Полицейлер киберқылмыстардан сақтану үшін қырағылық таныту қажеттігі, ешбір жағдайда және қандай да бір сылтаумен белгісіз адамдарға өзінің және банк карталарының дербес деректерін хабарламау қажеттігі туралы ескертеді.
Соңғы кездері интернет-алаяқтар әлеуметтік желілерде, соның ішінде «OLX», «Kolesa.kz» сайттарында және Telegram, Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде белсенді болып, жалған боттар жасау арқылы қолданушылармен хат алмасып, олардың сеніміне кіреді.
Соңғы жылдың мәліметтеріне көз жүгіртсек алаяқтық қызмет түрлері жиілеп кеткендігін байқауға болады. Күнделікті өмірде ұялы телефонымызға әртүрлі хабарламалар мен нөмерлерден қоңырау шалып жатады. Қарапайым халықтың кейбір бөлігі бұл әдістердің алаяқтардың іс-әрекеті екенін бірден аңғарса, кейбіруі тұзаққа түсіп, шығынға батып жатады. Жыл сайын алаяқтық әрекеттерден жеке тұлғалар, мемлекеттік ұйымдар шамадан тыс көп қаржы жоғалтады.
Интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері:
— қаскөйлер банк қызметкерлерінің атынан қоңырау шалып, ақшаны белгілі бір шотқа аударуға көндіреді немесе смартфонға жәбірленушінің ақшасын жымқыратын қосымша орнатуды ұсынады;
— ал, өзін полицей ретінде таныстырып, қылмыс жасаған жақын туысын жауапкершіліктен босату үшін белгілі бір соманы беруді сұрайды;
— сондай-ақ, әлеуметтік желілерді бұзу арқылы олар сіздің атыңыздан таныстарыңызға шұғыл ақша аударуды өтініп хабарлама жібереді.
Құқық қорғау органдары күдікті нөмірлерден түскен қоңырауларға жауап бермеуді, қажет болған жағдайда банкке қайта қоңырау шалуды ұсынады.
Айта кетейік, бұл күндері қылмыстардың басым көпшілігі танымал онлайн-сервистерде алдын ала төлемді талап етумен тауарларды және қызметтерді сату туралы хабарландыруларды орналастыру арқылы жасалады екен. Тәртіп сақшылары 2 күннен бері шаһардағы ахуалды бақылауға алып, қылмыстық істерді болдырмау бағытында үздіксіз жұмыс істеп, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Азаматтарға интернет — алаяқтықтың түрлері мен тәсілдері туралы түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Осы жағдайлардың кез-келгенінде сіз қырағы болуыңыз керек. Егер алаяқтың арбауына түссеңіз, дереу полицияға хабарласыңыз.