Шымкент қаласының әкімдігі заңсыз берілген жер учаскелері мен объектілерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыстарды қарқынды жалғастыруда. «Мұз сарайы» ғимараты коммуналдық меншікке қайтарылып, ішінара «Кең Баба» саябағы қайтарылды. Осы аптада «Қиял әлемі» саябағындағы жағдай шешілді.
Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысы негізінде 2009 жылдың маусым айында Республика даңғылы №9 мекен-жайдағы 4,8391 га жер учаскесі
«Айгерім» ЖШС-не жеңіл конструкциялардан балалар ойын сауық орталығын орнату үшін уақытша пайдалану құқығымен 49 жыл мерзімге берілген болатын. Жер учаскесін жалға алу келісім шарты түзіліп, сәйкестендіру актілері рәсімделген.
Шымкент қаласының жер ресурстары департаменті аталған жер учаскелерінің заңсыз берілуіне байланысты Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына қалалық жер қатынастары бөлімі мен «Айгерим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында түзілген жер учаскесін жалға беру туралы 2011 жылғы 18 наурыздағы №002/392 үлгілік шартын жарамсыз деп тану туралы талап-арыз жолданған. Нәтижесінде Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының биылғы 10 мамырдағы шешіміне сәйкес, талап арыз қанағаттандырылған. Яғни аталған бөлім мен «Айгерим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің арасында түзілген жер учаскесін жалға беру туралы 18 наурыз 2011 жылғы №002/392 үлгілік шарты жарамсыз деп танылған.
Шымкент қалалық сотының 31.07.2024 жылы қаулысына сай, аталған шешім күшінде және «Айгерим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аппеляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.
Сот қаулысы түпкілікті дайын болған соң әкімдік тарапынан мемлекеттік және қоғамдық мүдделерді қорғау мақсатында. Жер кодексінің 164-1 бабына сәйкес, заңсыз салынған құрылыстарды өз есебінен бұзу арқылы жер учаскесін бастапқы қалпына келтіруді міндеттеу туралы талап-арыз сотқа жолданатын болады, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.