Аудан аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Нұртас шағынауданындағы Даналық көшесінде жүргізілген тазалық жұмыстарына 200 адам қатысты. Акция барысында аумақ қоқыстан тазартылып, тұрмыстық қалдықтар сыртқа шығарылды, көгалдар қырқылып, жасыл желек қалпына келтірілді, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
Тазалық акциясына қалалық “Amanat” партиясы қызметкерлері, “Жастар рухы” жастар қанаты мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары және аудан әкімі аппараты қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар қатысып, белсенділік танытты.
Санитарлық шараларға 9 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде көлемі 20 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Республикалық “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында Қаратау ауданы аумағында 5 негізгі бағыт бойынша 22 рет тазалық жұмыстары (сенбіліктер) ұйымдастырылды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.
Жалпы қаланың келбеті сәулетті үйлермен, жасыл саябақтармен шектелмейді. Қаланың ажары оның тазалығына да байланысты. Сондықтан, акция аясында бұл бағыттағы жұмыстар аудандағы елдімекендер мен көпқабатты тұрғын үйлер аулаларында кестеге сәйкес жүргізілуде.
Шымкент қаласындағы Қошқар ата өзенінің жағалауында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Тұран ауданының коммуналдық мекемесінің қызметкерлері мен аудан тұрғындары және «Жасыл ел» еңбекші жастары қатысты.
Қаланың орталығын кесіп өтетін Қошқар ата өзені қала тұрғындарының бір сәт демалуына таптырмас орын. Алайда кейбір жеке сектор аймақтарында өзен бойында тазалық жұмыстары сын көтермей отырғаны жасырын емес. Сондықтан, акцияға тұрғындарды шақыра отырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде жолға қойылған.