауы үшін қала әкімдігіне алғысын білдірді. Оның айтуынша, компания заманауи технологияларды енгізумен қатар, қызметкерлерді дамытуға арналған түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруды көздеп отыр.
Айта кету керек, инвестициялық жобаның құны 25,5 млрд теңге, ал оның жалпы аумағы 32 гектарды құрайды. Кәсіпорында 350 жұмыс орны ашылды. Зауыттың құрылысы өткен жылы басталып, мұнда заманауи технологиялық қондырғылар орнатылған, өндіріс барынша қауіпсіз әрі экологиялық таза болады.
Бірінші кезеңді іске қосу аясында кәсіпорын жыл сайын 12,7 млн шаршы метр өнім шығаруды көздеп отыр. Екінші кезең іске қосылғаннан кейін өндірістік қуаттылық екі есеге — 25,4 млн шаршы метрге дейін артады, тағы 350-ден астам қосымша жұмыс орны ашылады.
Бұл жобаны жүзеге асыру құрылыс саласын дамытуға ғана емес, заманауи өндірісті енгізуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға да септігін тигізеді.
Шымкент қаласының өнеркәсіп пен инновациялық дамуы 7 индикатор бойынша жүзеге асып жатыр. Шаһардың әлеуметтік өркендеуін қамтамасыз ететін басқа да индикаторлар бар. Оның ішіндегі ең маңыздысы – өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін арттыру. Жоспарға сәйкес биыл өнеркәсіп саласында 1 трлн теңгеден астам сомаға өнім шығару көзделіп отыр. Әдепкі үш айдың өзінде 200 млрд теңгеден астам өнім өндірілді. Жалпы, мегаполисте 885 кәсіпорын бар, оның 20-сы ірі саналады. Елуге жуық кәсіпорын орта санатқа жатса, қалғаны – кіші өндіріс орындары.
Орта кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін 10%-дан асыру. Былтыр өнеркәсіп саласында 1 трлн теңгенің өнімі өндірілген. Биыл көрсеткішті 1,1 трлн теңгеге жеткізу мақсаты тұр. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 825 млрд теңге.