• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

ҚАСИЕТТІ ТҮРКІСТАНҒА КИЕЛІ ОТЫРАРДАН РУХАНИ-МӘДЕНИ КӨШ КЕЛДІ

Автор:admin

Окт 4, 2024
Spread the love
Бүгін «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Отырар ауданының мәдениет күндері басталды. Шараға ауданның тумасы, әлем ақыны, Қазақстанның Еңбек ері Мұхтар Шаханов арнайы қонақ болып, ризашылығын білдірді. Алдымен «Киелі Отырардан – қасиетті Түркістанға» атты рухани керуен көші келді. Ұлы көште әлемге әйгілі ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби, күш атасы – Қажымұқан, этнограф Өзбекәлі Жәнібеков, Тәушен Әбуова, Мұхтар Шаханов, Әселхан Қалыбекова, Шәмші Қалдаяқов сынды тұлғалар бейнесі сомдалған. Біртуар азаматтар бастаған көштің қатарында Отырардың әнші-күйші, жыршы өнерпаз жастарыда бар.
ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы – Әділхан Мәліктің туындыларынан көркемсурет көрмесі қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды. Сонымен қатар, ауданның жетістіктері мен кітап көрмесі жасақталған. Отырарлық қолөнер шеберлерінің, ағаш ұсталарының және құмыра жасаушылардың көрмесі аясында шеберлік сағаттары өтіп жатыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі жәрмеңкеге ұласып, «Ұлы дала дәстүрі» айдарымен киіз үйлерде халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінен көріністер көрсетілді.
«Сайын даланың сал-серілері» сазды композициясы ұсынылып, «Сырлы кесе» биімен сахна шымылдығы ашылды. «Отырар – өнерлі орда» атты Өнер және саз мектебі, Балтакөл ауылдық «Дәстүр» әжелер ансамблі өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды. Көпшілікке бие, түйе сауып көрсетілді. «Ботаны қырқынан шығару», киіз басу, құрт жаю мен май пісу, тағы басқа ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтар ұлықталды. «Алтыбақан» жастар ойын-сауығы өтті.
Ал кешкі сағат 18:00-де «Керуен сарай» кешенінде елімізге белгілі өнерпаздардың қатысуымен «Өнерлі өлке – Түркістан» атты аудан өнерпаздарының гала концерті өтеді. Кеш қонақтары – сатира сардарлары Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшора, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков пен айтыс ақтаңгері Анар Жаппарқұлова және ән өнерінің жұлдыздары Хадиша Шалабаева, Берік Сексенбек, Ермахан Әшіров. Кешті белгілі журналист Қайырхан Мәулен мен Гүлімқұлжа Сейтқазы жүргізеді.
Айта кетейік, мәдениет күндері ертең де жалғасады. 5 қазан күні сағат 10:00-ден бастап Этноауылда қолөнер бұйымдары мен сурет көрмелері, 11:00-де көше театры қойылымдары көпшілік назарына ұсынылады. «Ұлттық ойын – ұлттың игілігі» айдарымен ұлттық спорт ойындары түрлерінен сайыс өткізіледі. Қала тұрғындары мен қонақтары шарада өнерпаздардың өнері мен ұлттық құндылықтарымыздыжаңғыруына куә болып, рухани сусындап қайта алады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика