Тұран ауданы жалпы 21 шағын ауданнан тұрады, халық саны 220,7 мың адам, 36 300,0 га жер көлемін құрайды. Сондай-ақ ауданда 39 357 жеке үй, 544 көп қабатты үй және 597 көше бар.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Нұршуақ, Жиделі, Қызылжар, Құрсай, Ақтас шағын аудандарының, сондай-ақ Рысқұлов және Байтұрсынов көшелерінің тұрғындарымен кездесті. Қала тұрғындары көшпелі кездесуде жолдарды асфальттеу, кеңейту, спорт және балалар алаңдарын салу, жер учаскелерін заңдастыруға қатысты өзекті мәселелерді қозғады.
Тұран ауданына қарасты елді мекендердің 95,5% сапалы ауыз сумен қамтылған. 2026 жылы 100% сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Ал, 85,7% табиғи газбен қамтылса, 95,2% электр қуатымен қамтылған. 2026 жылы табиғи газбен – 100%, 2025 жылы – 100% сапалы электр қуатымен қамту жоспарланған. Сондай-ақ, кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші бүгінде 57,1% құрайды. 2025 жылы бұл көрсеткішті 60,2%-ға жеткізу жоспарға қойылған. 2024 жылы Тұран ауданындағы 42 көшеге, 34,8 шақырым жол салу жоспарланған. Атап айтқанда:
— Жаңаталап шағын ауданы – 5 көше;
— Арғымақ шағын ауданы – 4 көше;
— Ақжар шағын ауданы – 4 көше;
— Агро фирма қарасу – 11 көше;
— Құрсай шағын ауданы – 12 көше;
— Наурыз шағын ауданы – 4 көше;
— Қазығұрт шағын ауданы – 1 көше;
— Орталық аумақ Кремл көшесі – 1 көше.
Нәтижесінде асфальттанған көшелердің үлесі 80,2% -дан 87,4 % жететін болады. Бүгінгі күнге 16 көшеге асфальт төселген.
Кездесу барысында Жиделі шағын ауданы халқы білім, денсаулық сақтау нысандарының, жаяу жүргіншілер өткелінің және шалғай көшелердегі жарықтың жоқтығына шағымданды. Мегаполис басшысы салалық басқармалардың басшылығына балабақша мен мобильді медициналық пункт салу мүмкіндігін мұқият зерделеп, қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар, Қызылжар шағын ауданында қала әкімі тұрғындармен кәріз жүйесін жүргізу, қоғамдық көлік маршруттарын ұзарту және көшелерді абаттандыру мәселелерін талқылады. Ал Рысқұлов көшесі 1а, Байтұрсынов көшесі 65, Құрмет шағынауданында және Ақтас тұрғын алабында тұратын тұрғындар жасыл желек жайына, әлеуметтік қолдау, тұрғын үй, тротуарлар мен аялдамаларды орналастыру мәселелеріне тоқталды.
Суару жүйелері, мәдениет үйінің, балабақшаның құрылысы, сондай-ақ электр энергиясымен, сумен үздіксіз қамтамасыз ету жайы да қаралды. Тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін мұқият тыңдаған Ғабит Сыздықбеков тиісті сала басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді.
Бұдан басқа, аудан әкімдеріне жолдарды асфальттау, көшелерді жарықтандыру және жергілікті маңызы бар көшелерге коммуникациялар жүргізу бойынша нақты міндеттер жүктелді, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.