Александр Речинский – қалалық №1 өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының түлегі. Қазіргі таңда Саша ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының 4 курс курсанты.
Оқу жылының басталуы қарсаңында қалалық полиция департаментінің бастығы Думан Таев болашақ офицерді жеке қабылдап, оқуға қажетті құрал-жабдықтар мен заттар табыстады.
– Азаматтардың құқықтарын, қауіпсіздігін қорғау мен қылмысқа қарсы күрес – мол жауапкершілікті талап ететін іс. Полиция қызметі қиын, бірақ өте маңызды. Сондықтан, білім алып, дағдыларды дамытудан жалықпа. Әрдайым парасаттылық пен табандылық таныта біл. Таңдаған жолыңмен батыл жүр!, – деді генерал.
– Департаменттің жеке құрамына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Бізге әрқашан қолдау көрсетіп, көмектесіп жүргендеріңізге рақмет. Адал қызмет етуге уәде беремін!, – деп алғыс айтты курсант.
Александр жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін туған қаласында қызмет атқаруды жоспарлап отырғанын айтып, академияда оқыған жылдар оның нәтижелі кәсіби қызметінің кепілі болатынына сенім білдірді.
Айта өтейік, балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері 2019 жылдың басынан бері мегаполис полицейлерінің қамқорлығында. 5 жылдан астам уақыт тәртіп сақшылары оларға барынша көмек пен қолдау көрсетіп келеді және әрбір маңызды күні назардан тыс қалмайды. Орталықтың педагогтарының айтуынша, полицейлер балалардың жарқын болашаққа апарар дұрыс жолды таңдауына ықпал етуде. Ал, балалар полиция қызметкерлері олар үшін ағаларындай қамқор екенін жеткізді.
Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында:
Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет. Ең алдымен, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек. Заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс.