Шымкент қаласында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясын ұйымдастыру және өткізу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген.
2024 жылы 56 183 балаға көмек көрсетіледі. Жоспарланған қаржы 2 400,9 млн.тенге (әр балаға 43 500 т).
Бүгінгі таңда 3 406 балаға 156,7 мың теңге аударылды. Ағымдағы жылдың 10 тамызына дейін 30 мыңға жуық балаға қаржы аударылатын болады. 20 тамызға дейін барлық қаржы игерілетін болады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Шәмшиева Нұргүл Ақылбекқызы баяндады.
Бұл көмекті беруді мемлекеттік мектептерде жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 Қаулысы негізінде «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға және өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, жұмсау бағыты мен оларды есепке алу қағидаларын бекіту туралы» жүзеге асырылады.
Жалпы Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 28 000 орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарланған. 2023 жылы 17 300 орындық 12 мектептің құрылысы басталып, ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал қалған 10 700 орындық 6 мектептің құрылысы 2025 жылы аяқталмақ.
Айта кетейік, «Жайлы мектеп» аясында бой көтеретін білім нысандарының жабдықталуына айрықша маңыз беріледі. Сыныптарда трансформер-мобильді парталар қойылады. Трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, балаларға арналған жеке шкафтар, оқу-зертханалық құрылғылармен, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ. Компьютермен жабдықталған физика, химия, биология дәрісханалары мен оқу зертханалары, робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар болады.
Техникалық жарақтандыру үлесі қарапайым мектептермен салыстырғанда 4 есеге артады. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзивті орта (пандус, кең есіктер, бөлек дәретхана, лифт), озық қауіпсіздік әрі бақылау-өткізу жүйелері қарастырылған. Ал әр мектептің ауласында стандарттарға сай келетін стадион, универсалды спорттық және балалар алаңқайы болады.